Қазақстанды қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет
Тарихтың тереңіне үңілсек, ұлттың ұлы мұраты әрдайым елдіктің тұғырын бекемдеу, жердің тұтастығын сақтау, ұрпақтың болашағына жол ашу болғанын аңғарамыз. Қазақ халқының сан ғасырлық шежіресінде ел болу, жер болу, өркениет көшінен қалмау идеясы ешқашан өз маңызын жоғалтқан емес. Кешегі Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығынан бастап, Абылай ханның ел бірлігін нығайту жолындағы саясаты, Алаш арыстарының азаттық пен өркениетті мемлекет құру жөніндегі арманы – барлығының түпкі мақсаты бір еді. Ол – тәуелсіз, қуатты, білімді әрі өркениетті ел қалыптастыру.

Осы тарихи мұрат бүгінгі Қазақстанның даму бағытында да айқын көрініс тауып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының алдағы басымдықтарын айқындап, жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерді белгілеген маңызды саяси құжат. Биыл тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтіп отырған еліміз үшін бұл кезеңнің тарихи маңызы ерекше. Өйткені, Тәуелсіздік – тек мемлекеттік шекара мен саяси дербестік қана емес, ол – экономикалық қуат, рухани тұтастық, ұлттық сана және болашақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан, Президент Жолдауында көтерілген мәселелердің барлығы елдің ұзақ мерзімді дамуы мен ұлттық мүддені нығайтуға бағытталған деп есептеймін.
Жолдаудағы ұлттық бірлік, заң үстемдігі, жауапты азамат қалыптастыру мәселелері де қоғамның рухани жаңғыруымен тығыз байланысты. Қай заманда да мемлекеттің беріктігі оның азаматтарының өзара сенімі мен ортақ мақсатқа жұмыла білуінен көрінеді. Елдің дамуы тек Үкіметтің немесе жекелеген мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – қоғам болып атқарар ортақ жауапкершілік. Меніңше, Президент Жолдауының басты маңызы – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындап, елдің экономикалық қуатын, технологиялық әлеуетін және қоғамдық тұтастығын нығайтуға бағытталған нақты міндеттерді белгілеуінде. Ендігі кезекте осы бастамалардың әр өңірде жүйелі жүзеге асуы, белгіленген міндеттердің нақты нәтижеге айналуы маңызды. Тарих бізге бір ақиқатты үйретті: ұлттың ұлылығы өткен тарихымен ғана емес, бүгінгі жасампаз еңбегімен және ертеңге деген сенімімен өлшенеді.
Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қасиетті жерді бүгінгі ұрпақ біліммен, еңбекпен, бірлікпен және жасампаздықпен өркендетуі тиіс.Өткенін ұлықтаған елдің болашағы баянды, тарихынан тағылым алған ұрпақтың тұғыры биік болады. Ендеше, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, жаңа дәуірдің талаптарына сай дамыған, экономикасы қуатты, рухы биік, бірлігі бекем Қазақстанды қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Осы орайда, елдің болашағына деген жауапкершілік ең алдымен әр өңірдің дамуына, туған жердің өркендеуіне қосқан үлеспен өлшенетіні анық. Қарағанды облысы үшін де Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің мәні зор. Өндірістік әлеуеті жоғары Сарыарқа өңірінде экономиканы әртараптандыру, кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, білім мен ғылымды дамыту – елдік мұратқа қызмет ететін маңызды бастамалар. Өйткені бүгінгі ұрпақтың алдындағы міндет – ата-бабадан қалған жердің байлығын игерумен шектелмей, оны келер буынға өркендеген, әлеуеті артқан, тіршілігі берекелі мекен етіп табыстау. Ол үшін әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел дамуына адал еңбегімен үлес қосуы қажет. Тәуелсіздіктің қадірін ұғыну да, оны нығайту да осындай нақты істерден басталады.
Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қасиетті жерді бүгінгі ұрпақ біліммен, еңбекпен, бірлікпен және жасампаздықпен өркендетуі тиіс…
Сағат ҚАЛИЯСҚАРОВ
Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің кіші ғылыми қызметкері



