Президент мектептерде мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, тіпті күш қолдану жағдайлары кездесетінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қағазбастылықтың орнын цифрлық платформалардағы есептер басқан. Бұл ұстаздардың негізгі жұмысына кедергі келтіріп отыр.

Мемлекет басшысы мұғалімнің басты міндеті балаға сапалы білім беру екенін атап өтті. Сондықтан білім беру жүйесіндегі реформалар ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек.
Сонымен қатар Президент мектептерде мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, тіпті күш қолдану жағдайлары кездесетінін айтты. Мұндай кезде мектеп әкімшілігінің өзі ұстазға қысым көрсетуі дұрыс емес екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір жағдайды жан-жақты қарастыру қажет деп санайды. Бұл ретте оқушы да, ата-ана да, мұғалім де, мектеп әкімшілігі де жауапкершілік танытуы керек.
Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне осы мәселелерді жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



