Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарашада алты кәсіби мереке аталып өтеді

Қараша айында Қазақстанда бірнеше сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Олардың қатарында сыртқы барлау, статистика, ақпараттық технологиялар, қаржы жүйесі, бұрғылау және ауыл шаруашылығы саласының мамандары бар. Бұл даталар түрлі бағытта еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби қызметінің құрметіне.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Айдың алғашқы мерекесі 5 қарашада атап өтілетін Сыртқы барлау күніне сәйкес келеді. Бұл – елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік мүддені қорғау жолында қызмет ететін мамандардың кәсіби күні.

8 қараша – Статистика күні. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын саралап, маңызды көрсеткіштерді жинақтайтын статистика мамандарының жұмысы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындауда маңызды рөл атқарады.

Ал 10 қарашада Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Қазіргі заманда цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, ақпараттық жүйелерді жетілдіру, деректердің қауіпсіздігін сақтау мен жаңа технологияларды енгізу осы сала мамандарының еңбегімен тығыз байланысты.

15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні. Сонымен қатар, бұл дата Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі саналады. 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютамыз айналымға енгізілді. Теңгенің қолданысқа енуі еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл күні банк, қаржы және экономикалық жүйеде еңбек ететін мамандардың кәсіби қызметіне де құрмет көрсетіледі.

Қарашаның үшінші сенбісі – Бұрғылаушы күні. Биыл бұл мереке 21 қарашаға сәйкес келеді. Мұнай-газ және тау-кен өндірісі саласындағы бұрғылау жұмыстары өндірістік үдерістің маңызды бөлігі саналады. Күрделі жағдайда еңбек ететін мамандардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі өндіріс тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Ал қарашаның үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Биыл бұл мереке 15 қарашада аталып өтеді. Аталған салалар ел экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Егін және мал шаруашылығынан бастап, азық-түлік өндіру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге дейінгі жұмыстарда мыңдаған азамат еңбек етеді. Олардың еңбегі отандық өнім көлемін арттыруға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және ауыл экономикасын дамытуға бағытталған.

Осылайша, қараша айындағы кәсіби мерекелер түрлі сала мамандарының еңбегін ұлықтап, олардың ел дамуына қосқан үлесін айшықтайды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button