ЖаңалықтарБас тақырып

Шағын шеберханадан – шартарапқа

Құрыш қаланың өндірістік қуаты алып пештерде балқыған болатпен ғана өлшенбесі кәдік. Металлургияның күрделі тетіктері мен технологиялық жабдықтарын жасап, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне үлес қосып отырған жергілікті кәсіпорындардың да бұл саладағы орны айрықша. Өйткені, ірі өнеркәсіптің өрісі онымен сабақтас өндірістердің дамуымен де кеңейеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Qarmet кәсіпорнын арнайы мысалға алып, өңірдегі негізгі саланың төңірегінде білім, ғылым, қызмет көрсету және сабақтас өндірістерді қамтитын біртұтас жүйе қалыптастырудың маңызын атап көрсетті. Осы міндеттің нақты көрінісі – Теміртаудағы «Инкар-1» машина жасау кәсіпорны. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын шағын шеберханадан бастау алған өндіріс бүгінде еліміздің ірі өнеркәсіп ошақтарына қажетті күрделі бөлшектер мен жабдықтар әзірлейтін кәсіпорынға айналып үлгерді. Күні кеше «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауының «Өндіріске арналған тауарлар» аталымында үздік деп танылды.

Суреттер кәсіпорынның баспасөз қызметінен.

Алғашқы қадамдар

Кәсіпорынның қалыптасу тарихына үңілсек, бүгінгі өндірістің іргетасы 1998 жылы қаланған. Ол кезде Теміртаудағы небәрі 60 шаршы метрлік шағын шеберханада екі токарь станогы мен үш жұмысшы ғана болған. Алғашқы тапсырыстар да аса күрделі емес, өндірістік жабдықтарға қажетті қосалқы бөлшектер мен жекелеген тетіктерді әзірлеуден басталды. Әйткенмен, машина жасаудың өзіндік машақаты бар. Әр бөлшектің дәлдігі, материалдың беріктігі, жабдықтың техникалық талапқа сәйкестігі айрықша жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, кәсіпорынның дамуы өндірістік тәжірибе жинақтаумен, инженерлік мүмкіндіктерді кеңейтумен және күрделі тапсырыстарды игерумен қатар жүрді.

– Жылдар бойы шығарылатын өнім түрлерін едәуір көбейтіп, өндірістік базамызды нығайттық. Одан әрмен өзіміздің инженерлік-техникалық әлеуетімізді жетілдірдік. Бастапқыда жекелеген бөлшектерді жасаумен айналыссақ, кейін күрделі тораптар мен жабдықтарды өндіруге, кешенді өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға көштік. Бүгінде тапсырыс берушінің техникалық талабына сай бұйым әзірлеумен қатар, оның конструкторлық құжаттамасын жасап, бұрыннан қолданыстағы жабдықтардың сызбаларын қайта қалпына келтіру жұмыстарын да атқарамыз, – дейді кәсіпорын басшысы Қуандық Нұрпейісов.

Қуандық Балтабайұлының айтуынша, машина жасауда дайын сызба бойынша бөлшек өндіру бір бөлек, ал, тозған немесе істен шыққан тетіктің үлгісіне қарап, оның құрылымын қайта жобалау әлдеқайда күрделі жұмыс. Өндірісте кері инжиниринг деп аталатын осы тәсілді меңгеру кәсіпорынға тапсырыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берген.

Күрделі тапсырыс, толысқан тәжірибе

Бүгінде «Инкар-1» кәсіпорнында 105 адам еңбек етеді. Мұнда металл өңдеу, өнеркәсіптік жабдықтарды жобалау, жасау, жөндеу және жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіледі. Әсіресе, металлургиялық комбинаттардың агломерациялық, домна, болат балқыту және прокат өндірістеріне қажетті тетіктер мен технологиялық тораптар әзірлеу жолға қойылған.

Тау-кен кәсіпорындарына арналған жабдықтар, кен ұсатуға қажетті торлар, арнайы траверстер мен құбыр тораптары да өндіріс ауқымын айқындай түседі. Әр тапсырыстың өзіндік техникалық ерекшелігі болғандықтан, бұйым әзірлеу ісі конструкторлық құжаттамадан басталып, металды кесу, механикалық өңдеу, дәнекерлеу, құрастыру және сапасын тексеру кезеңдерімен жалғасады.

Кәсіпорынның инженерлік әлеуетін танытатын бір көрсеткіш – осы уақытқа дейін жұқа табақты металды өңдеуге арналған 50-ден астам өндірістік желінің жасалып, тапсырыс берушілерге жеткізілуі. Бұдан бөлек, тапсырыс негізінде жер қазу-сору кемесі де жобаланып, құрастырылған. Алғашқы техникадан кейін тапсырыс берушінің тағы төрт машинаға сұраныс білдіруі атқарылған жұмыстың өндірістік маңызын аңғартады.

Қазір теміртаулық машина жасаушылардың өнімдеріне еліміздің ірі өнеркәсіп ошақтары да сұраныс танытып отыр. Олардың қатарында Qarmet, «Қазақмыс» корпорациясы, ERG тобына қарасты кәсіпорындар, ALSTOM Kazakhstan және цемент өндірісі саласындағы тапсырыс берушілер бар. Әсіресе, металлургиялық комбинаттармен қалыптасқан өндірістік байланыс жергілікті кәсіпорынның дамуында елеулі орын алады. Өйткені, ауқымды өнеркәсіп орындарының жұмысында қолданылатын жабдықтардың жекелеген бөлшектерін дер кезінде әзірлеу де, қолданыстағы механизмдерді қалпына келтіру де жоғары дәлдік пен технологиялық жауапкершілікті талап етеді.

Импортты алмастырған отандық өнім

Отандық машина жасау саласының әлеуеті, ең алдымен, бұрын сырттан жеткізілген жабдықтарды өзімізде өндіре алу мүмкіндігімен айқындалады. Бұл бағытта теміртаулық кәсіпорынның қол жеткізген нәтижелері назар аударарлық. Соның бірі – үздіксіз болат құю машиналарына арналған екінші реттік салқындату коллекторларын игеруі. Бұрын Қытай мен Түркиядан сатып алынған бұл жабдықтар бүгінде Теміртауда әзірленеді. Балқыған металды қалыпқа келтіру үдерісінде қолданылатын коллекторлардың сапасы мен техникалық дәлдігіне қойылатын талап та жоғары.

– Біз үшін импортты алмастыру дегеніміз – оның өндірістік технологиясын меңгеріп, сапалы өнім ұсына білу. Бұрын дайын күйінде жеткізілген салқындату коллекторларын қазір өзіміз әзірлейміз. Металды кесу, механикалық өңдеу, құбыр элементтерін қалыптастыру, дәнекерлеу, құрастыру және сынақтан өткізу жұмыстары Теміртауда жүргізіледі. Бұл бұйымдардағы жергілікті қамтудың орташа есептік үлесі 82,7 пайызды құрайды. Әрбір дайын коллектор 3 атмосфера қысыммен сумен тексеріледі. Өнімнің сапасына қойылатын талап қатаң, – дейді Қуандық Балтабайұлы.

Аталған жабдықтарды өндіру 2017 жылы игерілген. Содан бері бұл өнім бойынша тіркелген сапаға қатысты шағым болмаған. Ал, биыл алты жинақтан тұратын, жалпы, саны 96 коллекторға тапсырыс қабылданған. Мұның өзі жергілікті машина жасаушылардың күрделі технологиялық жабдықтарды әзірлеу ісінде тәжірибе жинақтап, өндірістік кооперациядағы орнын нығайтып келе жатқанын аңғартады. Әрі отандық кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс беру мәселесінің өнеркәсіпті дамытудағы маңызын көрсетеді.

Өндірістің өркенін маман өсіреді

Өндірістің өрісін кеңейтуде заманауи жабдықтармен қатар, оны игерген мамандардың біліктілігі де шешуші мәнге ие. Кейінгі жылдары тапсырыс көлемінің артуына байланысты «Инкар-1» өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге ден қойған. Биыл негізгі өндірістік алаңға іргелес орналасқан қосымша құрастыру цехы жалға алынып, толық пайдалануға берілді. Ал, кәсіпорынның алғашқы күндерінен қалыптасқан инженерлік тәжірибе бүгінде күрделі техникалық міндеттерді шешуге жол ашып отыр.

Мұндай еңбектің қыр-сырын инженер-конструктор Дәулет Ұруов жақсы біледі. Ол осы кәсіпорында 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биыл кәсіби шеберлігі мен салаға сіңірген еңбегі үшін «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталған. Өндірістің қалыптасу кезеңдерін көзімен көрген маман кәсіпорынның бүгінгі мүмкіндіктері бұрынғыдан әлдеқайда кеңейгенін айтады.

– Алғашында өндіріс бір ғана ғимаратта орналасқан еді. Содан бері кәсіпорынның қалай өсіп, өрісін кеңейткенін көзімізбен көрдік. Қазір, шүкір, бес бірдей ғимаратта жұмыс істеп жатырмыз. Түрлі компаниялардың тапсырыстарын орындаймыз. Кейде олардың өндірістегі белгілі бір бөлшектері істен шығады. Мұнда әр тапсырыс дайын үлгімен орындала бермейді. Кейде қолданыстан шыққан немесе бүлінген бөлшектің техникалық құрылымын қайта қалпына келтіріп, оны өндірістік талапқа сәйкестендіруге тура келеді. Мұндай жұмыс инженерлік есеп пен дәлдікті, әрі мол тәжірибені қажет етеді. Сондай жағдайда арнайы тапсырыс бойынша қажетті тетіктің сызбасын әзірлеп, сол арқылы жаңасын жасап шығарамыз, – дейді Дәулет Ұруов.

Білікті жұмысшы даярлау мәселесі де кәсіпорын назарынан тыс қалған емес. Атап айтқанда, 2014 жылдан бері Теміртау жоғары политехникалық колледжімен әріптестік орнатылып, Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамымен (GIZ) бірлесіп, дуалды оқыту жүйесі бойынша мамандар даярланған. Осы ынтымақтастық нәтижесінде 15 түлек кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Ал, 2018 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту орталығы ашылды. Мұнымен шектелмей, «Жас маман» бағдарламасы аясында оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да атсалысқан. Мәселен, 2021 жылы Теміртау мен Қарағандыдағы білім беру ұйымдарына жапондық Okuma және немістің DMG Mori станоктары жеткізіліп, пайдалануға берілген.

Жетістік пен келешек межесі

Жылдар бойы қалыптасқан өндірістік тәжірибе мен ұжымдық еңбектің нәтижесі де елеусіз қалған жоқ. «Инкар-1» кәсіпорны 2016 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иеленіп, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында жеңімпаз атанды. Ал, 2017 жылы әлеуметтік жауапкершілігі үшін Теміртау қаласы әкімінің «Адал» сыйлығына ие болды. 2018 жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша үздік деп танылды. Сол жылы «Парыз» республикалық байқауының «Үздік ұжымдық шарт» аталымында жеңіске жетті.

Мұндай жетістіктердің негізінде өндірістік көрсеткіштермен қатар, еңбек адамына жасалған жағдай да жатыр. Кәсіпорында ұжымдық шарт аясында қызметкерлерге қосымша төлемдер мен ынталандыру сыйақылары қарастырылған.

Дегенмен, машина жасау саласында шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның ең өзектісі – білікті маман тапшылығы. Бүгінде кәсіпорынға тәжірибелі токарьлар, электргазбен дәнекерлеушілер, фрезершілер, цифрлық бағдарламалық басқаруы бар станок операторлары мен технологтар қажет. Өйткені, заманауи жабдықтың мүмкіндігін толық пайдалану, күрделі тапсырысты уақытылы әрі сапалы орындау, жаңа өнім түрлерін игеру ең алдымен кәсіби біліктілікке байланысты. Бұған қоса, өндірісті қажетті шикізатпен, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру да саланың дамуына тікелей әсер етеді.

Алдағы уақытта «Инкар-1» өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттырып, тау-кен металлургия кешеніне қажетті жабдықтар түрін көбейтуді, күрделі тетіктерді қайта жобалау бағытындағы инженерлік мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр. Мұндай міндеттердің жүзеге асуы ірі өнеркәсіп орындары мен отандық машина жасаушылар арасындағы ынтымақтастыққа да тәуелді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button