Қазақстанда жылыту маусымында 56 мыңнан астам үйге қауіпсіздік датчиктері орнатылды
Қазақстанда жылыту маусымында өрт пен газдан улану қаупінің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылыту маусымында тұрғын үйлерге 56 мыңнан астам қауіпсіздік датчигі орнатылған. Олардың дабылының арқасында 290 адамды улану мен өлімнен аман алып қалу мүмкін болды.Бұл туралы ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында өткен «Жылыту маусымы: өрттердің негізгі себептері және олардың алдын алу шаралары» тақырыбындағы брифингте айтылды.

Іс-шарада ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев жылыту кезеңіне дайындық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
15 тамыздан бастап елімізде республикалық өрт қауіпсіздігінің алдын алу акциясы өткізіліп жатыр. Оның аясында мамандар тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетеді. Тұрғындарға жылыту пештері мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндіріледі.
Әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қауіпсіздігіне басымдық берілген. Қазіргі уақытта осы санаттағы тұрғындар тұратын 96 мыңнан астам үй есепке алынған. Әкімдіктер мен еріктілердің көмегімен 74,5 мың үйдің өрт қауіпсіздігі жағдайы жақсартылды. Мамандар пештер мен электр жүйелерінің жай-күйін тексеріп, түтін мұржаларын тазарту және ақауларды жою бойынша кеңес береді. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған үйлерге қайта бару жұмыстары да жүргізіледі.
Қауіптің алдын алу үшін тұрғын үйлерге газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Биылғы профилактикалық акция басталғалы бері тағы 5 мыңнан астам құрылғы қойылған. Өткен жылыту маусымында 51 мыңнан астам датчик орнатылған.
Сонымен қатар қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару мақсатында «Ата-ананың үйін тексер» республикалық акциясы басталды. ТЖМ азаматтарды ата-аналарының үйлеріндегі электр сымдары мен жылыту пештерінің жағдайын тексеруге, ақауларды дер кезінде жоюға және қажетті жерлерге өрт датчиктерін орнатуға шақырады.
Министрліктің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрт саны 16%-ға азайып, 3 359 жағдайды құрады. Өрттен қаза тапқандар саны 3,3%-ға, ал жарақат алғандар саны 28%-ға төмендеген.
ТЖМ дерегіне сәйкес, тұрғын үйлердегі өрттердің негізгі себептері – электр құрылғыларын орнату және пайдалану ережелерін бұзу, пештерді дұрыс пайдаланбау және отты абайсыз қолдану. Өрттердің шамамен 40%-ы электр жабдықтарына қатысты талаптардың сақталмауынан, 20–25%-ы пештерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан, ал 18–20%-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден туындайды.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды жылыту маусымы басталғанға дейін пештер мен электр жабдықтарын тексеріп, түтін мұржаларын тазалауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



