Ұстаздықты мұрат еткен
Тарихы терең Нілді-Өспен ауылында өмірге келген Манап Қарашолаққызының балалық шағы еңбекке деген құрмет пен маңдай тердің қадірін білген өнегелі отбасында өтті. Оның әкесі – дербес зейнеткер, стахановшы шахтер. Ол 1956 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық түсті металлургия жұмысшыларының V съезіне делегат болып қатысып, кейін үш жыл бойы Пленум мүшесі болған, елге еңбегі сіңген азамат еді. Осындай еңбек жолы қалыптасқан шаңырақта дүниеге келіп, тәлім-тәрбиесін көрген Манап Қарашолаққызы да өмір бойы еңбекті биік бағалаған жан.

Манап мұғалім 1966 жылы ҚарПИ-дің тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, жас маман ретінде жолдамамен аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке қызметке келеді. Ұстаздық жолын енді бастаған жылдары ол өз ісінің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі мамандар Ж.Құтжанов, Ш.Жұқанов, Р.Шәріпова, Ж.Құрманова, К.Қанафина, Н.Ілиясова, Ш.Рахымжанова, Ү.Тәжібаева, А.Қакабаева, Б.Бакишева және мектепті ұзақ жылдар бойы басқарған Ж.Күлейменов, Р.Жотабаева сынды білікті ұстаздармен қатар еңбек етті.
Осындай кәсіби орта жас маманның ұстаз ретінде қалыптасуына, білімін тереңдетіп, тәжірибесін шыңдауына мол мүмкіндік берді. Бір ғана мектепте табан аудармай 42 жыл еңбек еткен Манап мұғалімнің ұстаздық жолына зер салсақ, оның талай асуды артқа тастап, білім беру саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын аңғарамыз.
Балаға білім беру, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік пен тәрбиенің дәнін себу – үлкен жауапкершілікті, терең білімді және үздіксіз ізденісті талап ететін қасиетті мамандық. Манап мұғалім де осы жолға бар ғұмырын арнап, әр сабағына үлкен дайындықпен келіп, шәкірттерінің білімге деген қызығушылығын арттыруға ұмтылды. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіруден жалықпады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Ш.Жұқановтың «Аманат» атты естелік кітабында ұстаздың кәсіби шеберлігі мен ана тіліне деген жанашырлығы ерекше атап өтіледі. Автор мұғалімді өз ісінің нағыз шебері, үнемі ізденіп, қазақ тілін оқытуға елеулі үлес қосқан білікті тіл маманы ретінде бағалайды.
Ал ғылым кандидаты, журналист-жазушы Клара Хамзина да өзінің ұлағатты ұстазы туралы жылы пікір білдіреді. «Дүние-дәурен» басылымында ол Манап мұғалімнің әңгімесінен әлемнің қыр-сырын құмарта танығанын, ақын жырларынан сусындап, шешендер сөзінің мәйегін бойына сіңіргендей әсер алғанын айтады. Әдебиетке бет бұруының бір себебін де осы ұстазының берген тәлімімен байланыстырады.
Шындығында, Манап мұғалімнің ұстаздық жолын жалғастырып, одан тәлім алып, білім алған айтулы шәкірттері аз емес. Оның алдынан Мәрзия Оспанова, Алтынай Базылова, Айткүл Қасымова, Қуанышкүл Базылова, Айдана Тәженова, Гүлжанат Қасымова, Рымкүл Хамзина, Жанна Рашидова сынды көптеген шәкірттер түлеп ұшты. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» атағына ие болған шәкірттері – біз.
Манап мұғалімнен білім алған шәкірттерінің арасынан ғылымға, ақындыққа, журналистикаға бет бұрып, осы салаларда өзіндік із қалдырған азаматтар да бар. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор М.Әбдуов, ғылым кандидаттары Қ.Байтанасова, М.Орымбетова, С.Жұмкина, К.Хамзина, С.Әбдібеков, Қ.Айтжанова, Б.Ақпанбаев бар.
Медицина саласында ұзақ жыл еңбек еткен Р.Сағытаев, М.Такешова, М.Омаров бар. Ал, ақындар Тезекбай Амандықов пен Марат Шәйке де Манап мұғалімнің мақтан тұтар шәкірттері қатарында.
Ұстаз шәкірттерінің жетістіктерімен де мерейленді. Оның шәкірттері республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде ұйымдастырылған түрлі жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Манап мұғалімнің ұлағатты ұстаз ретіндегі мол тәжірибесі республика көлемінде де жоғары бағаланды. Алматы, Атырау, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар облыстарында өткен республикалық семинарларда оның өткізген сабақтары мен көрсеткен озық тәжірибесі көпшілікке ұсынылды.
Кәсіби еңбегі ескеріліп, оған жоғары санатты «Аға мұғалім» атағы берілді, сондай-ақ есімі аудандық білім бөлімінің Құрмет кітабына енгізілді. Сонымен бірге, Манап мұғалім әр жылдары І облыстық әйелдер съезіне және І облыстық мұғалімдер съезіне делегат болып қатысты.
1998 жылы ел басшылығының Қарағанды қаласында облыс жұртшылығымен өткізген кездесуіне шақырылды. Облыс орталығында Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған «Абай тағылымы» атты ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы І орынға ие болды. Ұстаздың баяндамалары аудандық және облыстық газеттерде де жарық көріп отырды.
Манап Қарашолаққызы ұстаздық қызметпен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Әйелдер кеңесінің хатшысы қызметін жеті жыл атқарды. Халық театрының жұмысына қатысып, Бағаш Бәкішевамен бірге «Қыз Жібек» спектаклін дайындауға атсалысты. Сол қойылым көрермендердің есінде ұзақ сақталды.
Мектеп оқушылары мен ұстаздарды қатыстыра отырып, «Қызыл сұңқарлар», «Құдағи келіпті», «Өпке» қойылымдарын сахналауға қатысып, олардың режиссері де болды.
Манап мұғалім жетекшілік еткен сыныптан заманауи талапқа сай әртүрлі мамандық иелері де шықты. Олар бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар.
Манап мұғалім қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім бөлімінде штаттан тыс әдіскер-инспектор міндетін де атқарды. Сонымен қатар, Үздік аттестат комиссиясының құрамында болып, осы мамандық бойынша әдістемелік секцияның жұмысына жетекшілік етті.
Мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметтерін атқарып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, өз міндеттерін абыроймен орындады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерге дәріс беріп, ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі лайықты бағаланды. 1998 жылы «Жылдың үздік мұғалімі» атанды.
«ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, Ы.Алтынсарин атындағы медаль, «Еңбек ардагері» медалі, сондай-ақ, ҚР Білім беру министрлігі, облыс және аудан әкімдігі тарапынан берілген көптеген мақтау-марапаттарға ие болды. Оның есімі облыстық және аудандық энциклопедияларға да енгізілген.
Манап мұғалім – бала жүрегін түсініп, мейірім мен жылулық сыйлай білген жан. Үш перзентінен тараған немерелерін айрықша ықыласпен қарсы алып, әрқайсысын аялап, еркелете тәрбиелеп келеді.
Қолындағы келіні Жұлдызды да туған қызындай көріп, оған әрдайым қамқорлық көрсетеді. Бүгінде ол ауруханада еңбек етіп жүр. Ұлы Ескей де әкесінің жолын қуған палуан. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері. Қызы Дамира – кардиолог-дәрігер. Ал, кіші қызы Индира Қарағанды қаласындағы дарынды балалар мектебінде директордың орынбасары әрі тіл маманы. Ол да анасының ұстаздық жолын жалғастырып, облыстық «Үздік ұстаздар энциклопедиясына» үздік ұстаз ретінде енгізілген.
Манап мұғалімнің білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Оған «Шет ауданының Құрметті ардагері» атағы берілді.
Бүгінде Манап мұғалімнің бес немересі, бір шөбересі бар. Ағыбайы Астанада ҰҚК-де қызмет етеді. Абылай мен Ахметі – инженерлер.
Немересі Талшынның есімі «Қазақстанның үміт артарлары – 2013-2014 оқу жылындағы Қазақстан Республикасының алдыңғы қатардағы оқушылары» атты жинаққа 146-нөмірмен енгізілген. Сол оқу жылында облыс бойынша аталған жинаққа 83 оқушының есімі енсе, солардың қатарында Манап мұғалімнің немересі Талшынның болуы – оның білімге деген талпынысы мен жетістігінің айғағы.
Бүгінде Талшыны Астанадағы ірі компанияда архитектор болып еңбек етеді. Талшынның жетістігі – әулет үшін үлкен мақтаныш. Ал Дінмұхаметі – студент.
Өмірлік жары Жәкен Ақыжанов кезінде жауырыны жерге тимеген, ауданға белгілі палуан болған. Самбо мен қазақ күресінен спорт шебері атанып, 25 жыл аудандық спорт мектебін басқарған.
Осындай өнегелі отбасының береке-бірлігін сақтап отырған Манап мұғалімімізді туған-туыстары, әріптестері мен ел-жұрты ерекше қадір тұтады. Еңбегімен ел құрметіне бөленген, талай ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстазға әрдайым құрмет көрсету – кейінгі буынның парызы.
Б.ТҮСІПХАНОВА,
А.БӨЛКЕНБАЕВА.



