Тарих таңбасы түскен күндер
Ертегідей еліктірген, мазмұнының мәні кетпес қастерлі Республика күні әлем елдерінде қалай тойланады? Ара-жігі ажырағысыз мереке әр елдің тарихына сынадай қағылған темірқазық дата. Оқығанша асықтырған осы сауал әлем картасын бір «саяхаттап» шығуға меңзегендей…

Түркияда Республика күні – Джумхуриет байрамы (Cumhuriyet Bayramı) – 29 қазанда аталады. 1923 жылы дәл осы күні Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі республика құрылғанын жариялады. Мемлекет Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен құрылды. Мереке Түркияда ұлттық мереке ретінде тойланады. Келесі аптада, 29 қазанда, республика 103 жасқа толады. Басты рәсім – Анкарадағы Анытқабырда (түрікше Anıtkabir), яғни, Ататүрік жерленген мемориалда. Былтыр Президент Режеп Тайып Ердоған бастаған мемлекет басшылығы мұнда алғашқы ресми рәсімге қатысты. Рәсімнен кейін мемориал қақпасы халыққа айқара ашылып, оған елдің түпкір-түпкірінен, тіпті, шетелден келген адамдар ағыла бастады. Мерекені әдетте республика өңірлерінің бәрі мерекелейді. Әкімшілік алдында құттықтау қабылдау амалдары бастау алып, Ататүрік ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен соң кешкілік қолшамдар ұстаған жұртшылықтың мейрамдық шеруі өтеді. Мемлекеттікмекемелер демалады. Шетелдегі түрік елшіліктері де қабылдау ұйымдастырады. 2023 жылы, республиканың 100 жылдығында мұндай шаралар Баку мен Дублиннен бастап Пекинге дейін дерлік өткен.
Италияда 2 маусым – Festa della Repubblica күні. 1946 жылғы осы күні итальяндықтар референдумда монархияныжойып, республика жағына дауыс берді. Сағат 9.15-те Президент Венеция алаңындағы Белгісіз сарбаз қабіріне гүл шоғын қояды. Сағат 10.00-де Императорлық форумдар даңғылымен әскери шеру басталады. Оның шырайын Фречче Триколори әуе акробатикалық тобы келтіреді. Ұшақтар Колизей үстінде Италия туының жасыл, ақ, қызыл түсті түтінін қалдырып өтеді. Күндіз 15.00-ден 19.00-ге дейінПрезидент резиденциясы – Квиринал сарайының бағыхалыққа тегін ашылады. Соңғы жылдары мереке күнімемлекеттік мұражайлар мен археологиялық аймақтарға кіруде тегін болған.
Үндістанда Республика күні – 26 қаңтарда тойланады. 1949 жылы 26 қарашада қабылданған Конституция 1950 жылы 26 қаңтарында күшіне енді. Ел республикаға айналды. Яғни, бұл мереке – Ата заң мерекесі. Жыл сайынғы басты шара – Нью-Делидегі Картавья жолындағы мемлекеттік парады. Мерекелік шеру Президент резиденциясынан басталып, Үнді қақпасына қарай өтеді. Алғашқы парад 1950 жылы өтті. Сол күннен бері шетелдік мемлекет не үкімет басшысын құрметті қонаққа шақыру дәстүрге айналған. Шеру Премьер-министрдің Ұлттық соғыс мемориалына құрметкөрсетуінен басталды.
Республика күндері басқа құрлықтарда да бар. Бразилия 15 қарашада 1889 жылы монархияның орнына республика жарияланғанын еске алады. Мальдив аралдары 11 қарашада1968 жылы монархия жойылған күнді мерекелейді. Ганада 1 шілде – 1960 жылы елдің республикаға айналған күні. Тарихы таңсық болғанымен, мереке мазмұнын салғастырсақ, ұзын-ырғасы осындай. Италия үшін республика – халықтың дауыс беру арқылы жасаған тарихи таңдауы. Үндістан үшін – Конституцияның күшіне енген сәті. Түркия үшін – мемлекеттілігінің жариялануы. Отанымыз Қазақстан үшін – Егемендік туралы декларация, яғни, ұлы жолдың алғы қадамыдер едік. Рәсімдер де сантүрлі.
Әр халықтың тарихындағы ұмытылмас күндерді тәспінің тасындай етіп тізгенімізде мейрамының сипаты әртүрлі болғанымен, көздеген мұраты бір екендігін түйсіндік. Елдікті көз қарашығындай сақтау, бостан күнін бағалау, келешекке кемел сеніммен қарау. Егемендік екі айналып келмейтінін жете түсіну. Әр ел Республика күнін өз тарихына сай атап өтеді. Халықтың ұлы мұраты – азат өмір сүру, өз тағдырын өзі айқындау, болашаққа нық қадам басу. Қандай ғажап мұрат!
Ерқанат Кеңесбекұлы
«Ortalyq Qazaqstan»



