ЖаңалықтарБас тақырып

Қоңыр үн һәм классика

Қазақтың рухани қазынасында күй өнерінің орны айрықша. Ғасырлар алмасып, заман жаңарғанымен, бабадан жеткен қоңыр үн өзінің табиғи болмысын жоғалтқан емес. Қайта уақыт өткен сайын тың тыныс алып, ұлттық музыка өнерінің көкжиегін кеңейтіп келеді. Күні кеше «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің «Күйден классикаға дейін» атты әсерлі кеші өтті. Ұжым бұл жолы қазақтың дәстүрлі күйлерін әлемдік классикалық туындылармен сабақтастырып, ұлттық аспаптардың жаһандық жауһарларды да әуелете алатынын дәлелдеді.

Сурет филармонияның баспасөз қызметінен

Кештің басты ерекшелігі – шығармалардың жай ғана тізбектелмей, белгілі бір тарихи-музыкалық желімен ұсынылуында. Бағдарлама шымылдығы Қорқыттың «Қоңыр» күйімен түрілді. Одан әрі Құрманғазының «Терісқақпайы» мен Тәттімбеттің «Саржайлауы» орындалды. Тәтекеңнің «Саржайлауы» сарнағанда, көз алдыңа көкмайсаға оранған кең жайлау, ауыл сыртындағы мамыражай тіршілік елестейді. Ал Кетбұғаның «Ақсақ құланы» тыңдарманды күй тілімен өрілген аңыз бен тарихтың тереңіне жетеледі.

Оркестр орындауымен қатар, жеке күйшілер де өнер көрсетіп, көпшілікке Еспайдың «Терісқақпайын», Байжігіттің «Келіншегін», Төлеген Момбековтің «Салтанатын» тарту етті. Сонымен қатар, Қошқарбек Тасбергеновтің «Сыр Ақжелеңі» мен Қаршыға Ахмедияровтың «Қосбасары» күй керуенін одан әрі жалғады.

Кеште ән мен опера жанры да тыс қалған жоқ. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Рысты Рахымжан Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Ажардың ариясын» оркестр сүйемелдеуімен нақышына келтіре орындады. Ал Бердәулет Тұрсынбай Әліби Әбдінұрдың «Аққу домбыра» әнін және Джоаккино Россинидің «Тарантелласын» шырқап, көрермен ықыласына бөленді.

Концерттің екінші бөлімінде кезек әлемдік классикаға тиді. Әдетте симфониялық оркестрдің орындауында естілетін туындылар бұл жолы домбыра, қобыз, сырнай және өзге де халық аспаптарының үнімен әрленді. Ұлттық аспаптардың тембрі еуропалық шығармаларға соны сипат дарытты. Домбыраның ширақ ырғағы мен қобыздың созылыңқы қоңыр сарыны бірін-бірі толықтырып, оркестрлік үндестікті байыта түсті.

Бұл кеште оркестрдің бас дирижері, мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев және халықаралық конкурстардың лауреаты, композитор Әбілқайыр Сағымбаев кезекпен дирижерлік етті. Олардың жетекшілігімен Моцарт, Джузеппе Верди, Лео Делиб, Оливье Метра, Джоаккино Россини және Иоганнес Брамстың танымал шығармалары орындалды.

Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасындағы күйдің бірде қоңыр самалдай есіп, бірде нөсердей төгілетінін суреттейтін жыр жолдары осындайда еріксіз еске түседі. Бұл кеште де әуен тынысы сан құбылып, байыпты күйден ширақ классикаға ұласқан ырғақ тыңдарман назарын бір сәтке де босаңсытқан жоқ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button