Жаңалықтар

Бұқаралық спортқа жол ашатын орта

Қауіпсіз әрі жайлы қала қалыптастыру тек жол, жарық, абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылыммен шектелмейді. Оның маңызды өлшемдерінің бірі – тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау. Әсіресе, балалардың аулада еркін ойнап, жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына, ал, ересектер мен аға буын өкілдерінің дене белсенділігін сақтауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырудың маңызы зор. Бұл ретте спорт нысандарының қолжетімділігімен қатар, олардың тұрғындардың жас ерекшелігі мен сұранысына сай болуы да өзекті.

Коллаж жасаған Арайлым КӨКТАЕВА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аударып, спорт нысандарының қажеттілігін жан-жақты зерделеуді тапсырды.

– Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек, – деді Президент.

Бұл міндеттің мәні – жаңа нысандар салумен ғана шектелмей, әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыру. Өйткені, бұқаралық спорттың дамуы ең алдымен адамның күнделікті өмір сүретін ортасынан басталады. Үй маңындағы алаңқайдың жағдайы, аула клубтарының жұмысы, тегін секциялардың қолжетімділігі – осы бағыттағы маңызды көрсеткіштер.

Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде өңірде 1 607 спорт ұйымы жұмыс істейді. Олардың қызметімен 460 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Облыстағы 39 спорт мектебінде 28 485 бала тәрбиеленуде. Оның 5 984-і ауылдық жерде тұрады. Балалардың спортқа қызығушылығын арттыруда мектеп секциялары мен аула клубтарының орны бөлек. Қазір облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 64 826 оқушыны қамтитын 4 350 спорт секциясы жұмыс істейді. Колледждерде 8 060 адамды біріктіретін 205 секция болса, жоғары оқу орындарында 5 248 студент спорттың түрлі бағытымен айналысады. Бұған қоса, 1 813 адамды қамтитын 12 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы бар.

Ауладағы спорттық ортаны қалыптастыруда балалар-жасөспірімдер клубтарының да үлесі зор. Өңірде осындай 85 клуб жұмыс істеп, 7 173 баланы қамтып отыр. Оның алтауы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл клубтарда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына да жағдай жасалған. Атап айтқанда, тәрбиеленушілердің 797-сі – күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан балалар, 62-сі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияда және мектепішілік есепте тұрғандар. Клубтар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, қала мен аудан әкімдіктерінің қарамағында жұмыс істейді.

Спорттың қолжетімділігі қоғамның барлық мүшесіне ортақ мүмкіндік болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мүгедектер спорты бойынша облыстық мектепте қимыл-тірек аппараты бұзылған, есту және көру қабілеті төмен 412 адам спорттың 17 түрімен айналысады. Жақында сал ауруы бар балаларға арналған бочча бөлімшесі ашылды.

Сонымен қатар, 2022 жылдан бері аутизмі, Даун синдромы бар және психикалық дамуы тежелген балаларға жүзумен айналысуға мүмкіндік беретін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл жобаға Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларынан 240 бала қатысуда. Теміртау мен Қарағандыда аталған санаттағы балаларға арналған жеңіл атлетика сабақтары да ұйымдастырылған. 

Әрине, бұқаралық спорттың өрісін кеңейту үшін инфрақұрылымның да талапқа сай болуы қажет. Биыл облыста Приозерск қаласында, Шет ауданының Кеншоқы ауылында, Ақтас кентінде және Қарқаралы ауданының Көктас ауылында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қазір бірқатар елді мекенде жаңа спорт нысандарының құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында Қарағайлы, Жарлы, Доскей, Өспен ауылдары, Қушоқы кенті мен Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданы бар. Бұдан бөлек, Қарқаралы қаласында стадион, Ақсу-Аюлы кентінде жүзу бассейні, облыс орталығында футбол академиясы салынуда.

Жалпы, өңірдегі спорттық өмірдің ауқымы бұқаралық іс-шаралардан да байқалады. Биыл 198 517 адамды қамтыған 3 269 спорттық-бұқаралық шара өткізілді. Оның 106 мыңнан астам қатысушысы ауылдық жерлердің тұрғындары. «Balkhash Tour Fest 2026», «BaiQymyz-2026» фестивальдері мен түрлі санаттағы спартакиадалар тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Ұлттық спорттың 11 түрімен 38 378 адам айналысады. Бұл да өңірде спорт мәдениетінің дәстүрлі және заманауи бағытта қатар дамып келе жатқанын көрсетеді.

Түптеп келгенде, бұқаралық спорттың дамуын тек медальдар мен жарыс нәтижесі арқылы бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – баланың үйінің жанында жаттығатын алаңы, жасөспірімнің тегін секцияға қатысу мүмкіндігі, ересектер мен егде жастағы тұрғындардың дене белсенділігін сақтайтын қолайлы ортасы болуы. Сондықтан, алдағы міндет – жаңа нысандар салумен қатар, қолданыстағы аула алаңдарының жағдайын жақсарту, спорт секцияларының қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың нақты сұранысын ескеру. Өйткені, спортқа жол ашатын орта – дені сау ұрпақ пен жайлы қаланың маңызды негізі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button