Қарағандыда Вера Карпованы еске алуға арналған ел чемпионаты басталды
Қарағандыда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында жеңіл атлетикадан Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вера Карпованы еске алуға арналған ХХІ ел чемпионаты басталды. Дәстүрлі додаға еліміздің бес өңірінен 10 команда қатысуда. Төртсайыстан өзара мықтыны анықтамақ. Жарыстың ашылу салтанатына Олимпиада резервін даярлау орталығының басшысы Ерден Халилин қатысып, жас спортшыларға жылы лебізін білдірді.

Салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Василий Карпов пен онсайыстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Дмитрий Карпов та арнайы қатысты. Олар да жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар, ашылу рәсіміне спорт саласының бірқатар ардагерлері, білікті мамандары мен спорт шеберлері қатысып, жас атлеттерге қолдау көрсетті.

Айта кетейік, чемпионат жекелей және командалық есепте өтеді. Жекелей сында төртсайыс бағдарламасы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға грамоталар, медальдар мен арнайы сыйлықтар табысталады. Ал, командалық бәсекеде топ жарған ұжымдар мен жүлдегер командалар кубок пен медальдарға, арнайы сыйлықтарға ие болады.
Қарағандылық 13 жастағы Алиса Дьякованың жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніне сегіз жылдан асқан. Жас спортшы үшін бұл чемпионаттың маңызы ерекше. Өйткені, аталған додада үздік нәтиже көрсеткен жағдайда елордада өтетін келесі бәсекеде өңір намысын қорғауға мүмкіндік алады. Сондықтан, ол бұл жолы жеке көрсеткіштерін жақсартып, жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат етіп отыр.

– Бастапқыда анам жеңіл атлетикамен айналысып көруге кеңес берді. Мен бұл ұсынысты бірден қабылдадым. Уақыт өте келе жаттығуларға деген қызығушылығым артты. Алғашқы жарыстарымның өзінде І орын алып, жеңіс дәмін сезіндім. Содан бері жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысып келемін. Негізінен, 50 және 60 метрлік спринт қашықтықтарына жүгіремін. Қысқа қашықтық болғанымен, мұнда жылдамдықпен қатар төзімділік те маңызды. Спорт маған шыдамдылық пен табандылықты үйретті. Жалпы, спорт – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Болашақта да осы саланы таңдағым келеді. Ал, осы чемпионатта 60 метрге жүгіруден жақсы нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, биіктікке секіруден де жеке көрсеткішімді жақсартқым келеді. Қазір 1 метр 30 сантиметрге секіремін. Алдағы уақытта бұл межені 1 метр 40-45 сантиметрге жеткізуді мақсат етіп отырмын. Ең бастысы, жеке рекордымды жаңартсам деймін, – деді жас спортшы.

Айта кетейік, жарыс екі күнге созылады.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



