Жаңалықтар

«Әділет» партиясы өңірлердегі жол мәселелерін қарады

«Әділет» партиясының Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында өңірлердегі жол инфрақұрылымының жай-күйі талқыланды. Кейінгі үш айда партияға түскен 7 мыңнан астам өтініштің 1173-і жол мәселесіне қатысты. Бұл түйткіл еліміздің 14 өңірінде тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің қатарында тұр.

Суреттер «Әділет» партиясынан

Азаматтардың өтініштері Adilet.365 цифрлық платформасы мен 1490 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады. Келіп түскен ұсыныстар сараланып, ең өзектілері партияның бейінді органдарының қарауына шығарылады.

Комитет отырысында Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарындағы жолдардың жағдайы қаралды. Атап айтқанда, жолдардың бүлінуі, жөндеу жұмыстарының созылуы, шалғай ауылдардағы сапалы жол тапшылығы және жол жабынының мерзімінен бұрын тозуы сөз болды.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Құрылтай депутаты Марат Қожаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жол құрылысына бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы да басты назарда болуы керек.

Отырыс барысында Ақадыр – Мойынты учаскесіндегі жолдың жай-күйі, Атырау – Орал тас жолындағы жөндеу жұмыстары, Қарашығанақ кен орнына апаратын жол және Жетісу облысындағы Арқарлы ауылы маңындағы жол мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылішілік жолдар мен Түркістан облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін жөндеу барысы қаралды. Соңғы нысанның 22 шақырымы жөнделген, қалған 34 шақырымын келесі құрылыс маусымында жаңарту жоспарланған.

Комитет жұмыс тобының жетекшісі, Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов жол сапасына қатысты бірқатар заң бұзушылықты атап өтті. Оның мәліметінше, зерттелген жол материалдары сынамаларының шамамен үштен бірі талаптарға сәйкес келмеген. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігі мен тас жолдардың қысқы маусымға дайындығы мәселесі көтерілді.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өз кезегінде Көкшетау – Петропавл учаскесінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, 37 автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті проблемалық жол учаскелеріне мониторинг жүргізу, мемлекеттік аудит анықтаған заң бұзушылықтарды жою және мердігерлердің кепілдік міндеттемелерінің орындалуын бақылау жөніндегі қаулы жобасын негізге алды.

Партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев проблемалық нысандардың жай-күйін жергілікті жерлерде тексеру қажеттігін атап өтті. Комитет алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақыламақ.

Айта кетейік, азаматтар өз ұсыныс-тілектерін партияның ресми сайтындағы арнайы электрондық нысан арқылы да жолдай алады. Ол үшін тіркелу немесе электрондық цифрлық қолтаңба қажет емес. Өтініштер тиісті өңірлік штабтарға жіберіліп, мәслихат депутаттығына кандидаттардың жұмыс жоспарында ескеріледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button