Қарағандыда үздік учаскелік полицейлер анықталды
Ішкі істер министрінің тапсырмасының аясында облыс әкімдігі мен облыстың Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Үздік учаскелік полиция инспекторы» респуликалық байқауы өтті. Оған елдің түпкір-түпкірінен 20 тәртіп сақшысы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, облыстық Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов пен облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев арнайы қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Сайыс барысында полицейлердің кәсіби біліктілігі, қызметтік міндеттерін жетік білуі және тәжірибелік машықтары жан-жақты тексерілді. Қазылар алқасы, әсіресе, құқық бұзушылықтың алдын алу, халықпен тиімді байланыс орнату және төтенше, күрделі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетіне баса назар аударды.

Өңір басшысы учаскелік инспекторлардың қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, ел ішіндегі ахуал мен тұрғындардың өзекті мәселелерін жіті білетінін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамымызды дамытудың маңызды бағдарларының бірі ретінде айқындады. Алайда, заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана қатысты ұғым емес. Бұл, ең алдымен, әр азаматтың өз құқығы қорғалатынына, әділдіктің сөз жүзінде ғана қалмайтынына және мемлекет қажет кезде көмекке келуге дайын екеніне деген сенімі. Осы ретте сіздерге – учаскелік инспекторларға жүктелер жауапкершілік айрықша. Өйткені, көптеген азамат үшін мемлекет ұғымы биік мінберлер мен үлкен кабинеттерден емес, көмек сұрап жүгіне алатын нақты адамнан басталады. Өз аумағын, әр көшесін, отбасылар мен тұрғындардың мәселелерін бес саусақтай білетін, заң талаптарын орындатумен ғана шектелмей, халықтың сөзін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ аса алатын учаскелік инспектордан басталады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұдан соң ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов сөз алып, құттықтау сөз сөйледі.
– Учаскелік инспектор – полицияның халықпен байланысын қамтамасыз ететін негізгі өкіл. Өйткені ол тұрғындармен тікелей жұмыс істейді, олардың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін жақсы біледі әрі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Мемлекет басшысы учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеруге және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл сіздер атқарып жүрген қызметтің қоғам өміріндегі маңызын айқын көрсетеді, – деді комитет төрағасы.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкері, полиция майоры Бауыржан Сарыбаев жеңіп алды. Оған ҚР Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Ішкі істер саласында 14 жылдан астам еңбек өтілі бар, оның ішінде жеті жылын учаскелік инспектор қызметіне арнаған.

– Учаскелік инспектордың басты міндеті – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Ол үшін тұрғындармен үнемі байланыста болып, өз учаскеңдегі ахуалды жіті біліп отыру қажет. Әр адамға түсіністікпен қарап, оның мәселесіне бейжай қарамау керек. Өйткені, біздің жұмысымызда тұрғындардың сенімі айрықша мәнге ие, – деді жеңімпаз.
Түркістан облысынан келген полиция майоры Түлеби Қолманов жүлделі ІІ орынды иеленіп, «ІІМ үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, ІІІ орынға Жамбыл облысы Полиция департаментінің өкілі, полиция капитаны Мырзатай Мекенбай лайық деп танылып, ҚР Ішкі істер министрінің грамотасына ие болды.
Сонымен қатар іс-шара аясында Қарағанды облысының үздік учаскелік инспекторларына да құрмет көрсетілді. Өңір басшысы дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан қалалық және ауылдық жердегі үздік инспекторларға 2 миллион теңгеден қаржылай сертификат табыстады. Нәтижесінде, «Үздік қалалық учаскелік полиция инспекторы» аталымын Саран қаласы Полиция бөлімінің қызметкері, полиция подполковнигі Айдар Маканов иеленсе, «Үздік ауылдық учаскелік полиция инспекторы» атағы Ақтоғай ауданының өкілі, полиция аға лейтенанты Жандос Қыдыргелдіге бұйырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



