Бас тақырыпЖаңалықтар

«Орталықтың» бас редакторы – үздік!

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Кәрібайұлы Мұсабек «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Қазақстанның үздік бас редакторы» атанды. Мәртебелі марапат қарымды қаламгердің отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі, редакциялық қызметтегі жоғары кәсібилігі, ақпарат сапасын арттырудағы нәтижелі еңбегі мен медиасаладағы көшбасшылық қызметі үшін берілгені даусыз.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Ширек ғасырдан астам ғұмырын журналистикаға арнаған Ерсін Кәрібайұлы – қазақ публицистикасының көрнекті өкілі, қарымды қаламгер Мағауия Сембай қалыптастырған шығармашылық мектептің лайықты мұрагері. Ұстаз аманатына адалдық танытып, қарашаңырақ басылымның беделін биіктету жолында қалам қайратын да, ұйымдастырушылық қабілетін де қатар жұмсап келеді. Оның басшылығымен ғасырлық белеске бет алған «Орталық Қазақстан» газеті уақыт тынысын тап басып, өңірдің қоғамдық өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп келеді.

Қарымды қаламгердің шығармашылық ізденісі редакциялық қызметпен ғана шектелмейді. Былтыр оқырманға жол тартқан «Сұңқардың көз жасы» атты кітабы – оның публицистикалық пайымы мен қаламгерлік қолтаңбасын танытқан сүбелі еңбектерінің бірі. Журналистік жолында жинақтаған тәжірибесі мен өмірден түйген толғамдары қаламгер шығармашылығына өзіндік өрнек дарытып келеді.

Бұл марапатты Ерсін Кәрібайұлының ұзақ жылғы қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, шежірелі «Орталық Қазақстан» газетінің мерейін үстем еткен мәртебелі жетістік деп білеміз!

Редакторымызды абыройлы марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс, қаламына қуат тілейміз!

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button