Қарағандыда балаларға арналған футбол фестивалі өтті
Қарағандыда мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ALGA! Bırınşı pas футбол фестивалі өтті. Екінші рет ұйымдастырылған шараға 60 бүлдіршін қатысып, футболдың алғашқы қадамдарын ойын арқылы меңгерді. Басты мақсат – балалардың спортқа қызығушылығын оятып, белсенді өмір салтына баулу.

31 қазанда «Аманат» спорт кешенінде өткен фестивальге қаладағы балабақшалардың тәрбиеленушілері жиналды. Балалар доппен түрлі жаттығулар орындап, ептілік пен қимыл үйлесімділігін дамытуға арналған тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, аниматорлар бүлдіршіндерге арнап ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды.

Фестиваль барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлінді. Олар допты кедергілер арасымен алып жүру, нысанаға дәл тигізу және командалық тапсырмаларды орындау бойынша өзара сынға түсті. Әр бала жаттығуларды өз мүмкіндігіне қарай орындап, футболдың қарапайым элементтерін үйренді.

Шараның ерекшелігі – мұнда жеңімпаз анықталып, жүлделі орындар сарапқа салынған жоқ. Ұйымдастырушылар үшін балалардың ойынға қатысуы, жаңа дағдыларды меңгеруі және спортқа деген қызығушылығы маңызды болды.

Фестивальді Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Freedom қолдауымен ұйымдастырды.
Спортқа қызығушылық ойыннан басталады
ALGA! жобасының менеджері Ғалымжан Қырықбайдың айтуынша, мектеп жасына дейінгі балаларды спортқа баулу кезінде олардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Сондықтан фестиваль бағдарламасы күрделі жаттығуларға емес, ойын түріндегі тапсырмаларға негізделген.

«Біз спортқа деген сүйіспеншілікті ерте жастан қалыптастыру керек деп есептейміз. Бірақ кішкентай балаларға күрделі жаттығулар мен қатаң ережелер қызық емес. Олар ойнағысы, қозғалғысы және жаңа нәрселерді байқап көргісі келеді. Сондықтан балаларды футболмен ойын арқылы таныстырамыз. Біздің міндетіміз – олардың спортқа қызығушылығын оятып, жаттығуды жалғастыруға ынталандыру», – деді Ғалымжан Қырықбай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, футбол элементтеріне негізделген жаттығулар балалардың қимыл-қозғалысын жетілдіріп, кеңістікте бағдарлау және құрдастарымен бірлесіп әрекет ету дағдыларын дамытуға көмектеседі. Ең бастысы, бүлдіршіндер спортпен алғашқы таныстығын жағымды әсермен бастауы керек.
Бүлдіршіндердің қуанышы
Фестивальге «Думан» балабақшасының тәрбиеленушілері де қатысты. Тәрбиеші Альбина Шегай балалардың белсенділік танытып, тапсырмаларды қызығушылықпен орындағанын атап өтті.
«Фестиваль маған өте ұнады. Бағдарлама қызықты әрі мазмұнды ұйымдастырылған. Балалар қуана жүгіріп, жаттығуларды орындап жүр. Біз балабақшамыздың тобымен келдік. Бүлдіршіндердің көңіл күйінен шараның ұнағаны байқалады. Мұндай іс-шараларды жиі өткізу керек деп ойлаймын. Олар балаларға да, ата-аналарға да пайдалы. Барлығының басын қосып, уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді», – деді тәрбиеші.
Шараға ата-аналар да келіп, балаларының өнерін тамашалады. Олардың қатарында Диана Пеннер де бар. Оның айтуынша, үлкен ұлдары футболмен айналысып, түрлі жарыстарға қатысқан. Ал кенже баласы әзірге футболды аулада ғана ойнайды.
«Фестиваль өте керемет өтті. Мен ұл балалардың анасы ретінде мұндай бастамаларды қолдаймын. Үлкен ұлдарым бұрын футболға қатысып, түрлі турнирлерде, соның ішінде осы “Аманат“ спорт кешенінде өткен жарыстарда өнер көрсетті. Ал кенже балам әзірге ағаларымен аулада ойнайды. Бүгінгі фестивальден кейін оның да футболға қызығушылығы артуы мүмкін. Бәлкім, үйге барған соң тағы келгісі келетінін айтар», – деді Диана Пеннер.
Алғашқы қадамнан үлкен спортқа
ALGA! Bırınşı pas фестивалі биыл екінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы шара шілде айында өткен еді. Жоба мектеп жасына дейінгі балаларды да футболға тартуды көздейді.
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының Freedom қолдауымен жүзеге асырып жатқан ALGA! жобасы балалар футболын дамытуға бағытталған. Оның аясындағы «Алғашқы пас» фестивалі спорт секцияларына әлі қатыспайтын бүлдіршіндерге футболмен танысуға мүмкіндік береді.
Бұл жолы 60 бала футбол алаңына шығып, түрлі жаттығуларды орындады. Олардың кейбірі үшін фестиваль болашақта спорт секциясына баруға бастама болуы мүмкін. Ал әзірге басты нәтиже – балалардың қуанышы мен спортқа деген алғашқы қызығушылығы.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



