Сағат Батырхановаға Қарағанды облысының Құрмет грамотасы табысталды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Халықаралық журналист, Қазақстанның Құрметі журналисі Сағат Сыдыққызы Батырханованы 70 жасқа толуымен аймақ басшысы атынан құттықтап, өңір журналистикасы мен мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Қарағанды облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары мерейтой иесінің кәсіби еңбегіне тоқталып, Арқа өңірінің ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесіне алғыс білдірді.

– Қарағанды облысы әкімінің атынан Сізді жеке мерекеңізбен құттықтауға жиналып отырмыз. Ең алдымен, Арқа өңірінің журналистикасы мен мәдениет саласына қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз әзірлеген бағдарламалар – әлі күнге дейін халықтың жадында. Бүгінде «QAZAQSTAN» Ұлттық телерадио корпорациясы мен «Saryarqa» телеарнасы сол бағдарламаларды жас журналистерге үлгі ретінде көрсетіп келеді. Өңір журналистикасына сіңірген еңбегіңіз, кәсіби тәжірибеңіз бен азаматтық ұстанымыңыз – кейінгі буынға өнеге. Сіздің тәжірибеңізді үйренген жастардың арасынан да талай талантты журналистер шықты, алдағы уақытта да шыға береді деп сенеміз. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Екі өмірде де керекті іс – ұждан» деген сөзі бар. Сіз әр ісіңізге осы ұстаныммен қарап, өңіріміздің азаматтарына үлгі болып келесіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Әлі де атқарар ісіңіз көп екеніне сенімдіміз, – деді Әлібек Үсенұлы.

Жиында Қарағанды облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова да мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді. Ол Сағат Батырханованың журналистика мен мәдениет саласындағы еңбегін ерекше атап өтіп, әріптесінің кәсіби болмысына тоқталды.

– Сағат – ақпарат саласының ардагері, ерекше ұстаз, мықты журналист. Еңбек жолын радиодан бастап, кейін теледидар саласында да жемісті еңбек етті. Оның кәсіби шеберлігі мен тәжірибесі өңір журналистикасының дамуына үлкен үлес қосты. Сағат Батырханованың шығармашылық еңбегі мәдениет саласының дамуына да зор ықпалын тигізді. Оның қолдауымен өңірдің мәдени тынысы, театрлар мен филармонияның жұмысы, өнер адамдарының жетістіктері кеңінен насихатталды. Қарағандының мәдени өміріндегі көптеген маңызды оқиға көрермен мен тыңдарманға оның еңбегі арқылы жетті. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін! Бала-шағаңыздың қызығын көріп, жақындарыңыздың ортасында шаттыққа бөленіп, ұзақ ғұмыр кешіңіз. Әлі де береріңіз көп. Әрдайым аман-есен ортамызда жүре беріңіз, – деді Рымбала Омарбекова.

Мерейтой иесін Арқа журналистері атынан облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек, шәкірті, «Saryarqa» телеарнасының бас редакторы Гүлбақша Ақажанова және Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ сазды драма театрының директоры Құрман Қалымов құттықтап, Сағат Сыдыққызының аймақ өміріндегі, өз тағдырларындағы орнына тоқталды. Сондай-ақ, әріптестеріне құрмет көрсетіп жатқан облыс басшылығына ақжарма көңілмен алғыстарын жеткізді.

Сағат Сыдыққызы Батырханова – қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Оның көп жылғы еңбегі, кәсіби тәжірибесі мен кейінгі буынға көрсеткен қолдауы өңірдің ақпарат кеңістігінде айрықша орын алады. Мерейтой иесіне ізгі тілектер айтылып, еңбегіне құрмет көрсетілген кездесуде оның журналистика мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі тағы бір мәрте атап өтілді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»



