Ауыл мектебі – үлкен мектеп
Бір күнде нәтижесі көрінбейтін, бірақ, жылдар өте жемісін беретін мамандық – ұстаздық.Мұғалімнің еңбегі оқулықтағы біліммен ғана өлшенбейді. Ол баланың бойындағы қабілетті байқап, талабын ұштап, өзіне деген сенімін қалыптастырады. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі оқушының болашақ таңдауына әсер етуі мүмкін.

Ауыл мектептеріне білікті мамандарды тарту және олардың сол жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау – білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте «Дипломмен – ауылға!» жобасының да өзіндік орны бар. Бағдарлама 2009 жылдан бері ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталып келеді.
2026 жылы жобаға қатысушыларға 100 АЕК көлемінде, яғни 432 500 теңге біржолғы көтерме жәрдемақы қарастырылған. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға ауылдық елдімекендерде 2000 АЕК-ке дейін, аудан орталықтарында 2500 АЕК-ке дейін бюджеттік кредит беріледі. Бұл шамамен 8,65 млн және 10,81 млн теңгеге тең.
Облыстағы көрсеткіштер ауылға маман тартуда педагогтердің үлесі жоғары екенін көрсетеді. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, өңірде «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 328 маманға 141,9 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. Оның ішінде, 187-сі – білім беру саласының мамандары.
Ақтоғай ауданында да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді. 2026 жылғы мәлімет бойынша, «Дипломмен – ауылға!» жобасы іске асырыла бастағалы ауданда 483 маман жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштің ішінде білім беру саласының мамандары айтарлықтай үлеске ие.
Демек, ауыл мектебі үшін жас педагогтердің келуі – кадр мәселесін шешудің ғана емес, білім беру ортасын жаңартудың да бір жолы. Бағдарламаның нәтижесін тек қанша маманның ауылға келгенімен өлшеу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – олардың ауылда қанша уақыт еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан қалыптасқаны.
Ақтоғай ауданындағы Күләш Байсейітова атындағы мектептің мектепалды даярлық сынып мұғалімі Алтынай Мұқашбек ауылға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келгеніне биыл 11 жыл болғанын айтады.
Оқу орнын тәмамдап, алғаш мектепке келген кезде жаңа орта мен үлкен жауапкершілікті қатар сезінген. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан өсіп, ауыл мектебін өзінің өмірінің бір бөлігіне айналдырған.
– Ауылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келгеніме биыл 11 жыл болды. Алғашқы кезде толқыныс пен жауапкершілік қатар болды. Жаңа орта, жаңа ұжым, өзіме сенім артқан оқушылар – барлығы мен үшін үлкен мектеп болды. Осы 11 жыл ішінде Ақтоғай ауданындағы Күләш Байсейітова мектебі менің кәсіби тұрғыдан қалыптасқан ортам ғана емес, өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Тәжірибе жинақтап, ізденіп, өзімді үнемі дамытуға тырыстым, – дейді Алтынай Мұқашбек.
Жас маманның кәсіби қалыптасуына тәжірибелі әріптестерінің қолдауы да әсер еткен. Алғашқы жылдары үлкен ұстаздардан сабақ ұйымдастыруды, оқушымен жұмыс жасауды, ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнатуды үйренген. Бүгінде өзі де жас мамандарға бағыт-бағдар беруді маңызды санайды. Осылайша мектепте ұстаздар сабақтастығы қалыптасады.
Уақыт өте келе, ауылға деген көзқарасы да өзгерген. Алғашында ауылды жұмыс орны ретінде қабылдаған жас маман бүгінде бұл ортаны өзінің өмірінің бір бөлігі санайды.
– Алғаш келген кезде ауылды ең алдымен жұмыс орны ретінде қабылдаған болсам, уақыт өте келе бұл жер менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Осы жерде талай шәкірт тәрбиеледім, қуандым, толқыдым, кәсіби тұрғыдан өстім. Ауылдың адамдары, мектебім, әріптестерім, оқушыларым маған жақын жандарға айналды. Сондықтан, бүгінде ауылды тек жұмыс істейтін жер емес, өзімнің еңбек жолым қалыптасқан туған ортамдай қабылдаймын, – дейді ол.
Ауыл мектебіндегі мұғалім еңбегінің тағы бір маңызды бағыты – баланың қабілетін сабақтан тыс уақытта дамыту. Әсіресе дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жұмысы спорттық үйірмелермен, жарыстарға дайындықпен сабақтасады.
Бұл ретте Ақтоғай ауданындағы Қызыларай жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сұлтан Сәбиттің еңбек жолы да ауылдағы ұстаздықтың мүмкіндігін көрсетеді.
– Дипломмен ауылға жас маман ретінде келгеніме ешқашан өкінбеймін. Өйткені, көптеген мүмкіндікке қол жеткіздім. Жұмыс барысында әріптестеріммен және артымнан еріп келе жатқан шәкірттеріммен көптеген жарыстарға барып, жетістіктерге жеттік. Қазіргі таңда ауылдан кету ойымда жоқ. Керісінше, осы ауылды көтеріп, жастар болып, артымыздан еріп келе жатқан шәкірттерді дайындап, олардың Қазақстанның спортшылары болғанын қалаймын, – дейді ол.
Сұлтанның ауылға деген көзқарасы да еңбек жолымен бірге қалыптасқан. Өзі ауылда білім алып, ауылда өскендіктен, туған жеріне қызмет етуді маңызды санайды. Оның негізгі мақсаты – ауыл балаларын спортқа баулып, жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысатын спортшылар тәрбиелеу.
Бүгінде осы бағытта алғашқы нәтижелер де бар. Шәкірттерінің бірі көкпардан облыстық және республикалық жарыстарға қатысып жүр.
Ұстаз үшін ең басты нәтиже – шәкірттің дамуы. Бірі баланың алғашқы білім баспалдағына бағыт берсе, бірі спорттағы қабілетін шыңдайды. Бір педагог баланың танымдық қызығушылығын арттырса, екіншісі оның бойындағы спорттық қабілетті байқап, үлкен мақсаттарға жетелеуі мүмкін.
Мұның бәрі ұстаздық мамандықтың ауқымын көрсетеді. Жас маманның ауылға келуі де осы мүмкіндіктермен байланысты. Қалада алған білімін ауыл мектебінде тәжірибемен ұштастырып, жаңа әдістерді енгізуге, үйірме ашуға, жобаларға қатысуға, мүмкіндік бар. Тәжірибелі ұстаздардың қолдауы жас маманның кәсіби жолын қалыптастыруға ықпал етеді.
Мұғалімдер күні – осы еңбектің мәніне назар аударатын мереке. Ұстаздықтың қадірі марапатпен немесе атақпен ғана өлшенбейді. Оның ең үлкен нәтижесі – шәкіртінің өмірінен көрінеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



