Жаңа Конституция – қуатты мемлекеттің негізі
Мемлекеттің қуаты оның экономикалық әлеуетімен, саяси тұрақтылығымен немесе халықаралық аренадағы беделімен ғана өлшенбейді. Елдің шынайы байлығы – дені сау, білімі терең, рухы мықты әрі жауапкершілігі жоғары азаматтары. Ал, осындай қоғамның қалыптасуы ең алдымен адамның құқықтары мен мүмкіндіктерін айқындайтын конституциялық қағидаттарға, әлеуметтік саясаттың сапасына және мемлекет дамуының басым бағыттарына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның қабылдануы елдің болашақ бағдарын бағамдауға, соның ішінде спорт саласының қоғам өміріндегі орнын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

Бұл ұстанымды спорт саласымен сабақтастырудың өзіндік мәні бар. Конституция мемлекеттің саяси құрылымын ғана айқындамайды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қатынастың негізгі қағидаларын белгілеп, қоғамдық дамудың құқықтық шегін қалыптастырады. Алайда, осы қағидаттардың өмірдегі нақты нәтижесі олардың күнделікті тәжірибеде қалай жүзеге асатынына байланысты. Мәселен, адамның денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз ету медициналық көмектің қолжетімділігімен ғана шектелмеуге тиіс. Аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене белсенділігін арттырып, бұқаралық спортты дамыту да осы міндеттің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл ретте Конституциядағы денсаулықты қорғауға қатысты нормаларды спортпен байланыстыру – негізгі заңның мазмұнын қоғамдық дамудың нақты қажеттіліктерімен ұштастырудың бір жолы.
Спорттың ерекшелігі – оның нәтижесі бірден көріне бермейді. Бүгін ашылған спорт секциясы немесе балаларға қолжетімді болған жаттығу алаңы ертеңгі күні дені сау ұрпақтың қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Жүйелі дене белсенділігі адамның физикалық дайындығын жақсартып қана қоймай, тәртіпке, табандылыққа, уақытты тиімді пайдалануға және ортақ мақсатқа ұмтылуға үйретеді.
Қазақстандық спорттың жетістіктері туралы сөз болғанда, әдетте, Олимпиада чемпиондары, әлемдік біріншіліктердің жеңімпаздары мен халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар еске түседі. Олардың жеңістері – ұлттық мақтаныштың қайнар көзі. Дегенмен, үлкен спорттың іргесі бұқаралық спорт арқылы қаланатынын естен шығармаған жөн. Кез келген чемпионның жолы алғашқы жаттығудан, алғашқы бапкерден және спортқа деген қызығушылықтан басталады. Ал, баланың спортқа келуі үшін оған қолайлы орта қажет. Бұл – үйіне жақын орналасқан секция, сапалы спорт алаңы, білікті жаттықтырушы және отбасының қаржылық мүмкіндігіне қарамастан жаттығуға жағдай жасайтын жүйе. Егер спорт инфрақұрылымы ірі қалаларда ғана шоғырланып, ауыл балаларының мүмкіндігі шектеулі болса, онда талантты жастардың бір бөлігі өз қабілетін толық көрсете алмай қалуы ықтимал. Демек, спортты дамытуда аумақтық теңгерім мен әлеуметтік қолжетімділікке ерекше назар аудару қажет. Бұл міндет әсіресе өнеркәсіптік аймақтар мен шағын қалалар үшін маңызды. Қарағанды облысында спорттың қалыптасқан дәстүрі, кәсіби командалары, мамандандырылған спорт мектептері және бұқаралық жарыстар өткізу тәжірибесі бар. Өңірдің спорттық әлеуетін одан әрі дамыту үшін осы мүмкіндіктерді халықтың барлық тобына тиімді жеткізу маңызды.Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның адамға бағдарланған қағидаттарын жүзеге асыру әлеуметтік саясаттың нақты нәтижелерінен көрінуі керек. Азаматтың денсаулығына, баланың дамуына және жастардың мүмкіндіктеріне салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция.
Жаңа Конституция айқындаған құқықтық бағдардың қоғамдық өмірдегі маңызды көріністерінің бірі де осы. Адамға жағдай жасау, оның әлеуетін ашу және болашақ ұрпақтың сапалы өмір сүруіне берік негіз қалыптастыру. Ал, спорт – сол болашаққа бастайтын маңызды жолдардың бірі.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



