Қарағандыда «Шахтердің» жеңісін ұлықтаған футбол тойы өтті
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Бірінші лиганың чемпионы атанып, Премьер-лигаға жолдама алды. Осыған орай Қарағандыдағы Достық үйінде 2025–2026 жылғы футбол маусымының қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, чемпиондарды жеңісімен құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде команданы Премьер-лигаға қайта оралуымен құттықтап, клубтың алдағы дамуына бағытталған бірқатар жоспармен бөлісті. Сондай-ақ, командаға жаңа автобус табысталып, клуб инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

– Баршаңызды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! «Шахтер» клубын, команда ойыншыларын және барша жанкүйерлерді Премьер-лигаға оралуымен құттықтаймын! Бұл – Республика күніне орай жасалған лайықты тарту. Клуб ойыншыларымен соңғы кездескенімде команда өкілдері жаңа, заманауи автобус қажет екенін айтқан еді. Желтоқсан айында осы сыйлықты табыстаймыз. Бұдан бөлек, клуб басшылығы шағын автобус сұраған болатын. Бұл мәселе де келесі жылдың наурыз айына дейін шешімін табады деп жоспарлап отырмыз. Ең алдымен, Тимур Руслановичке және бас бапкер Андрей Финонченкоға алғысымды білдіргім келеді. Олар ауқымды жұмыс атқарды. Біз де өз тарапымыздан «Шахтер» клубының кәсіби деңгейде дамуына және бұқаралық футболдың өркендеуіне үлес қосып келеміз. Келесі жылға арналған жоспарларымыз да бекітілді. «Шахтер» футбол академиясының құрылысы аяқталып, уәде етілгендей, күзде жаңа әрі заманауи ғимаратта жұмысын бастайды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының әкімдігімен бірлесіп, 15 мың көрерменге арналған жаңа жабық стадионның жобалау жұмыстары қолға алынды. Алдымызда нақты міндеттер тұр, жұмысты қарқынды жалғастырамыз. Бұдан бөлек, қолданыстағы стадионның алаңы жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы бұл жұмыстың жалғасы ретінде стадиондағы ескі орындықтар толық ауыстырылады. Барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдағы маусымда «Шахтер» жаңартылған стадионда өнер көрсетеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шара барысында «Шахтер» клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шатцкий Бірінші лиганың «Үздік қақпашысы» деп танылды.

Команданың шабуылшысы Артем Литош бірден екі номинация бойынша үздік деп танылды.

Ол маусым барысында 24 гол соғып, тоғыз нәтижелі пас беріп, Бірінші лиганың «Үздік сұрмергені» және «Үздік ассистенті» атақтарын иеленді.
Сондай-ақ «Шахтер» ойыншысы, Қазақстанның U-18 жасөспірімдер құрамасының мүшесі Нұралы Азатқазы «Үздік жас футболшы» номинациясында жеңімпаз атанды. Ал «Үздік гол» атағы команданың шабуылшысы Арман Нүсіпке бұйырды.

Оның Бірінші лиганың төртінші турында «Тобыл» клубына қарсы соққан голы маусымның үздік голы деп танылды.

Жақында ғана клуб шабуылшысы Артем Ұлттық құрама сапына шақырту алды. Шабуылшы алдағы маусымда да «Шахтер» жейдесінде өнер көрсетіп, командамен бірге жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.

– Жаңа маусымда Премьер-лигада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін. Биылғы маусымда жеңіске жеткенімізбен, оған жету жолы оңай болған жоқ. Алдағы маусымда да «Шахтер» сапында қалғым келеді. Клуб маған сенім артып, алаңда өзімді көрсетуге мүмкіндік береді деп үміттенемін. Мен де команда үшін бар күшімді салып, жеңіс жолында аянбай еңбек етуге дайынмын, – деді шабуылшы.
Шахтинск қаласының тұрғыны Жанғали Жүгінісов «Шахтер» футбол клубына 2008 жылдан бері жанкүйерлік етіп келеді. Өзі де кенші болғандықтан, кеншілер клубының әрбір жетістігін ерекше мақтаныш санайды.

– Команданың екі жыл қатарынан Бірінші лигада өнер көрсетуі жанкүйерлерге де оңай тимеді. Кеншілердің бәрі «Шахтерге» жанкүйер. Биыл команда жоғары деңгейде ойын көрсетіп, Премьер-лигаға қайта оралды. Қазақстандық клубтар арасында Чемпиондар лигасына алғаш болып жолдама алған да – осы «Шахтер» еді. Сол бір жарқын кезеңдегі жеңісті күндеріміз қайта оралады деп сенемін, – деді жанкүйер.

«Шахтер» клубының жаңа маусымға дайындығы аясында команда құрамы да едәуір жаңармақ. Алдын ала жоспар бойынша, ойыншылардың 40–45 пайызы ауысып, бірқатар жаңа ойыншы қатарға қосылады деп күтілуде.

Олардың арасында шетелдік легионерлермен бірге, Қазақстанның өзге клубтарында өнер көрсетіп жүрген үздік ойыншыларды шақырту көзделген.

Алдағы маусымда «кеншілер» жанкүйерлерімен Орталық стадионда қайта қауышады.

Сыйымдылығы 18 мың көрерменге арналған стадионда команда жанкүйерлерінің қолдауымен Премьер-лигадағы жаңа белестерді бағындыруға ұмтылмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



