Жолдау – 2026

Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар

Мемлекеттің болашағы бүгінгі жастардың білімімен, білігімен және азаматтық ұстанымымен өлшенеді. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына, жаңа технологияларды меңгеріп, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Мемлекет басшысының Жолдауында да адами капиталды дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және технологиялық жаңғыру мәселелеріне басымдық берілуі тегін емес. Озық Қазақстанды қалыптастыру үшін жаңашыл ойлайтын, бәсекеге қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары буын қажет.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде жастардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кең. Жоғары біліммен қатар цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, деректерді талдау, шет тілдерін меңгеру және кәсіби бейімделу маңызды дағдыларға айналды. Осы тұрғыдан алғанда, жастарды қолдау тек білім беру немесе жұмыспен қамтумен шектелмеуі керек. Олардың бастамасын жүзеге асыруға, кәсіп бастауына және қоғамның дамуына үлес қосуына мүмкіндік беру де маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында кейінгі буынға өркениетті, озық әрі жаңарған мемлекет аманат ету қазіргі ұрпақтың басты жауапкершілігі екенін атап өтті. Президент жастардың білімді әрі жасампаз екенін айта отырып, олардың әлеуетін ел экономикасын дамытуға бағыттау қажеттігіне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық экономика құруы үшін жастардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға басымдық берді.

Жолдауда тағы бір маңызды мәселе – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан табыс табуына мүмкіндік жасау. Президенттің пайымынша, ауылда немесе қалада тұратынына қарамастан, әрбір азамат цифрлық платформалар арқылы заңды табыс табуды үйренуі қажет. Бұл, әсіресе, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Сонымен қатар, алдағы уақытта өңірлерде цифрлық жобаларды іске қосып, ауыл шаруашылығы өнімдерін онлайн платформалар арқылы сатуға жағдай жасау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызын атап өтті. Алдағы уақытта өңірлерде шығармашылық үйлерін, спорт кешендерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу және жаңғырту көзделген. Мұның барлығы жастардың білімін жетілдіріп, шығармашылық әлеуетін ашуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Облыстағы осы бағыттағы жұмыстардың бірі – «Ұлт қазынасы» жобасы. 2026 жылғы 27 қазанда оның қорытынды фестивалі өтіп, нәтижелері жарияланды. Жоба өңірдің жеті ауданы мен 35 ауылын қамтып, оған 2 мыңнан астам жас қатысты. Қатысушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, қабілетін шыңдауға 16 кәсіби ментор көмектесті. Сонымен қатар, жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына арналған 48 бейнесабақ әзірленді. Жобаның ерекшелігі – ауыл жастарының әлеуетін ашуға бағытталуында. Талант пен қабілет белгілі бір аумақта ғана шоғырланбайды. Ауылда да кәсіпкерлікке, шығармашылыққа, ғылым мен технологияға қызығатын жастар аз емес. Оларға тек қолдау мен бағыт-бағдар қажет. Мәселен, жоба аясында мобилография бағытын таңдаған жастардың бірі алған білімін өз ауылында тәжірибеге айналдырып, бейнеролик түсіру арқылы табыс таба бастаған. Бұл – заманауи дағдыларды меңгерудің тек жеке дамуға емес, экономикалық дербестікке де жол ашатынын көрсететін мысал.

Жастардың тың идеяларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бастамалардың бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама талантты әрі бастамашыл жастардың ғылыми, шығармашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік жобаларын іске асыруына мүмкіндік беріп келеді. Биыл конкурсқа 2 200-ден астам өтінім түсіп, оның ішінен 30 жоба жеңімпаз атанды. Бұл бастама жастардың идеясын нақты іске айналдырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысуына жол ашады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Құрбанбай Серіков өз жобасын буккросингке арнаған. Оның айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және оқырмандар арасында кітап алмасу дәстүрін дамыту.

– Бұл идея «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында пайда болды. Көпшіліктің жаңа кітап сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, адамдар өздері оқыған кітаптарын арнайы орынға әкеліп, орнына басқа кітапты тегін ала алатын жүйе қалыптастырғым келді. Осылайша оқырмандар түрлі әдебиеттермен танысып қана қоймай, өзгелердің де кітап оқуына себепкер болады. Жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаражат толығымен кітап сатып алуға бағытталған. Себебі бастаманың басты құралы да, негізгі құндылығы да – кітап, – дейді грант иегері.

Грант иегерінің сөзінше, бұл қысқа мерзімде нәтижесі көрінетін жоба емес. Дегенмен, кітап оқуға қызығушылық оятып, қоғамның ағартушылық деңгейін көтеруге үлес қосудың өзі үлкен жетістік. Буккросинг жобасы грант иегері атанғаннан кейін бірден жұмысын бастаған. Қазіргі уақытта оның қызметіне бір жауапты маман мен екі ерікті атсалысып келеді. Жоба авторы бұл бастаманың тек грант аясында шектеліп қалмайтынына сенімді.

– Бұл бір реттік жоба емес. Сондықтан, оны әрі қарай дамытатын адамдар да, қолдайтын азаматтар да әрдайым табылады деп ойлаймын. Ең басты тілегім – адамдардың осы жердегі тегін кітаптарды оқып, кітапқа деген қызығушылығының артуы, – дейді Құрбанбай Сериков.

Гранттық қолдаудың нәтижесінде жастардың әлеуметтік, мәдени және кәсіпкерлік бағыттағы бастамалары да жүзеге асуда. Мәселен Әйгерім Аймақова «Туған өлкені жаяу аралайық» жобасы арқылы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, жаяу туризмді дамытуды көздейді. Ал, Балқаш қаласының тұрғыны Данагүл Кәрібайқызы балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған «Қимылда!» әлеуметтік-волонтерлік клубын құруды қолға алған. Абай ауданының тұрғыны Баяман Төлегенов болса, мемлекеттік қолдауды отбасылық сүт шаруашылығын кеңейтуге бағыттамақ. Оның отбасы кәсіпкерлікпен қатар әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмай, мұқтаж отбасыларға сүт өнімдерін тегін таратып келеді. Бұл бастамалар жастар гранттарының түрлі саладағы идеяларды қолдауға бағытталғанын көрсетеді.

Жолдаудағы технологиялық жаңғыру міндеттері жастардың цифрлық сауаттылығын арттырумен тікелей байланысты. Қазіргі еңбек нарығында жасанды интеллект пен деректерді талдау құралдарын меңгерген мамандарға сұраныс артып келеді. Осыған орай Қарағанды облысында «Талдау мектебі» жобасы жалғасуда. Бағдарлама аясында жастар деректерді талдау, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, ақпаратты визуализациялау және жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша білім алады. 2026 жылғы екінші лекке 60 адамды оқыту жоспарланған. Сегіз аптаға созылатын бағдарлама 18 қыркүйек пен 7 қараша аралығында ұйымдастырылып отыр. Оқу соңында қатысушылар өңірдің мемлекеттік органдарына арналған практикалық ұсынымдар әзірлеуге тиіс. Мұндай бастаманың маңызы зор. Бүгінгі жас тек технологияны тұтынушы емес, оны тиімді пайдаланып, нақты мәселелерді шешуге қабілетті маман болуы қажет. Деректерге сүйеніп шешім қабылдау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін дұрыс қолдану – болашақ кәсіби бәсекенің маңызды шарттарының бірі.

Аймақта жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге арналған 14 жастар ресурстық орталығы қызмет етеді. Биылғы жылы жастар саясатының тиімділігін арттыру, әр санаттағы жас азаматтармен жеке жұмыс істеу және бастамаларды нақты нәтижеге бағыттау мәселелері де көтерілді. Соның ішінде, «Жасыл ел» бағдарламасының ауқымы кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда жобаға қатысушылар саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін өскен. 2026 жылдан бастап бағдарлама жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшірілді. Қатысушылардың 15 пайызына дейін әлеуметтік осал санаттағы жастарды құрайды. Енді жоба тек маусымдық жұмыспен қамтуды ғана емес, оқыту, тренингтер өткізу және командалық дағдыларды дамыту бағыттарын да қамтиды. Жастардың қоғамдық өмірге араласуы да ел дамуының маңызды көрсеткіші. Еріктілік қызмет, экологиялық бастамалар, қайырымдылық акциялары мен әлеуметтік жобалар арқылы жас буын азаматтық жауапкершілігін арттырады. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстармен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, жастарға арналған инфрақұрылымды дамыту, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігін азайту, NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу, тұрақты жұмыспен қамту және қолжетімді баспана мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әрбір бастаманың нәтижесі тек қамтылған адам санымен емес, жастардың өмірінде болған нақты өзгерістермен бағалануы қажет.

Озық Қазақстанды қалыптастыру – тек мемлекеттік бағдарламалардың міндеті емес. Білімін жетілдіріп жүрген студенттің, жаңа кәсіп бастаған жас кәсіпкердің, ауылда еңбек етіп жүрген маманның, қоғам игілігі үшін қызмет ететін еріктінің ортақ мақсаты. Жастарға мүмкіндік беру – елдің болашағына инвестиция салу деген сөз. 

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button