Өндірісті өңір өрлеу жолында
Елдің экономикалық тұрғыда индустриалдық тірегі мен жүрегіне айналған Қарағанды аймағының бүгінгі келбетінде кеншілер мекеніндегі еңбек адамдарының ерен еңбегі жатыр. Кеше Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан да «Кеншілер мекені – нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі» деді. Президент облыс экономикасының даму қарқынына баға беріп, шикізаттық емес өнім экспортының едәуір өскеніне де ерекше назар аударды. Ал Қарағанды металлургия зауытының отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі екенін де атады. Бұдан бірер жыл бұрын «Qarmet» компаниясына қатысты қабылданған шешімдердің нәтижесін бақылау үшін комбинаттың қазіргі жай-күйіне үңілген Президент бірқатар іргелі цехтарын, кешендерін аралап көрді. Осыдан 3 жыл бұрын іске қосылған трамвай жүйесінің жұмысымен танысты. Жұмыс сапарының соңында комбинаттың ұжымымен жүздесіп, еңбек адамдарына мемлекеттік наградаларды табыстады. Қарағанды аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы да келесі кездесуде баяндалды. Тарқатайық…

Өзгерістер – игілік бастауы
Теміртау үшін, атап айтқанда, «Qarmet» компаниясы үшін трамвай көлігінің мәні тереңде. Оның құрыш қала тарихында тек қана көлік емес, бір кездері әлеуметтік ахуалға зор әсері бар жүйеге айналғаны анық. Алайда бұған дейінгі компания басшылығы тарапынан трамвайлар тоқтатылып, бұл қала тұрғындарын тығырыққа тіреген еді. Ал жаңа инвестор 2023 жылдың ақпанында трамвай қатынасын іске қосты. Былтыр сәуір мен қыркүйек айларының аралығында 30 шақырым теміржол жолы қалпына келтіріліп, жаңартылды. Компания 8 жаңа заманауи трамвай вагонын сатып алды. Оның алғашқысы былтыр 1 қазанда сынақтан өтті.Қазіргі уақытта Теміртау қаласында трамвайлар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты қатынайды. ONAY жүйесі енгізілген. «Qarmet» қызметкерлері үшін жол жүру тегін.

Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарын трамвай жүйесінің жұмысымен танысудан бастады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасына және жаңартылған көлік инфрақұрылымына бағасын берді.

– Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені, қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті, оны өркендетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң Мемлекет басшысы «Qarmet» конвертер цехының жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qarmet» компаниясының болат балқыту өндірісінің негізгі буыны саналатын конвертер цехы жөнінде баяндалды.

Президентке домна пешінде балқытылған шойынның қалай құрышқа айналатыны, содан кейін үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге жіберілетіні көрсетілді. «Qarmet» компаниясы 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерде күрделі жөндеу жүргізіп, корпустарды толық ауыстырды және анағұрлым заманауи конструкциялар орнатты.
Жаңғырту жұмыстары шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге, қорытылған болат көлемін ұлғайтуға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру ісі жалғасып жатыр. «Qarmet» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Мемлекет басшысына өндірістік көрсеткіштер өсімі және инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.
– 2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасының концентратын өндіру жоспарланып отыр.
Компания жұмысы басталғаннан бері инвестиция көлемі 2,7 миллиардтан астам долларды құрады. Бұл қаражат өндіріс қуатын жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысан салуға бағытталды, – деді Андрей Лаврентьев.
Іргелі инвест-жоба
Қасым-Жомарт Тоқаев комбинаттағы №8 және №9 жаңа кокс батареяларының құрылысымен де танысты. Бұл – «Qarmet» компаниясының ірі инвестициялық жобаларының бірі. Жобаның бас технологиялық серіктесі – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation.
Екі батареяның жылдық өндірістік қуаты – 1,5 миллион тонна құрғақ кокс. Әр батарея биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пешінен тұрады. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1960-жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан №1–4 ескі батареялардың жұмысы тоқтатылады.
Жаңа агрегаттар домна өндірісін отандық кокспен тұрақты қамтамасыз етуге, оның сапасын жақсартуға және бүкіл металлургиялық циклдің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында заманауи инфрақұрылым, газ тазарту және зиянды шығарындыларды азайту жүйелері қарастырылған.
Биыл қыркүйек айында №8 батареяда отқа төзімді кірпіш қалау жұмыстары басталыпты. Оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
«Qarmet» компаниясының күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко батареялардың атқаратын маңызды рөлі туралы айтты.
– Кокс өндірісі деген не? Қарағанды көмір бассейніндегі 8 шахтадан өндірілетін кокс көмірі зауытқа жеткізіледі. Батарея камераларында 1500°C-тан жоғары температурада көмір жағылады. Жану барысында бөлінетін газ өндірістің өзінде отын ретінде пайдаланылады. Дайын құрғақ кокс шойын өндіру процесінде домна цехтарында негізгі компонент ретінде қолданылады. Кәсіпорында кейінгі 60 жылдан астам уақыт ішінде мұндай ауқымды жаңа батареялар құрылысы жүргізілмеген. Бұған дейін тек күрделі жөндеулер ғана жасалған. №8 батареяда отқа шыдамды материалдарды қалау жұмыстары басталды. №9 батареяда жерасты іргетас жұмыстары толық аяқталды. «Тепляк» құрылысына келетін болсақ, қазіргі уақытта ішкі температураны белгілі бір деңгейде ұстап, отқа шыдамды қалау жұмыстарын жүргізуге жағдай жасайтын арнайы уақытша ғимарат («тепляк») құрастырылуда. Жоба аясында тек батареялар емес, сонымен қатар көмір мұнаралары, түтін мұнаралары, сөндіру мұнаралары, газ тазалау кешені сияқты 100-ден астам ғимарат пен құрылыс бой көтереді, – деді Алексей Сидоренко.
Алексей Сидоренко жаңа №8 және №9 кокс батареялары тиісті түрде пайдаланылса, 40 жылдан астам үздіксіз қызмет ететінін айтты.
71 жастағы комбинат ардагері, 49 жыл еңбек еткен Геннадий Водовозов тарихи шолу жасады.
– 1960 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы қазақстандық кокс өндіріліп шықты. Бастапқы кезеңде әрқайсысының жылдық өндірістік қуаты 480 мың тоннаны құрайтын №1, №2, №3 және №4 кокс батареялары кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Кейіннен кокс-химия өндірісін дамыту жоспарына сәйкес №5, №6 және №7 кокс батареялары салынды. Мәселен, ірі жүкті №7 кокс батареясы жылына 920 мың тонна жоғары сапалы кокс шығаруға мүмкіндік берді. 1990-жылдардың алғашқы жартысында №1, №2, №3, №4 және №5 кокс батареялары қайта жаңартудан өтті. Ал, №6 кокс батареясы пайдаланудан шығарылды. 2005–2006 жылдары №7 кокс батареясы қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар барысында батареялардың қалауына, анкераж монтажына, қыздыру және кептіру процестеріне, сондай-ақ оларды іске қосу шараларына қатаң бақылау жүргізілді. Уақыт өте келе кәсіпорындағы кокс батареяларының қоры ескірді. Кокс батареясының қалыпты қызмет ету мерзімі 30–35 жылды құрайды. Мысалы, 1990 жылы қайта жаңарту басталған №3 кокс батареясының қолданылып жатқанына 36 жыл болған. Бұл олардың өз ресурсын толық тауысқанын және заманауи модернизацияны қажет ететінін көрсетеді. Осыған байланысты «Qarmet» компаниясының келуімен пеш қорын қысқа мерзімде жаңғырту туралы шешім қабылданды, – деді комбинат ардагері.
Қарағанды металлургиясының қайта түлеуі
Заманауи сортты прокат кешенінің де құрылысы Мемлекет басшысына таныстырылды. Кешен жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға қауқарлы. Жобаның технологиялық серіктесі – Қытайдың CERI инжинирингтік компаниясы.
Жаңа цехта А600 және А1000 класты жоғары беріктіктегі құрылыс арматурасы өндірілмек. Сонымен қатар өнім түрлері бұрыштық темір (уголок), швеллер және сұранысқа ие өзге де металл бұйымдарымен толықтырылады. Кешенге сағатына 100 тоннаға дейін металл қыздыра алатын жоғары өнімді қыздыру пеші орнатылады.
Жоба сортты прокат өндірісінің көлемін едәуір арттыруға, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің бір бөлігін отандық өніммен алмастыруға және құрылыс саласындағы, соның ішінде атом электр станциясын салу бағытындағы кәсіпорын мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Мамандардың дерегінше, құрылыстағы шаршы метрдің 17–18%-ын арматура құрайды екен. Елімізде 1,5 миллион тонна арматура тұтынылады. Соның 1 миллион тоннадан астамы импортқакетеді. Комбинат аумағындағы өндіріс орнындаөндірілген арматуралар ел ішіндегі қажеттіліктердіқамтамасыз етпек.
Жоба бастапқы прокат өндірісін едәуірұлғайтуға, ішкі нарықтағы импорттық өнімгетәуелділікті азайтуға және кәсіпорынның құрылыссегментіндегі, оның ішінде АЭС салу кезіндегімүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта объектіде негізгі технологиялықжабдықты монтаждау және қамтамасыз ететінинфрақұрылым құрылысы жүзеге асырылуда. Сортты илемдеу цехын пайдалануға беру жылсоңына жоспарланған.
Кәсіпорын басшылығы атап өткендей, «Qarmet» инвестициялық бағдарламасының жалпы көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. Компанияныңстратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратын өндіруге қол жеткізу, өзіндік тұрақтылықты төмендету, отандық металл өнімдерінің экологиялық тазалығы мен бәсекегеқабілеттілігін арттыру.
Еңбек ұжымымен еркін жүздесу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен және кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі десек, артық болмайды. Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік. Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан халқының табанды еңбегінің, ауқымды жұмысының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, әсіресе, облыстың өсіп-өркендеуіне «Qarmet» зауыты мол үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Қарағанды металлургия зауыты отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Qarmet» компаниясының бұған дейінгі жай-күйі күрделі болғанына назар аударды.
– Қабылданған батыл шешімдер жағдайды өзгертіп, осы бірегей комбинаттың дамуына тың серпін берді. Шығыстарды оңтайландыру және инвестиция тарту арқылы компания миллиардтаған шығыннан арылып, қиын кезеңді еңсерді. Осының нәтижесінде былтыр «Qarmet» 1,1 триллион теңге түсіммен таза пайдаға шықты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Оны іске асыруға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Өндіріске озық технологиялар мен цифрлық шешімдер енгізуге айрықша мән берілуде. Жұмысты ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше бақылауға алынды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде «Qarmet» бизнестің жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілігі қандай болатынын көрсетіп отыр.
– Мәселен, кәсіпорын өз есебінен Теміртаудағы трамвай қозғалысын толық қалпына келтірді. Мен әлгінде ғана трамваймен жүріп көріп, аталған бастаманы құптадым. Теміртау тұрғындарына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Компания жас мамандарды оқытуға және жұмыспен қамтуға арналған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Бірінші кезеңде еліміздің әр аймағынан 500-ге жуық адам қамтылады. Білікті мамандарға, әсіресе, жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Бағдарлама, ең алдымен, осы үдеден шығады. Бұл бастамаға басқа да ірі кәсіпорындар қосылады деп үміттенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, металлургия комбинатының жетістіктері еліміздегі ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты. Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқаратын шаруа көп.
– Еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алдымен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жасалып жатыр. Әлемдік саясат пен экономикада мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үлгермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бүкіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыратынын жеткізді.
– Келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияладым. Осы орасан жұмысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берілді. Жолдауда атап өткенімдей, аталған ғаламат жобаға шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл – орынды шешім. Өйткені «Халықтық құрылыс» аясында ел-жұртымыз барынша мұқтаж боп отырған жобалар іске асырылады. Ең маңыздысы, «Халықтық құрылыс» тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды. Шын мәнінде, біз баянды болашақтың сенімді іргетасын қалап жатырмыз. Өйткені жаңа әрі жөнделген жолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, электр станцияларын, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, ерекше балаларды оңалту орталықтарын, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйлерін, спорт нысандарын, бір сөзбен айтқанда, барлық азаматтық инфрақұрылымды бірнеше буын пайдаланып, игілігін көреді. Жалпы, «Халықтық құрылыстың» бүкіл мән-мағынасын «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес (бірақ бұл да өте маңызды), біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаралық және дінаралық келісім саясатына және «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына бейіл екенін мәлімдеді.
– Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» компаниясының мықты өндірістік базасы «Халықтық құрылыста» зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
– Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жолаушылар автобусын шығаруға пайдаланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда келешекте болаттың мұнай, атом және машина жасау өнеркәсібінде сұранысқа ие өте сапалы түрлері шығарылады, – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Qarmet» компаниясының ұйымшыл ұжымы толайым табысқа табанды еңбектің арқасында жеткеніне тоқталды. Ол «Qarmet» жұмысшыларының ерен еңбегі, кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы компанияны өрге жетелейтінін айрықша атап өтті.
– Осы жиынға былтыр ең жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Сергей Петрович Чернобай қатысып отыр. Сіздердің араларыңызда «Qarmet» компаниясының бұрынғы даңқын қайта оралту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Жемісті жұмыстарыңыз зор құрметке лайық. Мемлекеттің саясаты озат жұмысшылар мен мамандарды ынталандыруға бағытталған. Былтыр сіздердей еңбекқор жандарға ілтипат көрсеттік. Бірақ мемлекеттің сіздерге, яғни өндіріс жұмысшыларына және ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген ізет-құрметі өзгермейді. Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Сондықтан мен еліміздің индустриясы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – Отанымыздың игілігі үшін жасаған еселі еңбектеріңізге берілген лайықты баға, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін мәлімдеді.
– Жолдауымда мемлекет шағын бизнесті қолдау үшін бірқатар шара қабылдайтынын, соның ішінде алдағы үш жылда тексерістен босататынын айтқанымды білесіздер. Шағын бизнес жаңа салық шарттарына ойдағыдай бейімделуі үшін оған қазір қол ұшын созу керек деп ойлаймын. Кредитті арзандату мақсатында кәсіпорындарды қаржыландыру мәселесін де пысықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жиын соңында елдің өндірістік және индустриялық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Qarmet» акционерлік қоғамының бір топ қызметкерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
«Qarmet» АҚ-ның цех шөмішшісі Зейнолла Ыдырысов пен «Қарағанды көмір» серіктестігінің «Тентек» шахтасының бригадирі Александр Измер «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Өркен» серіктестігінің «Батыс Қаражал» шахтасының үңгілеушісі Жамбыл Абюровке, «Қарағанды көмір» серіктестігінің «Қазақстан» шахтасының электр слесарі Гуля Баулековаға, «Qarmet» АҚ-ның инженері Игорь Ивановқа, «Қарағанды көмір» серіктестігінің Костенко атындағы шахтасының электр слесарі Марат Жанаевқа, «Qarmet» АҚ-ның ауысым бастығы Бекболат Қанаевқа, «Қарағанды көмір» серіктестігінің Ленин атындағы шахтасының директоры Валерий Ханға табысталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Qarmet» АҚ-ның жетекші инженері Арман Ахметов, «Өркен» серіктестігінің «Өркен-Атансор» ұсақтау-байыту фабрикасының шебері Сансызбай Алшынбаев, «Qarmet» АҚ-ның жетекші инженері Дмитрий Захаров, «Қарағанды көмір» серіктестігінің «Шахтинск» шахтасының кеншісі Рафхат Байжанов, «Qarmet» АҚ-ның цех бастығының орынбасары Константин Иванов, «Өркен» серіктестігінің Лисаков филиалының кран машинисі Татьяна Фомина, «Qarmet» АҚ-ның қызмет бастығы Сергей Колесов марапатталды.
Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Бекболат Қанаев марапаттау рәсімінен кейін өз әсерімен бөлісті.
– Бұл салада 24 жыл еңбек етіп келемін. Жұмысымыздың қиындығы да, қызығы да бар. Бірақ міндетіме адалмын. Мамандығына ерекше ықыласпен, махаббатпен қараған адам ғана жұмысының қиындықтарына төзе алады деп ойлаймын. Бүгін Президенттің қолынан марапат алып тұрып, керемет әсерге бөлендім. Бұл марапат мен үшін ғана емес, отбасым үшін де зор мақтаныш. Еңбегіммен, жұмысыма деген адалдығыммен балаларыма, бауырларыма үлгі-өнеге көрсете алдым деп ойлаймын, – деді орден иесі.
«Құрмет» орденімен марапатталған Зейнолла Ыдырысовтың цехта шөмішші болып жұмыс істегеніне 26 жыл толыпты.
– 26 жыл бұрын цехқа келгенім әлі есімде. Ауыр жұмысқа төзе алмаймын деп ойладым. Өйткені «мықтымын, шымырмын» деген талай жігіт шамалы уақыттан кейін мұндағы бейнетке шыдай алмай, кетіп жатты. Бірақ уақыт өте келе өз жұмысымды жақсы көре бастадым. Бұл цех менің жігерімді жаныды, шыдамды, қайратты қылды. Мұндай деңгейдегі марапатқа кенелемін деп ойлаған жоқпын. Өйткені марапат үшін қызмет еткен жоқпын. Ал Президенттің өз қолынан орден алуым – өмір бойы есте қалатын ең жарқын сәт, – деді Зейнолла Ыдырысов.
Қарағандының қарышты қадамы
Мемлекет басшысына Қарағанды облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және өңірді одан әрі жаңғырту жоспары туралы ақпарат ұсынылды.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9 пайызға артып, өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға ұлғайды. Айтарлықтай қарқын машина жасау саласында байқалды, өсім – 26,2 пайыз.
Өңірдің 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жалпы құны 7 триллион теңгені құрайтын 186 жобадан тұрады. Оны іске асыру 36 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орындарын құруға, шикізатты қайта өңдеуге, минерал-шикізат базасын нығайтуға, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды тартуға ерекше назар аударылып отыр. Бұдан бөлек, Президентке агроөнеркәсіп кешені мен тұрғын үй құрылысын ілгерілету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жөнінде баяндалды.
Соңғы үш жылда Қарағанды облысында ауылдарға арналған 92 денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынып, білім беру мекемелерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Спорт, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағыттарындағы жобалар қолға алынды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен экосаябақтар бой көтеруде. Болжамға сәйкес, жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4 пайызға өседі.
Өнеркәсіп әлеуетін кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру арқылы өңірді одан әрі өркендету жұмыстары жалғаса береді.
Бұдан кейін Президент кәсіпорын жұмысшыларымен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Жаңа құю-илемдеу кешенінің құрылысы басталуына орай орнатылған ескерткіш тақтаға қол қойды.
Ерік НАРЫН
«Орталық Қазақстан»



