Қазақстан жасөспірімдер Олимпиадасын сегіз медальмен аяқтады
Қазақстан құрамасы Сенегал астанасы Дакар қаласында өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасындағы жарыстарды сегіз медальмен қорытындылады. Отандастарымыз екі алтын, үш күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҰОК.

Олимпиада чемпионы атанған спортшылар қатарында дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Фатима Супығалиева мен велоспорттың тасжолдағы жекелей жарысында топ жарған Әнел Ташбай бар.
Күміс жүлдені бокстан 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ақнұр Тұрсынғали мен 70 келіге дейінгі салмақтағы Бибарыс Аширбай иеленді. Сондай-ақ семсерлесуден Айбар Қайым екінші орынға тұрақтады.
Ал триатлоншы Рамазан Айнагепов, таеквондодан 63 келіден жоғары салмақта сынға түскен Любовь Юн және бокстан 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Марал Төлепберген қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 11 спорт түрі бойынша 18 спортшы өнер көрсетті. Жарыстың жабылу салтанаты 14 қарашаға жоспарланған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



