«Сарыарқа» «Алматыны» 6:1 есебімен ойсырата жеңді
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Қазақстан чемпионатының кезекті турында «Алматы» командасын ірі есеппен жеңді. Кездесу 6:1 есебімен аяқталды.

Матчтың алғашқы минуттарында есепті Виталий Люлько ашты. Алайда арада екі минут өткенде Савелий Ольшанский таразы басын теңестірді. Бірінші кезең аяқталар тұста Владислав Никулин басымдықты қайтадан қарағандылықтар жағына бұрды.
Екінші кезеңде Кирилл Пономарев пен Руслан Демин қарсылас қақпасынан саңылау тауып, «Сарыарқаның» артықшылығын арттырды. Ал үшінші кезеңде Руслан Демин дубль авторы атанса, Евгений Королинский кездесудің соңғы минутында алтыншы шайбаны соқты.
Айта кетейік, өткен кездесуде «Сарыарқа» «Алматыға» буллиттер сериясында 4:5 есебімен есе жіберген болатын. Бұл жолы қарағандылық хоккейшілер қарымта қайтарып, қарсыласына бір ғана шайба соғуға мүмкіндік берді.
Осы жеңістен кейін «Сарыарқаның» еншісіндегі ұпай саны 38-ге жетіп, команда турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. Ал 23 ұпай жинаған «Алматы» жетінші сатыда.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



