ЖаңалықтарРесми

Мемлекеттік тіл: межелер мен міндеттер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдің жаңа даму кезеңіндегі басым міндеттерді айқындап, ұлттық бірлік пен қоғамдық сананы нығайтудың маңызын атап өтті. Ал, 10 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X Құрылтайында сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орнына арнайы тоқталып, оның білім, ғылым, мәдениет және цифрлық технологиялар салаларындағы қолданысын кеңейту қажеттігін айтты. Президент қазақ тілін ел бірлігі мен азаматтық тұтастықты нығайтатын басты құндылықтардың бірі ретінде бағалап, оны дамытудың жаңа міндеттерін белгіледі.

Сурет egemen.kz

Бұл бағыттағы бастамалар өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға да тың серпін беріп отыр. Соның ішінде, Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру және мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымын қазақшалау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аймақтағы тіл саясаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылуда. Осы құжатқа сәйкес Қарағанды облысы әкімдігінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №86/05 қаулысымен өңірлік іс-қимыл жоспары бекітілген. Онда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесін арттыру, тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контент көлемін ұлғайту міндеттері белгіленген.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаеваның айтуынша, бұл жұмыстардың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысын арттырып қана қоймай, оны күнделікті қарым-қатынастың, білім мен ғылымның, заманауи технологиялардың тіліне айналдыру.

– Мемлекеттік тіл саясаты бір реттік шаралармен немесе белгілі бір көрсеткіштерді орындаумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – қазақ тілінің қоғамдық ортадағы нақты қолданысын кеңейту. Ол үшін тұрғындардың тіл меңгеруіне қолайлы жағдай жасап, оқыту әдістемесін жетілдірумен қатар, мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының сапалы жүргізілуіне де басымдық беріп отырмыз. Тіл саясатының нәтижесі есептегі көрсеткішпен қатар, азаматтардың күнделікті өмірде мемлекеттік тілді еркін пайдалануынан көрінуі тиіс, – дейді Алма Шалабаева.

Тұжырымдамадағы негізгі көрсеткіштердің бірі – мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру. Құжатқа сәйкес, облыста бұл көрсеткіш 2026 жылы 69 пайызға жетуі тиіс. Алдағы үш жылда межені кезең-кезеңімен өсіріп, 2029 жылы 70,5 пайызға жеткізу көзделген. Осы мақсатта өңірдегі тілдік ахуалды зерделеу және тұрғындардың әлеуметтік-лингвистикалық қажеттіліктерін анықтау үшін жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Оған облыс қалалары мен аудандарының тұрғындары қатысады. Зерттеу нәтижесінде мемлекеттік тілді және бірнеше тілді меңгерген азаматтардың үлесі, сондай-ақ, тілдік ортаға қатысты өзге де көрсеткіштер айқындалады. 2025 жылғы нәтижелер өңірде қазақ тілін меңгеруге деген сұраныс пен оның қоғамдық қолданысының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсеткен.

Тағы бір маңызды бағыт – мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесін арттыру. 2026 жылға белгіленген меже – 92,5 пайыз. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін облыстағы мемлекеттік мекемелердің шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, ішкі құжат айналымының жай-күйі де назардан тыс қалмайды.

Мониторинг қорытындылары мемлекеттік мекемелерге мерзімді тексеру жүргізу жоспарын қалыптастыру кезінде ескерілетін өлшемшарттардың бірі саналады. Тексеру барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының орындалуы қаралады. Бұл жұмыстар Бас прокуратураның «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылы жоспарлы тексеріспен 30 мемлекеттік мекемені қамту көзделген. Оның 15-і бірінші жартыжылдықта тексерілсе, интернет-ресурстарында тіл туралы заңнама талаптарын толық орындамаған тағы 15 мекемеге екінші жартыжылдықта тексеру жүргізілуде.

Алдағы жылдары тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге де ерекше мән берілмек. Тұжырымдамада жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өтетін азаматтардың саны жыл сайын артып отыруы көзделген. Мәселен, 2026 жылы 2831 адамды қамту жоспарланса, 2029 жылы бұл көрсеткішті 3155 адамға жеткізу межеленген. Мұндай жұмыстар мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтардың мүмкіндігін кеңейтіп, тілдік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

– Қазір қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттырумен қатар, оны оқытудың заманауи тәсілдерін енгізу маңызды. Әр адамның тіл меңгеру деңгейі мен қажеттілігі әртүрлі. Сол себепті, оқыту бағдарламалары да соған бейімделуі қажет. Бұған қоса, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыру, сапалы контент әзірлеу және терминологиялық қорды жүйелеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз, – дейді басқарма басшысы.

Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту да өңірлік тіл саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте терминологиялық қорды реттеу, ғылыми айналымдағы қазақша ұғымдарды біріздендіру көзделген. Өйткені, ғылым мен технология дамыған сайын жаңа терминдер пайда болып, оларды ана тілімізде сауатты қалыптастыру қажеттілігі арта түседі.

Сонымен қатар мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесін көбейту міндеті тұр. Тұжырымдама бойынша бұл көрсеткіш 2026 жылы 84,5 пайызды құрауы керек. Ал, 2029 жылға қарай 86 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл – қазақ тіліндегі ақпараттық өнімдердің көлемін ғана емес, мазмұны мен сапасын да арттыруға бағытталған жұмыс.

Жалпы, тіл саясатының тиімділігі белгіленген межелердің орындалуымен ғана өлшенбейді. Мемлекеттік тілдің күнделікті қызмет көрсету саласында, білім беру мен ғылымда, ақпарат кеңістігінде және қоғамдық қарым-қатынаста қаншалықты орныққаны маңызды. Президент атап өткендей, қазақ тілін дамыту – ел бірлігін нығайтудың да маңызды тетігі. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button