Бас тақырыпЖаңалықтар

Тегі сақталған, тетігі жаңарған

Ежелден халқымыздың қуатына айналған ауыл шаруашылығы ел егемендік алғаннан соң да жалпақ жұртты тығырықтан шығаруға септескені шын. Ауыл-аймақ айлық алмай айран-асыр күйге түскенде төрт түлік азық та, қазық та бола білгені де ақиқат. Бүгінде сол бір атакәсіп ғылым мен озық технологиямен тыныстап, қайта жаңғырды. Ата-бабадан қалған аманат қазақы жылқының тегін асылдандыруды мұрат еткен ел ішіндегі азаматтар оны әлемдік деңгейдегі отандық брендке айналдыруды көздейді. Қарқаралы ауданындағы «Sadagro» фермасының діттегені – осы.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мұғалжар жылқысын жер-жаһанға танытуды мұрат еткен ферма инновациялық үрдістерді жатырқап, жатсынбады. Дарқан далада еркін жайылған жылқыларды ақпараттық технологиялар түгендеп отыр.

Назар ӘЛІ,

«Ortalyq Qazaqstan»

100 пайыз таза қанды Мұғалжар жылқысы – қазақтың байырғы жабы жылқысын ұзақ жылдар бойы мақсатты түрде сұрыптау мен ғылыми селекциялаудың нәтижесінде қалыптасқан тұқым Азия құрлығының қатал климатына, ызғарлы желі мен аязына төтеп беретін ерекше төзімділігімен белгілі. Кәсіпкер Бақытбек Тынаевтың бастамасымен еліміздің әр түпкірінен ең таңдаулы гендік қор жинақталды. Атап айтқанда, Ақтөбе өңірінен Мұғалжар жылқысының «Қайыңды» және «Ембі» типтері жеткізілсе, Орталық Қазақстанның Қызылтау аймағынан «Сарыарқа» (Қожамберді) типі қосылды. 2009 жылы ресми патенттелген және жылқы шаруашылығының ардагері Қожамберді атамыздың есімімен аталатын бұл тип Арқаның қандауырдай аязында қарды тебіндеп жайылуға, кез келген табиғи сынақтардан аман өтуге бейімделген.

Бүгінде «Sadagro» қожалығында 700-ге жуық жылқы өсіріледі. Үйір-үйірімен өріске шығатын жылқылар 2 300 гектар алқапты алып жатқан кең жайылымда бағылады. Қыста қосымша жем-шөпті қажетсінбейтін, тебіндеп жайылатын бұл тектің еті аса сапалы, дәруменге бай әрі экологиялық таза. Өнімділік көрсеткіштері де жоғары: етке сойылатын жабағылардың орташа таза салмағы 135-150 килограмды құраса, сүйегі ірілері 170 килоға дейін тартады. Мұндай сапалық сипаттар – жылқыларды дұрыс селекциялаудың және табиғи жайылым жүйесін тиімді пайдаланудың нәтижесі.

Бұл шаруашылықтың өзге де дәстүрлі фермалардан басты айырмашылығы мен басымдығы – өндірістік үдерістерді толық цифрландыруында. 2 300 гектар аумақта малды бақылау мен үйлестіру цифрлық платформалар арқылы оңтайландырылған. Қожалықтағы әрбір жылқы есепке алынып, сандық төлқұжатпен қамтамасыз етілген және оларға енгізілген реттік нөмірлік таңба мен брендтік белгі салынған. Кең алаңда жайылған 25 үйірдің айғырларына арнайы GPS-қарғыбаулар тағылған. Бұл жылқышыларды далада сағаттап мал іздеу бейнетінен арылтып, смартфон арқылы әр үйірдің нақты орналасқан жерін лезде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, цифрландыру бағытындағы ізденістер мұнымен шектелмейді. Жақын арада «IT GPS» компаниясының тың технологиясы іске қосылмақ, онда негізгі бақылау құрылғысы биеге орнатылып, қалған малдың құлағына микрочипті сырғалар тағылады. Бұл жүйе 40 метрлік радиустағы барлық малды қашықтан дәл көріп, онлайн режимде бақылауға жағдай жасайды. Ал, кең өрістегі малды іздеу, шолу және қайыру жұмыстарына заманауи ауыл шаруашылығы дрондары кеңінен қолданылады. Осы құрылғылардың ұялы байланыс ұстамайтын шалғай аумақтарда үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында базада Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернеті орнатылған, бұл жұмысшылардың дербес рациялар арқылы бір-бірімен тұрақты байланыста болуына мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның техникалық паркі де заман талабына сай әр 2-3 жыл сайын тұрақты түрде жаңартылып отырады. Атқарылатын ауыр да далалық жұмыстарға «Беларус» тракторлары пайдаланылса, жылқышылар жазғы маусымда куб көлемі жоғары мотоциклдерді, ал қыстың аязында отандық және шетелдік өнімділігі жоғары УАЗ көліктері мен баггилерді тізгіндейді. Бүгінде «Sadagro» өсірген асыл тұқымды жабағыларға ішкі нарықта сұраныс өте жоғары. Кәсіпорын өзінің тыныс-тіршілігін Instagram желісіндегі «Sadagro.kz» ресми парақшасы арқылы ашық әрі тұрақты түрде жариялайды.

Жоғары нәтижелерге қол жеткізуде ұжымның, әсіресе, жылқышылар мен мал дәрігерінің еңбегі зор. Бас жылқышылар Бірлік Уақас пен Асқар Байділда өрістегі малды күні-түні қадағаласа, малдың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей ветеринар маман Нұргелді Ахметжанов жауап береді. Маманның айтуынша, заманауи жабдықтар дала жағдайында диагностика жасауды жеңілдеткен.

Бүгінгі таңда шаруашылық тек жылқы өсірумен шектелмей, өз қызметін диверсификациялауға кірісті. Қожалықта асыл тұқымды 50 «Ақбас» сиыры өсірілуде, алдағы уақытта етті-майлы бағыттағы Еділбай қой тұқымын көбейту және Созақ өңірінен түйе әкеліп, шипалы шұбат өндірісін жолға қою жоспарланған. Сонымен бірге, Егіндібұлақ пен Теректі сынды тарихи мекендердің табиғаты мен әлеуетін паш ету үшін агроблогерлерді арнайы шақырып, аймақты әлеуметтік желілерде кеңінен танытуда.

Жоғары сапалы гендік қорды сақтап, цифрлық технологияларды сәтті ұштастырған «Sadagro» агрокешені Сарыарқа төсінде ғана емес, жер жүзіне қазақ жылқысының даңқын асқақтатары хақ.

Назар ӘЛІ
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарқаралы ауданы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button