Жаңалықтар

Кәсіпкерлік көкжиегі

Кәсіптің көзін тауып, шаруасын шалқытуға ниетті азамат үшін ең әуелгі сынның бірі – қаржыға қол жеткізу екені кәдік. Әсіресе, өндіріс ашып, жаңа жабдық сатып алуға немесе жұмыс ауқымын кеңейтуге бел буған кәсіпкерге бастапқы капиталмен қатар, ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие қажет. Бұл ретте мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңызы айрықша. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтағы көрсеткіштері де осы бағыттағы жұмыстың ауқымын аңғартады. Бүгінге дейін өңірде қордың қаржылық құралдарымен жалпы сомасы 1 трлн 234 млрд теңгені құрайтын 14,1 мың кәсіпкер қамтылған.

Қаржыға жол ашқан қолдау

– Қазіргі таңда «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие қарастырылған. Инвестициялық мақсаттағы кредит мерзімі он жылға дейін жетеді. Сонымен қатар, микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы жұмыс істейді. Мұнда 200 млн теңгеге дейінгі кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады. Мәселен, банктің коммерциялық мөлшерлемесі шамамен 20 пайыз болса, мемлекеттік қолдаудың есебінен кәсіпкер үшін оның мөлшері 12,6 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Айырмасын қор субсидиялау тетігі арқылы өтейді. Өндірісті өркендетуге ниетті кәсіпкер үшін мұның тиімділігі зор, – деді қордың облыс бойынша өңірлік филиалы директорының орынбасары Евгений Изотов.

Бағдарламалардың өңірдегі нәтижесі де назар аударарлық. Биыл жыл басынан бері «Өрлеу» аясында жалпы сомасы 10,1 млрд теңгені құрайтын 79 жоба қолдау тапқан. Ал, алғашқы тоғыз айда «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 522,6 млн теңгенің 14 жобасына субсидиялау қолдауы көрсетілген.

Дегенмен, кәсіп ашуға немесе өндіріс көлемін ұлғайтуға ұмтылған азаматтың алдынан тек жоғары пайыздық мөлшерлеме ғана кедергі болып шықпайды. Банк талап ететін кепілзаттың жеткіліксіздігі де талай бастаманың жүзеге асуын тежейді. Осы түйткілді тарқату үшін қордың кепілдік беру тетігі қарастырылған. Мәселен, құны 7 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша қор кепілдігі қарыз сомасының 85 пайызына дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де, кепілдіктің ең жоғары мөлшері 3,5 млрд теңгеден аспайды.

Биылғы тоғыз айда облыста жалпы кредиттік портфелі 16 млрд теңгені құрайтын 79 кепілдік шарты жасалып, қор кепілдіктерінің сомасы 8,9 млрд теңгеге жеткен.

– Біз кәсіпкердің нарықта қанша уақыт жұмыс істегеніне қарай шектеу қоймаймыз. Қолдау бұрыннан кәсібін жүргізіп келе жатқан азаматтарға да, ісін жаңадан бастаушыларға да арналған. Әрине, несие беретін банктің кәсіпкерлік тәжірибеге қатысты өз талаптары болуы мүмкін. Ал, қор тарапынан қаржыландыру мен кепілдік беру құралдары арқылы кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беріледі, – деп атап өтті филиал директорының орынбасары.

Сым сырттан тасылмайды

Кәсіптің көкжиегін кеңейту үшін нарықтың сұранысын танып қана қою жеткіліксіз. Сол сұранысты өз мүмкіндігіңмен өтеуге ұмтылу да маңызды.

«ЦСС-КАБЕЛЬ» зауытының қалыптасу жолы осыны меңзейді. Сегіз жыл бұрын кабель өнімдерін шетелден жеткізумен айналысқан компания бүгінде отандық өндірісті жолға қойып, нарықтағы орнын нығайтуға ден қойған.

Зауыттың негізін қалаушы әрі директоры Қайыржан Бижігіт өндірісті өрістетудегі басты мақсат – импорттық өнімдердің орнын отандық тауарлармен алмастыру екендігін айтады. Кәсіпорын алғашқы кезеңде төмен кернеулі кабель түрлерін шығаруды қолға алған. Ендігі меже – өнім түрлерін көбейтіп, электр желілерін жаңғыртуға қажетті сым өндірісін игеру.

– Біз бұл салаға кездейсоқ келген жоқпыз. Сегіз жыл бойы кабель өнімдерін сырттан жеткізіп, нарықтың қажеттілігін, тұтынушылардың талабын зерделедік. Сол тәжірибенің нәтижесінде өз өндірісімізді ашуға бел будық. Қазір төмен кернеулі кабель түрлерін шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта электр желілеріне арналған СИП және АС сымдарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз, – деді Қайыржан Бижігіт.

Әрине, өндірістің іргесін қалау қомақты қаражатты қажет етеді. Әсіресе, заманауи жабдық сатып алу, өндірістік базаны жарақтандыру және айналым қаражатын толықтыру кәсіпкерге едәуір қаржылық салмақ. Осы тұста «Даму» қорының қолдау тетіктері іске қосылған. Кәсіпорын былтыр «Өрлеу» бағдарламасы аясында жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен 180 млн теңге несие алып, қор тарапынан 72 млн теңге көлемінде кепілдікке ие болған. Биыл өндірісті одан әрі дамыту үшін тартылған 560 млн теңгелік банктік кредит бойынша тағы 230 млн теңге кепілдік берілген. Қаражат жаңа жабдықтар сатып алуға және өндірістік үдерісті қамтамасыз етуге бағытталған.

– Бүгінде зауытта 15 адам еңбек етеді. Қолда бар өндірістік мүмкіндік жылына 800 тоннаға дейін шикізат өңдеуге есептелген. Бытовая көшесі, 15 мекенжайында жеке қойма-дүкеніміз ашылды. Кабельдер еліміздің әр өңіріне жөнелтіледі. Тұтынушылар қатарында «Қарағанды Жарық», «Астана РЭК» секілді энергетикалық кәсіпорындармен бірге «BI Group», «Sensata Construction» тәрізді құрылыс компаниялары да бар, – дейді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын мұнымен шектелмек емес. Болашақта орта және жоғары кернеулі кабель түрлерін игеріп, өндіріс ауқымын кеңейтуді көздейді. Мұндай жоспардың жүзеге асуы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық кабель өнеркәсібінің мүмкіндігін арттыруға ықпал етпек.

Болаттай бекем өндіріс

Бұрыннан қалыптасқан кәсіптің қуатын арттырып, технологиясын жаңғырту да экономиканың еңсесін тіктейтін маңызды қадам. Осы орайда «Kaz-metiz» кәсіпорнының тәжірибесі назар аудартады. 2008 жылдан бері болат сымдар мен арқандар шығарып келе жатқан зауыт бүгінде отандық металл өңдеу өнеркәсібіндегі өзіндік орны бар бірегей өндіріс ошақтарының біріне айналған. Кәсіпорынның өнімдері тау-кен және металлургия кешендерінде, құрылыс пен энергетикада, мұнай-газ және теміржол салаларында кеңінен қолданылады.

– Кәсіпорнымыз индустрияландыру бағдарламасы аясында құрылды. Басты мақсатымыз – импортты алмастырып, ұлттық компаниялар мен ірі өндіріс орындарында отандық өнім үлесін арттыру. Бүгінде біздің өнімдерге Қазақстан нарығында ғана емес, шетелде де сұраныс бар. Жалпы, өндіріс көлемінің 30 пайызға жуығын Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстанға экспорттаймыз. Алғашқы жылдары жылына шамамен үш мың тонна өнім шығарсақ, қазір бұл көрсеткіш отыз мың тоннаға жетті. Яғни, өндіріс көлемін он есеге арттырдық, – деді кәсіпорын директоры Дмитрий Малахов.

Әрине, мұндай өсім өндірістік мүмкіндікті үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Осы қажеттілікті ескерген кәсіпорын 2023 жылдан бастап, өндірісті кеңейтуге бағытталған бесжылдық инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскен. Бұл бағытта «Даму» қорының қаржылық қолдауы да елеулі рөл атқарған. Кәсіпорын былтыр мемлекеттік субсидиялау тетігі аясында 5 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыруға қол жеткізіп, кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін жылдық 8 пайызға дейін төмендеткен. Тартылған қаражаттың бір бөлігі жаңа өндірістік жабдықтарға, құрылыс-монтаж жұмыстарына және инфрақұрылымды дамытуға бағытталса, қалған бөлігі шикізат сатып алуға қажетті айналым қаражатын толықтыруға жұмсалған.

– Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында сымды термиялық өңдейтін жаңа цехтың ғимаратын салдық. Әлемдік жетекші өндірушілердің бірі – FIB компаниясының сымды термиялық өңдеуге арналған желілерін, сондай-ақ, мырыштау қондырғыларын, арқан есетін машиналар мен сым созу жабдықтарын сатып алдық. Мұндай ауқымды жаңғырту қомақты қаржыны қажет етеді. «Даму» қорымен бірлескен жұмыс бізге қаржылық тұрақтылықты сақтап, жоспарлаған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Инвестициялық бағдарлама толық орындалғанда жылдық өндіріс көлемін 50 мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы.

Мұндағы тағы бір маңызды мәселе – өндірістің кеңеюімен бірге өңір экономикасына түсетін қайтарымның да артуы. Кәсіпорынның бесжылдық даму бағдарламасы аяқталғаннан кейін қосымша 63 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал, өндіріс қуаты межеленген деңгейге жеткен жағдайда жылдық салық төлемдерін шамамен 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізу болжанып отыр.

Шағын кәсіптің шапағаты

Мемлекеттік қолдаудың игілігін тек алып өндіріс орындары ғана көріп отырған жоқ. Қомақты инвестицияны қажет ететін өнеркәсіппен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті қызмет көрсететін шағын кәсіптің де өрісі кеңейіп келеді. Соның бір мысалы – Қарағандыдағы «UNO Montessori Kids Center» балалар орталығы. Биыл 9 наурызда есігін айқара ашқан бұл мекеме аз уақыт ішінде ата-аналардың сұранысына бейімделіп, қызмет ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік алған.

Орталықтың негізін қалаушы Анара Тұяқбаева – екі баланың анасы. Оның кәсіпкерлік бастамасы мектеп жасына дейінгі баланың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Мұнда Монтессори әдістемесіне сүйене отырып, балалардың дербестігін, өзіне деген сенімін, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға мән беріледі. Бастапқыда жарты күндік тәртіппен жұмыс істеген орталыққа уақыт өте толық күндік қызметке сұраныс арта түскен. Алайда, қызмет көлемін кеңейту үшін қосымша қаржы қажет болды.

– Орталығымызды наурыз айында ашып, алғашқыда балаларды жарты күнге қабылдадық. Кейін ата-аналар тарапынан толық күндік тәрбие мен дамыту қызметіне сұраныс көбейді. Әсіресе, балаларын бізге сеніп тапсырып жүрген отбасылар үшін мұндай мүмкіндіктің маңызы зор еді. Тамыз айындағы ашық есік күнінде «Кәсіпкер» бағдарламасы туралы біліп, «Даму» қорына жүгіндік. Алған қаржымыз айналым қаражатын толықтыруға бағытталды. Соның нәтижесінде толық күндік жұмыс тәртібіне көшуге мүмкіндік туды, – деді Анара Тұяқбаева.

Кәсіпкер аталған бағдарлама аясында жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн теңге қаржыландыру алған. Кепілзаты жеткіліксіз болғандықтан, қордың кепілдік беру тетігін де пайдаланған. Өндіріс орындарына бағытталған миллиардтаған теңгемен салыстырғанда бұл қаражаттың көлемі шағын көрінуі мүмкін. Әйткенмен, кәсіпкерлік қызметтің ауқымы мен қажеттілігін ескерсек, оның нақты нәтижесі бар. Бүгінде орталықта жеті маман еңбек етеді. Жалпы, 22 балаға есептелген мекемеде бүгінде 16 балдырған тәрбиеленуде.

Анара Тұяқбаева мұнымен шектелуді көздемейді. Алдымен, Қарағандыдағы орталықтың жұмысын нығайтып, қызмет сапасын жетілдіруді, кейін басқа қалаларда да осындай мекемелер ашуды жоспарлап отыр. Әрине, бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі іс.

Қолдау шалғайға да жетеді

Кәсіпкерлікке қолдау көрсету ісінде қаржының қолжетімділігімен қатар, қажетті ақпараттың дер кезінде жетуі де маңызды. Әсіресе, аудан мен ауылдағы кәсіп иелері үшін мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын білу, тиімді қаржыландыру көздерін қарастыру және тиісті мамандардан кеңес алу мәселесі өзекті. Осы қажеттілікті ескерген «Даму» қоры биылдан мобильді фронт-офис жұмысын қолға алған. Көшпелі кеңсенің басты ерекшелігі – кәсіпкерлердің облыс орталығына келуін күтпей, мамандардың өздері елдімекендерге барып, қолдау тетіктерін түсіндіруі.

– Аудандарға шыққанда бізбен бірге банк қызметкерлері мен өзге де қаржы ұйымдарының мамандары барады. Жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, «Даму» қорының, «Бәйтерек» холдингіне қарасты ұйымдардың бағдарламаларын таныстырамыз. Әр кәсіпкер өзіне қажетті қолдау бағытын анықтап, мамандардан кеңес ала алады. Біздің мақсатымыз – қаржылық мүмкіндіктердің шалғай елдімекендердегі азаматтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету, – деді Евгений Изотов.

Бастаманың алғашқы нәтижелері де көңіл қуантарлық. Қордың мобильді кеңсесі Қарағанды облысындағы жеті аудан мен бес моноқаланы аралап, 438 кәсіпкерге консультациялық көмек көрсеткен. Бұл ретте қолдау тек қаржыландыру шарттарын түсіндірумен шектелмейді. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау алған азаматтарға оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Демек, кәсіпкерге қаражат тартудың жолын көрсетумен қатар, кәсібін жүргізуге қажетті білім-білігін жетілдіруге де мән берілуде.

Әлбетте, кеңес алған кәсіпкердің бәрі бірдей қаржыландыруға қол жеткізді деуге негіз жоқ. Дегенмен, қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың ауыл-аймаққа жетуі – кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына жол ашатын маңызды қадам болмағы сөзсіз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button