Жаңалықтар

Мейірім тұнған жүздесу

Қарттар күніне орай Қарағанды қаласы №4 атаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «№28 ЖОББМ» КММ оқушыларының қатысуымен «Ақылдың кені – қарттарым» атты тағылымды кездесу өтті.

Сурет автордан

Мектеп оқушылары атаулы орталыққа арнайы барып, ақылман аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, жүрек жылуын сыйлады.

Оқушылар қарттарға арнап, арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп, ән шырқап, би билеп, өлең оқып, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді. Балалардың әрбір әні мен әрбір сөзі үлкендерге деген құрметтен, шынайы ықыластан туындады.

Концерт барысында залды әсем әуен мен көтеріңкі көңіл күй тербеді. Қарттардың жүзіндегі қуаныш, мейірімді күлкі, ақ баталары балаларға ерекше әсер қалдырды.

Кездесуде қарттар да өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. «Үлкенге құрмет – кішіге міндет», «Адамның ең үлкен байлығы – адамгершілік» деген ұлағатты сөздер жас ұрпақтың жүрегіне жол тартты.

Осындай кездесулер арқылы оқушылар үлкенді сыйлаудың, қартқа қамқор болудың, жақсылық жасау мен мейірімділіктің мәнін терең түсінеді. Себебі тәрбие – айтылған сөзден ғана емес, жасалған ізгі істен көрінеді.

Қазақ халқы қашан да қариясын төрге отырғызып, батасын алған. Өйткені, оның әрбір әңгімесінде өмірдің сабағы, әрбір ақылында талай жылдық тәжірибе бар.

«Ақылдың кені – қарттарым» атты кездесу оқушыларға үлкен сабақ болды. Ал, балалардың өнері мен ықыласы қарияларға бір сәттік болса да, қуаныш сыйлады.

Гүлден ӘБЕУОВА,
№28 жалпы орта білім
беретін мектеп директорының
тәрбие орынбасары.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button