Халық денсаулығы – ұлттық дамудың негізі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша назар аударылып, бірқатар маңызды міндеттер айқындалды.

Соның бірі – елдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа нысандардың құрылысын жандандыру. Атап айтқанда, өңірлерде 70-ке жуық медициналық нысан салу көзделіп отыр. Меніңше, бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған аса маңызды қадам. Өйткені сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы ең алдымен заманауи инфрақұрылым мен қажетті материалдық-техникалық базаның қалыптасуына байланысты.
Жоспарланған нысандар қатарында жаңа перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар. Бұл бастамалардың әрқайсысы қоғам үшін айрықша маңызға ие. Әсіресе, балалардың денсаулығын оңалтуға, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жобалардың орны бөлек.
Әрине, мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру жүйелі жоспарлауды, тиісті қаржыландыруды және нақты ұйымдастырушылық жұмысты талап етеді. Ең бастысы, жаңа нысандарды салумен ғана шектелмей, оларды білікті мамандармен, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмауы тиіс. Сонда ғана Жолдауда белгіленген міндеттер нақты нәтижесін беріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға қызмет етеді.
Жанна АМИРБЕКОВА
Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университетінің Клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры



