Білімді ұрпақ – технологиялық елдің негізі
Ұлттың болашағы бүгінгі білім беру жүйесінің сапасы мен мазмұнына тікелей байланысты. Білім беру жүйесінің алдында тек заманауи технологияларды меңгерген, сыни ойлайтын, ғылымға қызығатын бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім мен ғылымды дамытуға, адами капиталды нығайтуға және жаңа технологияларды игеруге басымдық берді.

Қоғамның дамуы ең алдымен білімді ұрпақтың қалыптасуымен өлшенеді. Технологиялық өзгерістер қарқын алған кезеңде мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын ояту және зерттеушілік қабілетін дамыту маңызды. Бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер, ғалым, ІТ-маман және ел экономикасының қозғаушы күші.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа тарихи кезеңдегі даму міндеттерін айқындап, білім мен ғылымның стратегиялық маңызына назар аударды. Бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты – заманауи талаптарға бейім, кәсіби білімі жоғары, технологияны тиімді пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу. Жолдаудағы білім саласына қатысты маңызды міндеттердің бірі – білім беру инфрақұрылымын дамыту. Президент өңірлердегі білім беру нысандарына қажеттілікті жан-жақты зерттеп, нақты талдау жүргізуді тапсырды. Ел бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланып отырғанын айтты. Бастама оқушы саны артып келе жатқан өңірлер үшін маңызды. Мемлекет басшысы мұғалімдердің жағдайына да ерекше тоқталды. Педагогтің басты міндеті – балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, артық есептілік пен қағазбастылықты азайту қажет. Президент мектептердегі цифрлық платформалар мен түрлі есептердің мұғалімге қосымша жүктеме түсірмеуі керектігін атап өтті.
Білім беру сапасын арттыру үшін цифрлық технологияларды орынды пайдалану маңызды. Облыста да осы бағытта бірқатар жұмыс қолға алынған. Атап айтқанда, мектептерде оқушылардың білім деңгейін талдауға, оқу бағдарламасын меңгерудегі олқылықтарды анықтауға арналған цифрлық құралдар енгізілуде. Мәселен, өңірдегі мектептерде EduTest.kz платформасы арқылы білім тексеру тестілеуі қолданылады. Оның көмегімен оқушылардың ағымдағы бағаларын халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелерімен салыстырып, оқу, жаратылыстану және математикалық сауаттылығын бағалауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мектепішілік бақылауды жетілдіруге арналған арнайы цифрлық модуль әзірленген. Ол тапсырмалардың орындалу мерзімін бақылап, анықталған мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.
Қарағанды облысының білім басқармасы басшысы Дулат Жекебаевтың айтуынша, цифрлық трансформацияның негізгі мақсаты – мектептерге жаңа технология енгізумен шектелмей, білім сапасы мен басқару тиімділігін арттыру.
– Білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды енгізудегі басты мақсат – тек заманауи құралдарды пайдалану емес, ең алдымен білім сапасын арттыру. Цифрлық платформалар оқушылардың білім деңгейін саралауға, олардың оқу барысында кездесетін қиындықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, әр баланың білім алу қажеттілігіне қарай жұмыс жүргізуге жол ашады. Жаңа технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізіп, олардың нақты нәтижеге бағытталуына басымдық беруіміз керек, – дейді Дулат Жекебаев.
Қарағанды облысының оқушылары республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, 2026 жылы өңірдің ауыл мектептерінен шыққан оқушылар жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада 7 медаль жеңіп алды. Оның екеуі – алтын, бесеуі – қола. Шет ауданынан Ислам Құрманбай физика пәнінен, Нұра ауданынан Кирилл Ерофеев география пәнінен алтын медаль иеленді. Ал, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Евгения Меженина биология пәнінен өткен Open International Biology Olympiad 2026 халықаралық олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Байқауға әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты.
Цифрлық құралдар мұғалімнің уақытын үнемдеп қана қоймай, әр оқушының біліміндегі олқылықты дер кезінде анықтауға жағдай жасайды. Білім сапасын бағалауда оқушылардың нақты жетістіктері де маңызды көрсеткіш саналады. Қарағанды облысында 2026-2027 оқу жылында 175 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың қабілетін ашу, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуына мүмкіндік жасау – білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен бірге, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы мен мүмкіндік теңдігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Оқушының қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы білімге, заманауи зертханалар мен цифрлық ресурстарға қол жеткізуі қажет. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаратылыстану пәндеріне арналған кабинеттерді жабдықтау, интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі жалғасуы тиіс.
Президент Жолдауында айтылғандай, қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні терең меңгерген ел ғана дамудың алдыңғы қатарынан көріне алады. Бүгінгі білім беру жүйесіне салынған инвестиция – ертеңгі ел экономикасы мен зияткерлік әлеуетінің берік негізі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»



