Ермағанбет Бөлекпаев католик епископымен кездесті
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Рим-католик шіркеуінің Қарағанды епархиясына жаңадан тағайындалған епископ Петр Пытловамен кездесті. Кездесуде конфессияаралық келісімді сақтау, діни бірлестіктермен өзара байланыс және өңірдегі қоғамдық тұрақтылық мәселелері сөз болды.

Өңір басшысы кездесуде түрлі этнос пен діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қарағанды облысы үшін қоғамдық келісім мен өзара құрметтің маңызы зор екенін атап өтті.

– Біздің өңірде түрлі этностар мен конфессиялардың өкілдері тұрады. Қоғамдық келісімді, өзара құрмет пен тұрақтылықты сақтау – басты басымдықтарымыздың бірі. Діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністікке, ел заңнамасын құрметтеу мен оны сақтауға негізделуі керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Епископ Петр Пытлова Қазақстанды, оның ішінде Қарағанды өңірін жақсы біледі. Әр жылдары Макинск және Щучинск қалаларындағы католик шіркеулерінде қызмет атқарған. Сондай-ақ Астанадағы кафедралдық соборды және Қарағандыдағы «Мария – Шіркеудің Анасы» жоғары діни семинариясын басқарған.
Өз кезегінде Петр Пытлова өңір басшысына католик қауымдастығының жұмысына назар аударып, ашық диалог орнатқаны үшін алғыс білдірді.
– Қарағанды өңірі маған жақсы таныс. Өмірімнің және қызмет жолымның елеулі бөлігі осы аймақпен байланысты. Ашық пікір алмасуға және католик қауымдастығының жұмысына қатысты мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастық жалғасады деп сенемін, – деді епископ.
Айта кетейік, Қарағанды облысының Қазақстандағы католик шіркеуінің тарихында өзіндік орны бар. Өңірде өмірінің басым бөлігін діни қызметке және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арнаған, кейіннен әулие деп танылған Владислав Буковинскийдің есімі ерекше құрметпен аталады.
Бүгінде облыста 16 католиктік діни бірлестік тіркелген. Сонымен қатар «Мария – Шіркеудің Анасы» епархияаралық жоғары діни семинариясы мен 11 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Католик қауымдастығының әлеуметтік бағыттағы қызметі де жолға қойылған. Атап айтқанда, «Каритас» қайырымдылық қоры мен ерекше қажеттіліктері бар жастарға қолдау көрсететін «Маяк» инклюзивті жастар орталығы бар.
Өңірде діни бірлестіктермен байланыс зайырлылық, заң алдындағы теңдік және ар-ождан бостандығын құрметтеу қағидаттарына негізделген. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулықты нығайтуға бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



