Қарағандыда заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы өтуде
Қарағанды облысында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ерікті түрде сатып алу акциясы басталды.

Аталған іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделді. Сондай-ақ, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды заңсыз қолдану салдарынан жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Акция аясында азаматтар қолдарында заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды полиция органдарына ерікті түрде тапсыра алады. Тапсырылған қару-жарақтың түріне қарай әрбір бірлігі үшін 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ақшалай өтемақы қарастырылған.
Сонымен қатар, заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Қарағанды қаласы Полиция басқармасының Азаматтық және қызметтік қарудың айналымын бақылау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Сайран Мұхтарұлы Уахитовтың айтуынша, бұл іс-шара биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
«Аталған акцияның басты мақсаты – заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді азаматтардан ерікті түрде қабылдап, олардың қолданысқа түсуіне жол бермеу. Бұл ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара. Іс-шара төрт жыл қатарынан өткізіліп келеді. Азаматтардың қару-жарақты ерікті түрде тапсыруы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді полиция подполковнигі Сайран Уахитов.
Айта кетейік, Сайран Мұхтарұлы Уахитов ішкі істер органдарында 25 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Қызмет барысының 20 жылға жуығы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау саласына арналған.
Айта кеткен жөн, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсыру мәселесі бойынша азаматтар облыстың барлық полиция бөлімшелеріне жүгіне алады.
Қарағанды қаласындағы қабылдау мекенжайы: Ермеков көшесі, 118.
Байланыс телефондары: 40-70-40, 44-51-69.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



