Мен көрген сегіз редактор
Қарашаңырағымыз «Орталық Қазақстан» газетінің 95 жылдық мерейтойына да келіп жеттік.Бір кездері осы газет редакциясында қызмет істеген ардагер-журналистер осы күнге аман-есен жеткеніне қуанышты. Осы жылдары жүздеген журналист қалам тербеп, газетіміздің оқырманға уақытында жетуіне үлес қосты. Осы 95 жылдың ішінде 20-дан астам редактор басшылық жасапты.Мен өзім «Орталық Қазақстанда» 32 жыл еңбек етіп, сегіз редактордың қарамағында қызмет істедім. Яғни, сегіз түрлі басшының шығармашылық қарымын, ұйымдастыру қабілетін көрдім. Солардың жақсы қасиеттерін қабылдауға тырыстым. Әсіресе, жас кезімде, журналистика саласына араласқан тұстағы ұстаз-редакторлардың еңбегі зор еді. Олар қандай басшылар еді.
Бүгін сол өзім көзім көрген сегіз редактор жайлы әңгіме қозғағанды жөн көріп отырмын.Жақсы журналист болу өз алдына, шығармашылық ұжымды басқарып, оларды бір мақсатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Ендеше, осындай мереке кезінде олардың еңбегін айтып өтсек, артық болмас.
Мен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына 1982 жылы 1 наурыз күні қатардағы тілші болып қызметке қабылдандым. Бұған дейін Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінде жауапты хатшы болып, бес жылға жуық еңбек еткен едім.
Жалпы, «Орталық Қазақстан» газетінің біраз журналистерін бұған дейін білетін едім. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүргенімде 4-5 курста осы редакцияда өндірістік практикада болдым. Ол уақытта мұнда мүйізі қарағайдай кілең ардагер-журналистер қызмет ететін еді. Олардың аты-жөндерін бұрын газеттен көрсем, енді сол ағалармен бетпе-бет танысып, практика кезінде қатарласа жүріп, газет жұмысына араластым.
Сол кезде Қойшы Шаяхметов, Қайыркен Сұлтанов, Күләш Байбуринаның қарамағында практикадан өтіп, алғашқы қадам жасап едім. Сөйтіп, ұжыммен қысқа уақыттың ішінде болса да таныстығым басталды.
Ал, оқу бітіріп, аудандық газетте жүргенде бір көзім облыстық газетте болды. Жас журналист ретінде үлкен газетке ауысу арманым болатын. Сол себепті жергілікті штаттан тыс тілші ретінде «Орталық Қазақстанға» мақалалар, хабар-ошар жазып, байланысты үзбеуге тырыстым.
Бұл да себеп болған шығар, ақыры облыстық газетке іліктім. Негізгі себепкер газет редакторы Рамазан Сағымбеков болатын.
Себебі, Рамазан аға менің университеттегі ұстазым еді. Мен 1972 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскенімде, ол сонда оқытушы екен. Әрі бірінші курстағы біздің топтың кураторы болды.
Бөтен қалаға, бейтаныс адамдардың ортасына түскен студенттер үшін топ кураторының орны бөлек. Турасын айтқанда, куратор дегеніміз – сол топтағы қыз-жігіттің әкесі де, анасы да, қамқоршысы ғой.
Осылайша, Рекеңнің ақыл-кеңесін тыңдап, студенттік өмірдің не екенін түсіне бастадық. Жоғары оқу орнының табалдырығын аттап, неден бастап, неден қоярымызды білмей жүрген кілең сарауыз балаларға Рамазан ұстаз жол сілтеуші болды.
Оның үстіне радио тарихынан лекциялар оқып, семинар өткізіп, дәріс берді.
Сонымен, тарих ғылымының кандидаты, доцент Рамазан Сағымбековтің кім екенін біле бастадық. Кураторлық сағаттарда ұстазымызбен жақынырақ танысып-білісудің реті келе бастады. «Ағай, өмірбаяныңызды айтып беріңізші» дейтінді шығардық.
Шынында, болашақта журналист боламын деп арман қуған жастарға өмір көрген қаламгердің өмір тәжірибесі қажет-ақ еді. Ақыры, бір көңілді отырғанда ұстазымыз өмір жолын баяндап берді. Тып-тыныш отырып тыңдадық.
Рамазан аға 1932 жылы Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында дүниеге келіпті. Сол бір қиын кезеңде оның балалық шағы да ауыр болған екен. Әке-шешеден ерте жетім қалып, интернатта, туыстарының үйін паналап ғұмыр кешіпті.
Ағасы Армия ерте есейіп, жұмысқа араласып, інісінің оқуына мүмкіндік жасаған екен. Жасынан зерек болып өскен ол мектепті алтын медальға, ҚазМУ-дің журналистика бөлімшесін қызыл дипломға тәмамдапты.
Содан республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне тілші болып қабылданады. Бірер жыл аға газетте тілші болып, Шығыс Қазақстан облыстық газетіне ауысады. Осында тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істейді.
Одан қазақ радиосында бас редактор қызметіне ауысады. Осында жүргенде қазақ радиосының тарихынан кандидаттық диссертация қорғайды.
Содан ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқытушылыққа келеді. Осында жүріп доцент атағын алады. Міне, бізге дәріс оқып, куратор болған кезі осы.
Сөйтіп жүргенде біздер екінші курсты бітірер тұста, 1974 жылы маусым айында Қарағандыға жол тартты. «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып тағайындалып, біздермен қош айтысты.
Рамазан Сағымбеков қарымды журналист, мықты ұйымдастырушы, тарихшы ғалым еді. Газет ісінің теориясын да, практикасын да ойдағыдай меңгерген қаламгер болатын.
Ол уақытта «Орталық Қазақстан» газеті аптасына 6 рет жарық көретін. Бұл – облыстық газеттің республикада ерекше екенін көрсететін. Яғни, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетімен шамалас болды.
Редакция штатында техникалық қызметкерлерді қоса алғанда 50-ден астам адам болды. Тоғыз бөлім болды, оның әрқайсысында екі-үштен журналист болды. Жауапты хатшы және оның екі орынбасары, селолық аудандарда меншікті тілші болды.
Редактор және оның екі орынбасары бар, сонда 30-дан астам кәсіби қаламгер еңбек етті. Газет тиражы 15-20 мыңның маңында болды.
«Орталық Қазақстан» газеті шығармашылық әлеуеті жағынан еліміздегі үздік ұжымның бірі еді. Бірнеше газет журналисі Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Газет 1981 жылы өзінің 50 жылдығы кезінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл ұжым еліміздегі мақтаулы газеттердің бірі болды.
Ал, 1982 жылдың 1 наурызынан бастап мен де осы газет журналистерінің қатарына қосылдым. Ол уақытта облыстық газетте кілең сақа қаламгерлер еңбек ететін. Аудандық газеттерден журналистер көп шақырыла бермейтін.
Бірақ мені Рамазан аға өзі шақырып алып, ұжымға қосты. Өкінішке қарай, облыстық газеттегі тұңғыш редакторым, университеттегі ұстазымның тікелей қарамағында 8 ай ғана еңбек еттім. Осы қысқа уақыттың өзінде одан көп нәрсе үйрендім.
«Орталық Қазақстан» газетінде мен көрген екінші редактор Тілеухан Жүсіпов болды. Ол 1982 жылдың желтоқсан айында біздің газетке басшы болып келді.
Жалпы, Тілекеңді бұдан бұрын да білетін едік. Себебі, ол 1975-1982 жылдары облыстық партия комитетінің баспасөз секторының меңгерушісі болған. Яғни, бүкіл облыстағы баспасөз құралдарына идеологиялық жағынан басшылық жасады.
Журналистерді жинап, семинар, жиындар өткізіп тұратын. Ол уақытта орыс тілді басылымдар, журналистер көп еді. Тілекең олардың алдында орысша сөйлегенде айызымыз қанатын. Дикциясы да мықты болатын.
Міне, сол Т.Жүсіповтің қарамағында 1982-1988 жылдары еңбек еттім.
Жалпы, Тікең газетке көшеден келген адам емес, кәсіби журналист екенін біртіндеп білдік. Қарағанды қаласында өмірге келіп, өзінің талабының арқасында қаламгер болған екен.
Алғашқы еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінде корректор, аудармашы болудан бастапты. Сырттай оқып, ҚазМУ-ді бітірген. Облыстық теледидарда журналист болған. Одан кейін партия қызметіне ауысқан.
Обалы нешік, Тілеухан марқұм да газет жұмысына өз үлесін қосты. Ең бастысы – газет тиражын құлдыратпай, облыс басшыларының тілін тауып отырды. Алып-жұлып бара жатқан таланты болмаса да, редактор ретінде жап-жақсы еңбек етті.
Ал, 1988 жылы 1 қарашада газетімізге басшы болып республикаға белгілі публицист, журналист Нұрмахан Оразбеков келді. Бұл – менің осындағы үшінші редакторым еді.
Әрине, есімі республикаға белгілі қаламгердің Қарағандыға келуі елеулі оқиға болды. Соңғы 20 жылдай ҚазТАГ саласында еңбек еткен Нұрмахан ағаның шынында деңгейі жоғары.
ТАСС-тан түскен хабар-ошар, бүкіл ресми мақалаларды қазақшаға аударып отырған екен. Содан әбден аударма ісіне маманданып алған, өте шапшаң қимылдайтын журналист екен.
Нұрекеңді өз басым бұрын да білетін едім. Студент кезімізде аударма ісінен лекция оқып, практикалық сабақты ҚазТАГ-та өзінің кабинетінде тапсыратын едік.
1985-1987 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқығанымда, ол тағы да аударма ісінен дәріс берді. Енді, міне, «Орталық Қазақстан» редакциясында тағы кездестік.
Әрине, Нұрекең келе сала көп өзгерістер жасады. Мінезге бай, тәжірибесі толысқан қаламгер екенін көрсетті. Оның 1991 жылы жазған «Иә, бұл – төңкеріс!» деген бір мақаласы оның атын мәңгіге қалдырды.
Өкінішке қарай, 1992 жылы Алматыға қызмет ауыстырды.
Мен көрген төртінші редактор Рымқұл Сүлейменов болатын. Ол 1992-1995 жылдары «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болды.
Рекең де жас күнінен қалам ұстаған кәсіби журналист еді. Аудандық газеттерде, Қарағанды, Жезқазған облыстық газеттерінде, «Социалистік Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі болып еңбек етті және 70-жылдардың ортасынан өз газетімізде жауапты хатшы болды.
Ал, 90-жылдардың ортасында Одақ тарап, мемлекетіміздің берекесі кеткенін білесіздер. Сол тәрізді газеттің мәні кетіп, оны шығару, оқырманға жеткізу қиынға айналды.
Рымқұл аға зейнетке шығар алдында «Компас» деген жарнама газетін ашып алды да, бізбен қоштасты.
Содан мен көрген бесінші редактор – Төлеубай Ермекбаев қызметке келді. Ол да кәсіби журналист еді. Мәскеу университетінің журналистика факультетін бітіріп келіп, «Орталық Қазақстанда» еңбек жолын бастады.
Одан кейін «Лениншіл жас» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болды. «Қарағанды жастары» газетінің редакторы болды. Ал, біздің газетте 1994 жылдың желтоқсанынан 1995 жылдың қыркүйегіне дейін редактор болды.
Бізге келгенде ол 30-дан жаңа асқан жас жігіт еді. Оның басшы болуға тәжірибесі жетіспеді-ау деймін.
Өмірде кездейсоқ нәрселер бола береді ғой. Сол тәрізді «Орталық Қазақстан» газетінің кездейсоқ редакторы Батырхан Жанатов марқұм еді.
Төлеубай басшылықтан кеткеннен кейін 6 ай редактордың орны бос тұрды. Дәл сол кезде Жезқазған облысы тарады ғой. Сол жақта жекешелендіру комитетінің төрағасы болған Б.Жанатов Қарағанды облысының әкімі П.Нефедовтан қызмет сұраған екен.
Содан ыңғайлы орын табылмай, облыс әкімі: «Редактордың орны бос тұр. Басқара аласың ба?» – деп сұрапты. «Бұрын райкомда істегем, басқарамын ғой», – депті.
Содан бізге келіп, жиналыс өткізгенде Батырхан: «Аппарат басшысы кім?», – деді ғой.
Сөйтсек, негізгі мамандығы зоотехник, кейін комсомолдың жоғары мектебін бітірген екен. Жағдайдың қандай болғанын содан біле беріңіз. Ақыры, бір жылдан соң ол өз жөніне кетті.
Одан кейін белгілі журналист, жазушы Өтен Ахметов редактор болып еді, 8 айдан соң ол да қызметтен кетті.
Ақыры, 1997 жылдың 1 қарашасында бұрынғы әріптесіміз Мағауия Сембай редактор болды. Сөйтіп, көзіміз ашылды.
Содан 2013 жылы зейнетке кеткенше онымен қатарласып еңбек еттім. Соңғы үш жылда оның орынбасары болдым. Бұл менің 32 жылдағы көрген сегізінші редакторым еді.
Қазір заман өзгерді. Екі облыстық газет біріктіріліп, медиахолдинг құрылды. «Saryarqa Aqparat» деп аталатын бұл холдингте екі газеттен басқа «Life 09» деп аталатын интернет редакция бар.
Холдингті 2022 жылдың күзінен бері кәсіби журналист Қайрат Әбілда басқарып келеді. Ол да «Орталық Қазақстанның» өз түлегі. Еңбек жолын осында бастап, Павлодар облысында, Астанада түрлі басылымдарда істеді.
Ақыры, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарып, қарашаңырағына қайта оралды. Үш ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, табысты еңбек етіп жатыр.
Міне, облыс оқырмандарының сүйікті газеті «Орталық Қазақстан» газеті өзінің 95 жылдығын тойлап жатыр. Мереке құтты болсын, әріптестер!
Серік СЕКСЕНҰЛЫ
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері



