Премьер-министр Балқаштағы маңызды инфрақұрылым нысандарын аралады
Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Балқаш қаласындағы бірқатар маңызды инфрақұрылым нысандарын аралады. Сапар кезінде жылу электр орталығын жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және туризмді дамыту мәселелері қаралды.

Алдымен Үкімет басшысы Балқаш көпсалалы ауруханасы жанынан ашылған жаңа ангиографиялық орталықтың жұмысымен танысты. Нысан биыл мамыр айында пайдалануға берілген. Жобаны іске асыруға мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан 1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар республикалық бюджет қаражатына ангиографиялық қондырғы, компьютерлік томограф және магниттік-резонанстық томограф сатып алынған.

Жаңа орталық Балқаш пен Приозерск қалаларының, сондай-ақ Шет және Ақтоғай аудандарының шамамен 150 мың тұрғынына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда шұғыл жағдайларда, соның ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт кезінде науқастарға жедел көмек көрсетіледі.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың мәліметінше, биыл шілдеден бері орталықта 148 ангиографиялық зерттеу мен эндоваскулярлық араласу жасалған. Оның ішінде 70 стенттеу және баллондық ангиопластика операциясы бар. Уақтылы жүргізілген медициналық араласулар 70 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.

Олжас Бектенов өңір әкімдігіне орталықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, медициналық кадрлардың әлеуетін арттыруға назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда халыққа тікелей қажетті медициналық мекемелерге, білім беру нысандарына және инженерлік желілерге басымдық берілетінін атап өтті.

Бұдан кейін Премьер-министр Балқаш жылу электр орталығына барды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде станция апатты жағдай қаупі жоғары «қызыл аймақтан» шығарылған. Биыл негізгі жабдықтарды жөндеуге жоспарланған 3,2 млрд теңгенің жұмыстары толық аяқталды.

Қазір жылу электр орталығында өндірістік қуатты жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы құны 30,3 млрд теңге болатын №5 қазандық агрегатын салу жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі жабдықтарды монтаждау аяқталып, қазандық ғимараты мен отын беру тракты салынған. Қазіргі уақытта заманауи газ тазарту жабдығын жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Жоба іске асқаннан кейін станцияның бу өндіру қуаты сағатына 270 тоннаға артады. Келесі кезеңде құны 28,7 млрд теңге болатын жаңа №5 турбоагрегат орнату жоспарланған. Бұл станцияның электр қуатын 65 МВт-қа, ал жылу қуатын сағатына 55 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Екі жобаны да 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Премьер-министр тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың басым міндеті екенін атап өтті. Мәліметке сәйкес, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында Балқаш ЖЭО-да II дәрежелі 17 ақау тіркелген. Осыған байланысты өңірлік штабқа станция жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, қаланы жылумен үздіксіз қамту тапсырылды.
Сапар барысында Олжас Бектенов Balkhash индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан туристік жобалармен де танысты. Биыл мұнда жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрайтын алты жаңа демалыс аймағы ашылған. Бұған қоса, төрт жұлдызды қонақ үйлер салу бойынша екі жобаны жүзеге асыру басталды.
Қазір туристік аумақта инженерлік желілер мен жағалау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жобалар Балқаш көлінің жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи туристік кластер қалыптастыруға бағытталған.
Үкімет басшысының жұмыс сапары аясында коммуналдық-энергетикалық жүйенің тұрақтылығы, медициналық көмектің қолжетімділігі және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қамтылды. Бұл бағыттар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мен Балқаштың экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



