Мемлекеттік аппаратқа жаңа талап
Мемлекеттің тұрақты дамуы басқару жүйесінің тиімділігіне, қабылданған шешімдердің сапасына және сол шешімдердің халық өміріне нақты әсер етуіне тікелей байланысты. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау да мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі кезеңде басқару құрылымын заман талабына сай жаңғыртып, мемлекеттік қызметтің мазмұны мен жұмыс тәсілін қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.

Мемлекеттік басқару жүйесі уақыт талабынан қалыс қалмауы керек. Әсіресе, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейген қазіргі кезеңде мемлекеттік органдардың жұмыс тәсілін өзгерту маңызды. Бұл – тек жаңа технологияларды енгізу емес, ең алдымен, басқару мәдениетін қалыптастыру, шешім қабылдау үдерісін жеделдету және мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру деген сөз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік мекемелерді бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандырып, қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою міндетін қойды. Сонымен қатар, мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылтып, шешім қабылдауға кедергі келтіретін рәсімдерді қысқарту керектігін айтты.
Бұл талаптар қоғамдық қауіпсіздік саласы үшін де айрықша маңызды. Өйткені, төтенше жағдай, құқық бұзушылық немесе азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төнген сәтте әрбір минуттың маңызы бар. Мұндай жағдайда мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмыс, ақпарат алмасудың жеделдігі және жауапты мамандардың нақты шешім қабылдай білуі шешуші рөл атқарады.
Мәселен, қоғамдық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың арыз-шағымдарына уақытылы жауап беру – бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысын талап ететін бағыттар. Егер мекемелер арасындағы міндеттер нақты бөлінбесе немесе ақпарат алмасу жүйесі баяу жұмыс істесе, мәселенің шешілуі де кешеуілдейді. Сондықтан мемлекеттік аппараттың әрбір буыны өз өкілеттігін ғана емес, тұтас басқару жүйесінің қалай жұмыс істейтінін де білуге тиіс.
Осы ретте жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттілігі артады. Атап айтқанда, деректерді жедел саралау, тәуекелдерді алдын ала анықтау, азаматтардың өтініштерін өңдеу және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды автоматтандыру басқару тиімділігін арттыра алады. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп қана қоймай, адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтуға да мүмкіндік береді.
Мемлекеттік аппараттың тиімділігі оның құрылымымен ғана емес, онда қызмет ететін мамандардың біліктілігімен де өлшенеді. Президент Жолдауда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейіне назар аударып, жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу қажеттігін айтты. Мемлекеттік қызметші ең алдымен Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс екенін атап өтті.
Президент атап өткендей, елімізге жекелеген өзгерістер емес, шынайы реформа қажет. Бұл ретте көзбояушылыққа жол бермей, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған құқықтық және қаржылық шараларды кешенді түрде жүзеге асыру маңызды. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын ұсынуды тапсырды.
Жалпы, мемлекеттік аппаратты жаңғырту – басқару құрылымын өзгерту немесе жаңа технологияларды енгізумен шектелмейтін ауқымды міндет. Оның түпкі нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрінуі тиіс. Қауіпсіз орта, сапалы мемлекеттік қызмет, заң үстемдігі, жедел шешім және халықтың билікке деген сенімі – тиімді басқарудың негізгі көрсеткіштері.
Жаңа тарихи кезеңде Қазақстанның алдында тұрған міндет те осы. Мемлекеттік аппарат заман талабына бейімделіп қана қоймай, қоғамның сұранысына сай жұмыс істеуі керек. Өйткені, кез келген реформаның басты өлшемі – қабылданған құжаттар мен берілген тапсырмалар емес, оның халық өміріне әкелген нақты нәтижесі.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
Ortalyq Qazaqstan



