Қарағандыда академик Арстан Ғазалиевтің мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ұйымдастырылған жиында көрнекті ғалымның ғылым мен жоғары білім саласындағы еңбегі, ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлесі мен өнегелі өмір жолы кеңінен дәріптелді.

Мерейтой аясында университеттің Ғылыми кеңесінің кеңейтілген салтанатты отырысында Арстан Ғазалиевтің ғылыми және кәсіби жолының негізгі кезеңдері мен жетістіктері сөз болды. Сондай-ақ, ғалымның Қазақстандағы ғылым мен жоғары білімді дамытуға, ғылыми және инженерлік мамандар даярлауға сіңірген еңбегіне айрықша назар аударылды.

Салтанатты жиында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков жеткізді.
«Өмірдің мәні жасалған жастың ұзақтығымен емес, артында қалған өнегемен, өлшеусіз іспен парасатталады. Осы тұрғыдан алғанда, сіздің өміріңіз білім мен ғылымға арналған, тұтас ұлттың ертеңіне жасалған қалтқысыз қызметтің жарқын шежіресі. Сіз Арқаның төсінде түп-тамыры тереңге жайылған қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтіп, отандық химияның өркендеуіне үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірісіз. Ғылым жолындағы еңбектеріңіз – уақыт тоздырмайтын мұра. Мыңға жуық іргелі ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегіңіз – соның айғағы. Сіз тек ғылымның шыңына шығып қана қойған жоқсыз, өзгені де сол биікке жетелейтін алтын көпір қаладыңыз», – делінген құттықтау хатта.

Жиынға қатысқан Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, профессор, ғылым докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеутай Сүлеймен академикпен көп жылдан бері араласып, достық қарым-қатынаста екенін атап өтті.

– Арстан Мәуленұлы – жоғары және орта білім беру саласын дамытуға зор үлес қосқан, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат. Ол Қарағандыдағы университетте сегіз жылдан астам ректор қызметін атқарды. Бұған дейін Өскеменде де жауапты қызметтерде болды. Химия ғылымдарының докторы ретінде республикада ғана емес, шетелде де танылған жаңалықтар ашты. Санкт-Петербург, Мәскеу, Пенза қалаларындағы және Еуропадағы бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Кейбір университеттердің құрметті докторы атанған. Ең бастысы, ол – кәсіби білігімен қатар, адамгершілік қасиеті жоғары, елін сүйетін азамат. Осындай тұлғамен ұзақ жылдар бойы дос болып келе жатқанымды мақтан тұтамын. 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, ең алдымен зор денсаулық тілеймін, – деді Төлеутай Сүлеймен.

Мерейтой иесінің ұлы, Қарағанды облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев те әкесінің ғылым мен білім саласындағы еңбегіне тоқталып, мерекелік шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бүгінде ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым докторы мен 46-дан астам ғылым кандидаты даярланып, оның ғылыми ізбасарлары отандық ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып келеді.

Мерейтойға орай «ҚР ҰҒА академигі А.Ғазалиевтің өмір жолы: туғанына 75 жыл толуына орай» атты кітап жарық көрді. Басылымда академиктің ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі, еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі туралы материалдар топтастырылған.
Ғалымның мерейтойына арналған шаралар легі халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. «Ғылым, білім және инновациялық технологиялар: дәстүрлер мен даму перспективалары» тақырыбындағы конференцияда органикалық синтездің заманауи технологиялары, химиялық технология мен инновациялық материалдар, биотехнология және экологиялық қауіпсіз өндірістердің даму бағыттары талқыланды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



