Шағын кәсіпке кең тыныс керек
Мемлекеттік мекеме сатып алатын әрбір тауардың ар жағында кәсіпорынға тапсырыс, жұмысшыға жалақы, жергілікті бюджетке салық түсімі тұр. Әйткенмен, қазына қаржысына алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәрі бірдей отандық өндірушінің еншісіне тие бермейді. Әсіресе, өндірісін енді өрістеткен шағын кәсіпорындар үшін мемлекеттік сатып алу нарығында орнығу оңай емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді тапсырды. Ендеше, бұл бастама жергілікті кәсіпорындарға қаншалықты тиімді? Қарағандының өндірістік әлеуеті осы мүмкіндікті пайдалануға қаншалықты дайын?

Мүмкіндік бар, мәселе – қолжетімділікте
Кәсіптің көзін тауып, өндірістің іргесін қалау бір бөлек те, шығарған өнімге тұрақты нарық қалыптастыру бір бөлек. Әсіресе, бастапқы кезеңдегі шағын кәсіпорын үшін тапсырыстың тұрақтылығы маңызды. Себебі өндіріс көлемін жоспарлау, шикізат қорын толықтыру, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу және жаңа жабдық сатып алу мәселелері өнімнің өтімділігімен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы салмағын атап өтіп, оны одан әрі дамытуға қатысты нақты міндеттер қойды. Президент келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде аталған саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Ал, негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келеді. Дегенмен, кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында шоғырланған. Сондықтан, бизнестің құрылымын әртараптандырып, өндірістік бағыттағы кәсіпорындарды көбейту қажеттігі туындап отыр.
– Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындардың еншісіне қалдыруға болады, – деді Мемлекет басшысы Жолдауында.
Президент сондай-ақ, өнім жеткізушілерге қойылатын талаптарды жұмсартып, кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті бәсекелестік жағдайын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ұсыныстың мәні – мемлекеттік тапсырысқа қатысатын кәсіпорындардың қатарын көбейтіп қана қоймай, олардың нарыққа шығуына кедергі келтіретін артық талаптарды азайту.
Әрине, шағын бизнесті мемлекеттік сатып алуға қатыстыру тетіктері бұған дейін де енгізілген. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа заңнамалық тәртіп аясында құны 50 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын белгілі бір тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алудың басым құқығы қарастырылған. Тиісті тәртіптің қолданылу аясы мен ерекшеліктері Қаржы министрлігінің нормативтік құжаттарында нақтыланған.
Алайда, заң жүзіндегі мүмкіндік пен оның іс жүзіндегі нәтижесі бірдей емес. Кәсіпорынның конкурсқа қатысуы үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуі, өнім сапасына қойылатын талаптарды орындауы, белгіленген мерзімде жеткізуді қамтамасыз етуі және жеткілікті айналым қаражаты болуы маңызды. Әсіресе, өндірісі енді қалыптасқан шағын бизнес үшін осы міндеттердің бірнешеуін қатар атқару елеулі дайындықты қажет етеді.
Республика көлеміндегі көрсеткіштер мемлекеттік сатып алу нарығының ауқымын аңғартады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемі 8,1 трлн теңгеге жеткен. Ал, отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың сомасы 456 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде шамамен 23 пайызға артқан.
Өндірістік әлеуеті жоғары Қарағанды облысы үшін де бұл мәселенің маңызы айрықша. Облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102 мыңға жетіп, осы салада 236 мың адам еңбек еткен. Жыл ішінде екі мың кәсіпкерлік жобаға 65,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Импорттан – отандық өндіріске
Отандық кәсіпкерлікті өркендетудің бір жолы – сырттан келетін тауарлардың орнын жергілікті өніммен алмастыру. Алайда, мұның өзі қомақты инвестицияны, өндірістік тәжірибені және тұрақты өткізу нарығын қажет етеді. Қарағандыдағы «ЦСС-КАБЕЛЬ» зауытының қалыптасу жолы осыны аңғартады. Кезінде шетелдік кабель өнімдерін жеткізумен айналысқан кәсіпорын бүгінде өз өндірісін жолға қойып, отандық нарықтағы орнын нығайтуға ден қойған.
Зауыттың негізін қалаушы әрі директоры Қайыржан Бижігіттің айтуынша, өндірісті қолға алуға нарықтағы сегіз жылдық тәжірибе негіз болған. Осы уақыт ішінде компания тұтынушылардың сұранысын зерттеп, сырттан жеткізілетін өнімдердің ерекшелігін зерделеген. Соның нәтижесінде импортқа тәуелділікті азайтып, кабель өнімдерін ел ішінде өндіру туралы шешім қабылдаған.
– Біз бұл салаға кездейсоқ келген жоқпыз. Сегіз жыл бойы кабель өнімдерін сырттан жеткізіп, нарықтың қажеттілігін, тұтынушылардың талабын зерделедік. Сол тәжірибенің нәтижесінде өз өндірісімізді ашуға бел будық. Қазір төмен кернеулі кабель түрлерін шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта электр желілеріне арналған СИП және АС сымдарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз, – деді Қайыржан Бижігіт.
Әрине, сырттан дайын тауар әкелу мен оны өзің өндірудің жауапкершілігі екі бөлек. Зауытқа қажетті жабдық сатып алу, шикізат қорын қалыптастыру, өндірістік үдерісті ұйымдастыру және өнім сапасын қамтамасыз ету едәуір қаражатты талап етеді. Осы тұста кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдау тетіктерін пайдаланған.
Атап айтқанда, былтыр «Өрлеу» бағдарламасы аясында жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен 180 млн теңге несие тартылып, қор тарапынан 72 млн теңге көлемінде кепілдік берілген. Ал, биыл өндірісті одан әрі кеңейту үшін алынған 560 млн теңгелік банктік кредит бойынша тағы 230 млн теңге кепілдік ұсынылған. Бұл қаражат жаңа жабдықтарды сатып алуға және өндірістік мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған.
Нәтиже де жоқ емес. Бүгінде кәсіпорында 15 адам еңбек етеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 800 тоннаға дейін шикізат өңдеуге есептелген. Қарағандыда жеке қойма-дүкені жұмыс істейді. Дайын өнімдер еліміздің әр өңіріне жеткізіледі.
– Бүгінде зауытта 15 адам еңбек етеді. Қолда бар өндірістік мүмкіндік жылына 800 тоннаға дейін шикізат өңдеуге есептелген. Бытовая көшесі, 15 мекенжайында жеке қойма-дүкеніміз ашылды. Кабельдер еліміздің әр өңіріне жөнелтіледі. Тұтынушылар қатарында «Қарағанды Жарық», «Астана РЭК» секілді энергетикалық кәсіпорындармен бірге «BI Group», «Sensata Construction» тәрізді құрылыс компаниялары да бар, – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпкер мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта орта және жоғары кернеулі кабель түрлерін өндіруді игеріп, өнім қатарын кеңейтуді көздейді. Бұл жоспардың жүзеге асуы еліміздегі энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті отандық өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік бермек.
Дегенмен, өндірісті қаржылай қолдау бір мәселе болса, оның өнімін тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ету – екінші мәселе. Мемлекет қаражатына салынып жатқан мектептер мен ауруханаларға, жаңартылатын электр және инженерлік желілерге құрылыс материалдары мен кабель өнімдері қажет. Мұндай жобаларға жергілікті өндірушілердің қатысу мүмкіндігін кеңейту отандық өнеркәсіптің дамуына қосымша серпін бере алады.
Бұл ретте мемлекеттік сатып алу арқылы жасалатын тікелей келісімшарттар мен ірі құрылыс компанияларының жеткізушілерден тауар сатып алуын ажырата қараған жөн. «ЦСС-КАБЕЛЬ» зауытының тәжірибесі мемлекеттік тендерлерге қатысу нәтижесін емес, жергілікті өндірістің әлеуетін көрсетеді.
Ендеше, Президент Жолдауында көтерілген шағын және орта бизнесті мемлекеттік сатып алуға кеңінен тарту бастамасы осындай өндірістер үшін қаншалықты жаңа мүмкіндік қалыптастырады? Бұл сауалдың жауабы қолданыстағы қолдау тетіктерімен қатар, жергілікті кәсіпорындардың сатып алу нарығына нақты қатысу жағдайынан ізделуге тиіс.
Жергілікті өнімге – жергілікті тапсырыс
Отандық өндірістің өрісін кеңейтуде кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетумен қатар, оның өніміне тұрақты сұраныс қалыптастырудың маңызы зор. Әсіресе, өнеркәсібі өркендеген Қарағанды облысында шағын және орта кәсіпорындарды ірі өндірістік жобаларға тартудың мүмкіндігі мол. Бұл ретте мемлекеттік сатып алулармен бірге іргелі компаниялардың тапсырыстары да жергілікті бизнестің дамуына ықпал ете алады.
Өңірдегі кәсіпкерлік әлеуеті мұндай бастамаларға негіз бола алады. Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған мәліметке жүгінсек, биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысында 94 913 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Ал, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасында өндіріс пен кәсіпкерліктің елеулі орын алатынын аңғартады.
Өңір кәсіпорындары өнім жеткізу бойынша жалпы сомасы 340 млрд теңгеге жуық ұзақмерзімді келісімшарттар жасасқан. Әсіресе, Qarmet компаниясымен арадағы өндірістік байланыс кеңейіп келеді.
Биыл металлургиялық компаниямен жасалған меморандум аясында облыстағы 58 кәсіпорынға жалпы сомасы 100 млрд теңгеге тапсырыс орналастыру көзделген. Бірінші жартыжылдықтың өзінде 65,5 млрд теңгенің өнімі жеткізілген. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілермен 338 млрд теңгеге алты келісімшарт пен тоғыз ұзақмерзімді шарт жасалған.
Бұл тәжірибенің нақты нәтижесі де бар. Мәселен, бір кезеңде өндірісін тоқтату қаупімен бетпе-бет келген Қарағанды аяқ киім фабрикасы Karachaganak Petroleum Operating және NCOC компанияларымен келісімшарттар жасасып, өндірістік қуатын толық іске қосуға мүмкіндік алған. Демек, тұрақты тапсырыс кей жағдайда кәсіпорынның нарықтағы орнын сақтап қалудың шешуші тетігіне айналады.
Дегенмен, ірі компаниялармен жасалатын коммерциялық келісімшарттар мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің құқықтық тәртібі бөлек. Біріншісінде тараптар өзара келісім негізінде жұмыс істесе, екіншісінде бюджеттік қаражаттың ашық, тиімді жұмсалуы және барлық қатысушыға әділ бәсекелестік жағдайының жасалуы басты талап саналады.
Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті өнім өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселесі өзектілігін жоғалтпайды. Өнеркәсіп пен құрылыс саласында қажетті өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындарға тапсырысқа қол жеткізудің айқын әрі қолжетімді тетіктері қажет.
Бұл бағытта Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің енгізілуі де назар аударарлық. Жаңа цифрлық жүйе отандық өнімнің шығу тегін растау рәсімін жеңілдетіп, өндірушілердің реттелетін сатып алуларға қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Алайда, мұндай мүмкіндіктердің тиімділігі олардың іс жүзінде қалай қолданылатынына байланысты.
Түптеп келгенде, мемлекеттік сатып алуда шағын бизнеске жол ашу – белгілі бір кәсіпорынға артықшылық беру емес, сапалы өнім шығаратын өндірушілердің әділ бәсекеге қатысуына мүмкіндік жасау. Ал, жергілікті өндірістің өсуі жаңа жұмыс орындарына, тұрақты салық түсіміне және импортқа тәуелділіктің азаюына негіз бола алады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



