МедицинаБас тақырып

ҚарМУ медицинаға арналған ЖИ жобаларын әзірлеуде

Жасанды интеллект медицина саласына да тың мүмкіндіктер әкеліп, денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық білім берудің жаңа бағыттарын қалыптастыруда. Осы үдерістен Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университеті де шет қалмай, AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында цифрлық технологияларды оқу үдерісі мен медициналық тәжірибеге бейімдеуге бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі – дәрігердің интеллектуалды көмекшісін әзірлеуді көздейтін AiMed Voice жобасы.Бастапқыда жоба дәрігер мен пациент арасындағы диалогты автоматты түрде өңдеп, жүйелеу технологияларын жасауға бағытталды. Мұндай шешім медициналық құжаттаманы рәсімдеуге жұмсалатын уақытты қысқартып, дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, медицина мамандары қағазбастылыққа емес, пациентті тексеруге, оның жағдайын бағалауға және клиникалық шешім қабылдауға көбірек көңіл бөле алады.

Университет оқытушылары мен студенттерінен құралған пәнаралық команда дәрігердің цифрлық көмекшісінің жұмыс істейтін прототипін әзірлеп те үлгерді. Дегенмен, медициналық ақпараттың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, жоба авторлары дербес деректерді қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікке айрықша мән беріп отыр. Сондықтан, әзірлеме әзірге зерттеу және эксперименттік кезеңде жүзеге асырылуда. Оны клиникалық тәжірибеге енгізу үшін алдымен сенімділігі мен қауіпсіздігі жан-жақты тексеріліп, қажетті сынақтардан өтуі қажет.

Зерттеу барысында команда медициналық білім беру саласында да жасанды интеллектіні қолданудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды. Соның нәтижесінде «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеу бағыты қолға алынды. Бұл технология болашақ дәрігерлерге цифрлық ортада тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіруге жол ашады. Атап айтқанда, студенттер модельденген науқастың анамнезін жинауды, клиникалық жағдайды саралауды, медициналық тұрғыдан ой қорытып, шешім қабылдауды үйренеді. Маңыздысы, симулятор нақты пациенттердің жеке мәліметтерін пайдаланбай, синтетикалық деректер негізінде жұмыс істеуге бағдарланған.

AI-Sana ұлттық бағдарламасына қатысу университет үшін тек жаңа цифрлық өнімдер әзірлеумен шектелмейді. Бұл – болашақ медицина мамандарының жасанды интеллектіні сауатты, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қадам. Өйткені, технологияның мүмкіндігін меңгерумен қатар, оның шектеулерін түсіну, алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және кәсіби шешім қабылдауда адам факторын ескеру де маңызды.

Университет алдағы уақытта пәнаралық зерттеулерді жалғастырып, студенттерді ғылыми жобаларға кеңінен тартуды және цифрлық шешімдерді білім беру үдерісіне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарда ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және медициналық шешім қабылдауда дәрігердің жетекші рөлін сақтау басты назарда болмақ.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button