Жаңалықтар

Сүт өндірісінің серпіні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру міндетін қойды.

Суреттер «Natige» сүт фабрикасының сайтынан

“Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріп, өндірістен дайын өнімді өткізуге дейінгі тұтас жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті. «Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Облыста осы бағытта нақты жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа сүт-тауарлы фермалар салынып, қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуаты ұлғайып келеді. Ал, қайта өңдеу кәсіпорындары отандық өнім түрлерін көбейтіп, өткізу нарығын кеңейтуде.

 

Ауыл шаруашылығының табысы бүгінде тек өсірілген малдың немесе өндірілген шикізаттың көлемімен өлшенбейді. Бастысы – сол өнімді ысырапсыз өңдеп, тұтынушыға сапалы күйінде жеткізе білу. Өңірдегі сүт өндірісін дамыту ісі осы қағидатқа негізделіп келеді. Мал азығын өсіруден бастап, асыл тұқымды ірі қараны күтіп-бағу, сүт сауу, шикізатты өңдеу және дайын өнімді сауда сөрелеріне шығаруға дейінгі жұмыстар бір-бірімен сабақтасып жатыр. Өңірдегі ірі шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарының тәжірибесі – осының айғағы.

Нұра ауданының Көбетей ауылындағы «Рамадан» сүт-тауарлы фермасы – ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізудің нақты мысалы. Мұнда бүгінде тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіріледі. Бұл көрсеткіштің артында бірнеше жылға созылған дайындық, инвестиция және өндірісті жолға қою жұмыстары тұр.

Ферманың құрылысы 2024 жылы басталған. Ал, 2025 жылдың мамырында Ресейден алғашқы асыл тұқымды сиырлар жеткізіліп, тамыз айында алғашқы сүт сауылған. Содан бері шаруашылық өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдегі сүт өндірушілердің қатарына қосылды.

Қазір фермада голштин тұқымды 1 100 бас ірі қара ұсталады. Сүттілігімен ерекшеленетін бұл тұқымды күтіп-бағудың өзіндік талаптары бар. Сондықтан шаруашылықта мал күтімі мен сауу жұмыстары автоматтандырылған жабдықтардың көмегімен жүргізіледі. Қора-жайларда климатты бақылау жүйесі жұмыс істейді. Мұндай технологиялар малға қолайлы жағдай қалыптастырып, өндірістік үдерістерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сүт шаруашылығында жемшөптің орны бөлек. Мал азығының сапасы мен жеткіліктілігі өнім көлеміне тікелей әсер ететіні белгілі. Осыны ескерген кәсіпорын өз жемшөп базасын қалыптастырған. Бұл шаруашылықтың сыртқы жеткізушілерге тәуелділігін азайтып, өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз етуге негіз болады.

– Қазір тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіріп, Қарағанды қаласына жеткізіп отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазір тағы 400 басқа арналған ферма салып жатырмыз, – деді «Рамадан» сүт-тауарлы фермасы» ЖШС директоры Жарас Қанапин.

Демек, кәсіпорын қол жеткізген нәтижемен шектелмек емес. Қосымша өндірістік нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін мал басын көбейтіп, сүт өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Алдағы жоспардың бірі – Астана нарығына шығу. Бұл шаруашылық үшін жаңа өткізу бағытын игеріп, тұтынушылар ауқымын кеңейтудің маңызды қадамы болмақ.

Өңірде өндірістің барлық кезеңін өзара ұштастыруға ұмтылған шаруашылықтар да бар. Соның бірі – «Евразия Инвест LTD» агроөнеркәсіптік кластері. Мұнда сүтті мал шаруашылығы жеке бағыт ретінде емес, егіншілікпен және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаумен тығыз байланыста дамып келеді.

Компанияның иелігіндегі жер көлемі 56 мың гектарға жетеді. Оның 10 мың гектары – суармалы алқап. Бұл – егіншілікпен қатар мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ауқымды ресурс.

Родниковское ауылында сыйымдылығы 35 мың тонна астық элеваторы мен 17 мың тонна көкөніс сақтауға арналған қойма жұмыс істейді. Мұндай инфрақұрылым ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау және өндірістік үдерістерді жоспарлы ұйымдастыру үшін маңызды.

Кластердің сүтті мал шаруашылығына қатысты жоспары да ауқымды. Ферманың бірінші кезеңі 1200 сауын сиырға есептелген. Қазіргі уақытта тағы 2400 басқа арналған екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу көзделген. Ал, үшінші кезең аяқталғаннан кейін сауын сиырлардың жалпы саны 6 мың басқа жетуге тиіс.

Бұл – мал басын көбейту ғана емес, тұтас шаруашылықтың өндірістік мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жұмыс. Өйткені, мұндай көлемдегі сүт өндірісін дамыту үшін мал азығының тұрақты қоры, тиісті инфрақұрылым, технологиялық жабдықтар мен өндірісті тиімді ұйымдастыру қажет. Егіншілік пен мал шаруашылығын бір жүйеге біріктірудің маңызы да осында.

Дегенмен, сүт өндірісінің келесі әрі аса маңызды кезеңі – шикізатты өңдеу. Фермада сауылған сүттің тұтынушы дастарқанына жеткенге дейінгі жолы мұнымен аяқталмайды. Ол өңдеу кәсіпорнына жеткізіліп, күнделікті сұранысқа ие түрлі тағамға айналады. Бұл бағытта Қарағандыдағы «Natige» сүт фабрикасының өзіндік орны бар.

2003 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын бүгінде тәулігіне шамамен 90 тонна сүт өңдейді. Оның 70 тоннасы Қарағандыда, қалған 20 тоннасы Көкшетауда өңделеді. Шикізат 22 сүт қабылдау пункті арқылы жеткізіледі. Демек, дайын өнім шығарудың артында сүтті жинау, тасымалдау және өңдеуді қамтитын ауқымды жұмыс жатыр.

Фабриканың өнім түрлері де жыл өткен сайын кеңейген. Бүгінде мұнда сүт, айран, йогурт, қаймақ, сүзбе, тәтті сүзбе, құрт, сары май мен ірімшік өндіріледі. Жалпы, өнім түрлерінің саны 100-ден асады. Кәсіпорынның дайын өнімдері Қазақстанның түрлі қалаларына жөнелтіледі.

Шикізатты өңдеудің экономикалық маңызы зор. Сүтті сол күйінде өткізумен салыстырғанда, одан сан алуан дайын өнім шығару өндірістің қосымша мүмкіндіктерін ашады. Бұл ретте технологиялық жабдықтардың сапасы, өндірістік тәртіп пен өнім түрлерін тұтынушы сұранысына қарай дамыту шешуші рөл атқарады.

«Natige» фабрикасының қалыптасу тарихы да тәуекел мен табанды еңбектің нәтижесін көрсетеді. Кәсіпорын басшысы Ерлан Әшім өндірісті кеңейту туралы шешім қабылдаған кезеңді былай еске алады.

– Шамамен 15 жыл бұрын осында ірі сүт зауытын салуды ұйғардым. Несие қаражатына Швециядан жабдықтар әкелдік. Тәуекел үлкен болды. Бірақ оны ақтай алдық, – дейді «Natige» сүт фабрикасы» ЖШС бас директоры.

Шынында да, қайта өңдеу саласында табысқа жету үшін шикізаттың болуы жеткіліксіз. Заманауи технология, өндірісті ұйымдастыру тәжірибесі және тұрақты өткізу нарығы қажет. Фабриканың бүгінгі жұмыс ауқымы осы бағытта қалыптасқан тәжірибенің нәтижесін аңғартады.

Облыстағы жобалар осы міндеттерді өзара сабақтастыра шешуге бағытталған. Өндіріс көлемін арттыру мен қайта өңдеуді дамыту қатар жүргенде ғана ауыл шаруашылығының экономикалық қайтарымы ұлғая түспек.

Сондықтан, өңірдегі сүт өндірісін дамыту – жекелеген шаруашылықтардың табысы ғана емес, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндігін ұштастыруға бағытталған маңызды іс. Ал оның түпкі нәтижесі халыққа ұсынылатын сапалы отандық өнімнің молаюымен өлшенбек.

Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button