Адал еңбекпен келген аграрлық жетістік
Мемлекет басшысы еңбекқорлықты, жауапкершілік пен өз ісіне адалдықты жасампаз әрі озық ұлтқа тән қасиеттер ретінде атады. Мол өнім – әрбір шаңырақтың дәулеті мен әр дастарқанның берекесінің кепілі. Қолайсыз ауа райына қарамастан, диқандар ауыл шаруашылығы дақылдарынан 24,5 млн тонна өнім жинады. Қазақтың «Еңбек төрге оздырады» деген нақыл сөзі негізгі қағидатты білдіреді: құрметке ел мен халық игілігі жолындағы адал еңбек арқылы қол жеткізіледі.

Сонымен қатар Президент соңғы жеті жылда агроөнеркәсіптік кешеннің айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті. Азық-түлік өндірісі 28%-ға артты, жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Соңғы үш жылда азық-түлік өнімдерін шығару көлемі шамамен 15%-ға, өсімдік майын өндіру 36%-ға, ет-сүт өнімдерін өндіру 25%-ға өсті.
АӨК өнімдерінің экспорты екі есе артып, 7 млрд долларға жуықтады, экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 52%-ға жетті. Соңғы 20 жылда алғаш рет цифрлық технологияларды қолдана отырып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді.
Үкімет пен салалық министрлікке жайылымдарды ұтымды пайдалану және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі шаруалардың ұсыныстарын ескеру тапсырылды. Міндет – қолда бар әлеуетті ашып, Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайту.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесін ретке келтіруді талап етті. «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да бағдарламалар көп жағдайда бірін-бірі қайталайды. Әрбір бастаманың нақты мақсаты болып, ол ауыл тұрғындарына шынайы пайда әкелуге тиіс.
Салалық министрліктің дерегінше, өткен жылдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасы аясында 500-ге жуық ауылда жалпы сомасы 173 млрд теңге болатын 921 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Бәлкім, осы жұмыстың нақты нәтижелерін тексеретін уақыт келген шығар. Айтылған сандарға сенуге бола ма?
«Ауыл аманатына» 150 млрд теңге бөлініп, 22 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы бағдарламалардың іс жүзіндегі нәтижелерін, соның ішінде жұмыс орындарының сақталуын тексеруді тапсырды. Бюджет шығыстарының тиімділігі адамдардың өміріндегі нақты өзгерістермен өлшенуге тиіс.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



