ЖаңалықтарСпорт

Қарағандыда жас боксшылардың халықаралық бәсекесі өтті

Әрбір жас боксшының үлкен спорттағы жеңіске жету жолы әртүрлі. Бірі аймақтық біріншілікте іріктеуден сәтті өтіп, Ақтау қаласында өтетін 2011–2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Ал республикалық додаға жолдама ала алмаған өзге спортшылар халықаралық жарыста өз шеберлігін, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсетуге мүмкіндік алды. Өйткені әрбір жарыс — жаңа тәжірибе, жаңа мүмкіндік және болашақ жетістіктерге бастайтын маңызды қадам.

Осындай мүмкіндіктер алаңына айналған жарыстардың бірі — 2026 жылғы 19–24 қазан аралығында Қарағанды қаласында өткен Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс жарысы.

Бұл жарыстың тарихы 2012 жылы Серік Сәпиевтің Лондон Олимпиадасындағы жарқын жеңісінен кейін бастау алды. Содан бері ол Қазақстан мен шет мемлекеттердің дарынды жас боксшыларын біріктіретін игі спорттық дәстүрге айналды.

Биыл Серик Сапиев атындағы бокс орталығының шаршы алаңында 2011–2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар 28 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Халықаралық жарыс Қарағанды облысының спортшылары үшін ерекше табысты болды. Жерлестеріміз жалпыкомандалық медальдық есепте қайтадан көш бастап, 30 медаль жеңіп алды: 5 алтын, 5 күміс және 20 қола. Екінші орынды Шымкент қаласының командасы, үшінші орынды Алматы облысының құрамасы иеленді.

Алайда мұндай жарыстардың басты құндылығы тек медальмен өлшенбейді. Олар жас спортшылардың өз күшіне деген сенімін арттырып, тәжірибе жинақтауына және қабілетін шыңдауына жол ашады. Дәл осындай бәсекелерде спортшының мінезі қалыптасып, жеңіске деген ұмтылысы нығаяды, болашақ жетістіктерінің берік іргетасы қаланады.

Аталған халықаралық жарыстың бірнеше жылдан бері жоғары деңгейде өткізілуіне бас демеуші — «Самұрық-Қазына» АҚ мен серіктес — «Sport Qory» спортты қолдау қорының тұрақты қолдауы зор үлес қосып келеді. Олардың көпжылдық ынтымақтастығы мен қолдауы балалар мен жасөспірімдер боксын дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, жаңа белестерді бағындыруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде.

Қарағанды облыстық бокс федерациясы «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Sport Qory» қорына тұрақты қолдауы, сенімі және қазақстандық бокстың болашағына қосып келе жатқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button