Мұғалімдер мерейі асқан күн
Бұқар жырау ауданының Доскей ауылдық Мәдениет үйінде аудан мұғалімдері кәсіби мерекесін атап өтті. Мерекелік салтанат ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының (сомдаған Максим Дәурен) монологімен ашылып, аудан әкімі Ерлан Құсайын ұстаздар қауымын мерекесімен құттықтады. Конкурста жеңімпаз атанған педагогтерге аудан әкімінің сыйлығын тапсырды.

Биыл екінші рет өткізіліп отырған конкурста “Ақбота” бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Елена Лопунова “Мектепке дейінгі білім беру және тәрбие ұйымының таңдаулы тәрбиешісі”, Қаныш Сәтбаев атындағы ЖБОМ бастауыш сынып мұғалімі Гаухар Салықова “Үздік бастауыш сынып мұғалімі”, Ботақара орта мектебі биология пәнінің мұғалімі Зарина Шалабаева, Үштөбе тірек мектебі ресурстық орталығының тарих пәнінің мұғалімі Ақжол Тілегенов “Үздік пән мұғалімі”, Әлкей Марғұлан атындағы ЖБОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботакөз Сембаева “Олимпиадалар мен конкурстар жеңімпаздарын даярлаған үздік педагог”, “Руханият” қосымша білім беру орталығының мұғалімі Ақмарал Есіргепова “Қосымша білім беру саласының үздік педагогы” номинацияларында жеңіске жетіп, оларға диплом мен 150 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖБОМ директоры Әбдірашит Шұңғыловқа “Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін” номинациясында диплом мен 250 мың теңгенің ақша сертификаты берілді.

Мерекелік салтанатта облыстық мәслихаттың Алғыс хатын Талғат Бигелдинов атындағы ЖБОМ директоры Жанар Жанпеисова мен осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нағила Дәулетхан алса, бірнеше педагог Бұқар жырау ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыстық білім басқармасы, салалық кәсіподақтың марапаттарына ие болды.
Аудан мұғалімдерінің мерекелік бас қосуын жергілікті өнерпаздар ән мен күйге бөледі.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



