Конституция – саяси құқықтық іргетас
Конституция – мемлекеттің жай ғана негізгі заңы емес. Ол – қоғам мен биліктің арасындағы келісім, елдің даму бағытын айқындайтын саяси-құқықтық іргетасы. Ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті бекітетін тарихи құжат. Сондықтан, жаңа Конституцияның күшіне енуін кезекті заңнамалық өзгеріс ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз...

Халықтың тікелей қатысуымен қабылданған жаңа Конституцияның өмірге келгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ, осы қысқа мерзімнің өзінде еліміздің саяси кеңістігінде елеулі институционалдық өзгерістер орын ала бастады. Бұл өзгерістердің ауқымы мемлекеттік биліктің жекелеген тетіктерін жаңартумен шектелмей, оның тұтас архитектурасын қайта қарауға бағытталғанын аңғартады.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осы арқылы Қазақстан конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ресми түсіндірулерде жаңа Ата Заң Конституция үстемдігін нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғаны атап көрсетіледі.
Жаңа Конституцияның ең ірі жаңалықтарының бірі – заң шығарушы биліктің құрылымын өзгерту. Бұған дейінгі Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың келуі – саяси жүйедегі маңызды институционалдық өзгеріс.
Құрылтайға заң шығару өкілеттігімен қатар, Үкімет қызметін бақылауға қатысты елеулі тетіктер берілген. Атап айтқанда, оның Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру, Үкіметке сенімсіздік білдіру секілді конституциялық өкілеттіктері бар. Бұл жерде мәселе атаудың өзгеруінде немесе мемлекеттік органның сыртқы формасында емес. Маңыздысы – билік институттарының өзара тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінің қалай жұмыс істейтінінде. Демек, жаңа жүйенің табысы Құрылтайдың қаншалықты тиімді заң шығарып қана қоймай оның атқарушы билік алдындағы институционалдық жауапкершілікті қаншалықты қамтамасыз ететінімен де өлшенбек.
Жаңа Конституцияның институционалдық жаңалықтары қанша маңызды болғанымен, оның түпкі мәнін мемлекеттік органдардың атауынан немесе құрылымынан іздеу жеткіліксіз. Басты құндылығы – адамның құқықтары мен бостандықтары. Жаңа Ата Заңда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленген. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға қатысты бірқатар жаңа нормалар бекітілді. Бұл – қазіргі заман талабына сай маңызды бағыт.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz


