Қарағандыда ReStart жобасына қатысушыларға қолдау көрсетілді
Қарағандыда ReStart әлеуметтік жобасы аясында пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жастарға құқықтық әрі психологиялық қолдау көрсетуге арналған кездесу өтті.

Іс-шараны «Қоғамдық ақпарат қоры» қоғамдық қоры Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және Қарағанды қаласының ішкі саясат басқармасының өкілдерімен бірлесіп, бейінді мамандардың қатысуымен ұйымдастырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – қатысушыларға ақпарат берумен шектелмей, олардың жазасын өтеп шыққаннан кейінгі және қалыпты өмірге оралу барысында кездесетін нақты мәселелерін талқылау.

Нақты мәселелерге құқықтық кеңес
Құқықтық кеңес топтық форматта ұйымдастырылғанымен, кездесудің басым бөлігі қатысушылардың жеке мәселелерін талқылауға арналды. Заңгер жастармен жеке сөйлесіп, олардың өмірлік жағдайларын талдап, шешу жолдарын түсіндірді.

Құжаттарды қалпына келтіру және рәсімдеу, жұмысқа орналасу, берешектер, қолданыстағы шектеулер, құқықтарды қорғау және әлеуметтік бейімделуге кедергі келтіретін өзге де мәселелер сөз болды.
Сотталған адамдарға қоғам мен жұмыс берушілердің көзқарасы да назардан тыс қалмады. Заңгер шетелдік тәжірибелерге, соның ішінде АҚШ-та бұрын сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаларға тоқталды. Кейбір ірі жұмыс берушілердің де бос жұмыс орындарына қойылатын талаптарға сай келетін адамдарға еңбек етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, жазасын өтеген адам үшін қалыпты әлеуметтік ортаға оралып, еңбекке араласу мүмкіндігінің маңызы зор. Бұрынғы қателігін мойындап, алдағы шешімдеріне жауапкершілікпен қарауға дайын адамға өмірін жаңадан бастауға жағдай жасалуы керек. Бұл ретте оны қоғамнан үнемі шеттетуге жол бермеу маңызды.
«Қоғам мені қабылдамайды»: бостандыққа шыққаннан кейінгі психологиялық кедергілер
Кездесудің жеке бір бөлігі психологиялық және отбасылық қолдауға арналды. Қатысушылар психологқа сұрақ қойып, бостандыққа шыққаннан кейінгі көңіл күйі мен ішкі толғаныстарын бөлісті. Әңгіме барысында кінә мен ұят сезімі, қоғамның айыптауынан қорқу, оқшаулану және айналасындағылардың өздерін енді қабылдамайтыны туралы ойлар жиі айтылды.
Мұндай сезімдер кейбір жастар үшін елеулі психологиялық кедергіге айналады. Олар жұмыс берушінің, жақындарының немесе қоғамның теріс көзқарасын алдын ала болжап, өмірін өзгертуге деген талпынысынан бас тартуы мүмкін.
Психолог қатысушыларға өткен әрекеті мен жеке тұлғасын ажырата білуге, ішкі күйзелістерін түсінуге және отбасымен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты қалпына келтіру жолдарын қарастыруға көмектесті. Әсіресе отбасылық байланыстарды нығайту, сенімді қайта қалыптастыру және жақындарымен дұрыс қарым-қатынас орнату мәселелеріне басымдық берілді.
Басты мақсат – қатысушыларды тыңдау
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Топтық кеңестермен қатар, мамандар қатысушылардың жеке сұрақтарына жауап беріп, нақты жағдайларды талқылады.
Сондай-ақ жастардың бостандыққа шыққаннан кейін жиі кездесетін мәселелері мен қажеттіліктерін анықтау үшін сұхбаттар жүргізіліп, сауалнама алынды. Қалаған қатысушылар заңгер мен психологтың жеке кеңестерін әрі қарай жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Кері байланыс ReStart жобасының алдағы жұмысын жоспарлау үшін маңызды. Ол құқықтық көмек пен психологиялық сүйемелдеуден бастап, кәсіптік оқытуға, жұмысқа орналасуға және әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіруге дейінгі қолдау шараларының қайсысы көбірек қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.
ReStart жобасын «Қоғамдық ақпарат қоры» қоғамдық қоры жүзеге асырады. Жобаның негізгі бағыты – қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу.
Жобаның басты міндеттерінің бірі – жас азаматтарға бостандыққа шыққаннан кейінгі жекелеген мәселелерін шешуге ғана емес, өз бетінше өмір сүруге қажетті жағдай қалыптастыруға көмектесу. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру, қажетті білім мен дағдыларды меңгерту және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу көзделген.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



