Жаңалықтар

Шығармашылығыма шырақ жаққан басылым

Сөз киесін терең тұшынған журналистер, небір хас таланттар шыққан Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газеті де 95-ші белеске көтеріліпті. Ғасырлық мерейтой да қол жетім жерден қылаңытады. Қазақстан медиакеңістігінен ойып орын алған бұл басылымға қаншама қаламгерлер риза десеңізші.Әлі есімде…

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Журналистиканың құтханасына айналған ҚазМУ-дің студенттерінің жыл сайын газеттерден және басқа БАҚ-тан практикадан өтетін дәстүрі бар. Ондайда біразы Алматыны төңіректесе, көпшілігі өздерінің аудандық, облыстық газеттеріне тартып кететін. 1-ші курсты бітіргенде мен де оқушы кезімде шығармашылыққа шыңдап, «штаттан тыс тілші» еткен аудандық «Алға» газетінен практикадан өттім.

Ал екінші курстан соң өзге өңірге баруға шешім қабылдап, сол кезде студенттер жиі баратын Алматыдағы Пушкин кітапханасынан облыстық газеттерді зерттеуге кірістім.

Солардың арасынан елдік ойдың мінбері «Орталық Қазақстан» көзіме оттай басылды. Неткен шығармашылық шырқау, ұлт мүддесін түгендеген кесек материалдар, танымдық тәлімі керемет ірі материалдар, жанрлық құлпырыс, авторлық толғаныстар, газет дизайны…

Бірден шешім қабылдап, деканатқа «Орталық Қазақстанға» баратынымды айттым.

Сол тұста университеттің әр факультетінен 2 студент конкурстық іріктеуден өтіп, үздіктер қатарында Германияда Халықаралық Интерлагерьде демалу мүмкіндігін жеңіп алған едім. Араға 1 ай салып, Берлиннен тұп-тура Қарағандыға бірден тарттым.

Бейтаныс өңір. Облыс орталығы. Танымайтын ұжым. Жасыратыны жоқ, республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионерінде» ондаған материалдарым жарияланып, оқырман қауымға өзімше танылып қалғаныма қарамастан жаңа ұжымға именшектей, ұяла қадам бастым.

Алайда, редактор (ол кезде бас редактор ұғымы қолданылмайтын) жылы жүзбен қарсы алды.

«Иә, бала хош келдің! Мұнда неғып жүрсің? «СҚ», «ЛЖ»-дан мақалаларыңды оқығам», – деп жатыр.

Ағайдың жылы жүзді жүзін көрген соң, практикадан өтуге келгенімді айтып едім, ол кісі менен сұрамай-ақ қай жерге ыңғайлы орналастыруға болатынын бірден шешіп, «өзіңді еркін сезініп, жазуға кірісе ғой» деп іштарта сөйледі.

Өз үйіме келгендей сезімге беріліп, сол күннен бастап жазуға тапжылмай отырдым. Бірден Берлиндегі Трептов паркінде орналасқан Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан совет сарбаздарына арналған ең үлкен мемориалдық кешен мен оның орталығында қасқайып тұрған скульптор Евгений Вучетич және сәулетші Яков Белопольский сомдаған «Азат етуші жауынгер» («Воин-освободитель» деген атаумен белгілі болған) монумент туралы «Миллиондар жүрегіндегі монумент» атты бір беттік очеркім арада 2-3 күн өткенде газетте жарияланды.

Таңертеңгілік лездемеде ұжым журналистері жоғары бағалап, жылы пікір-лебіздерін кезектесе айтқанда төбем көкке жетіп, келесі күні «Гете еліне саяхат» атты жолсапар очерктерін бере бастадым. Ол бірнеше номерлерде тоқтаусыз жарияланды.

Арада бір апта өткенде редактор шақырып алып: «Сен алысқа сілтейтін бала сияқтысың, редалқамен ақылдасып, өзіңді жарты ставкаға қойдық. Студентке қолдау деп білгін мұны» дегені.

Бұл дегеніңіз – әкелік қамқорлық.

Осыдан кейін тоқталмастан әртүрлі тақырыптарда түйдектете жазуға кірістім. Жазған материалым бірден номерге салынып жатты. Журналист үшін бұдан артық не керек?!

Редактордың орынбасары Өтен Ахметов ағай «Осы бағытыңнан тайма, бұрқырат» деп демеу беріп қояды. Онда не тұрыс.

Қысқасы, бір айлық практикада 20-дан астам материалымның жариялануына редакция мүмкіндік беріп, шығармашылығымның шырағын алаулатты.

Содан бастап Арқаның айшықты жаршысы «Орталық Қазақстан» туралы жүрегімде жып-жылы ойлар тербеліп жатты. Әлі күнге дейін солай. Кейіннен Ақмола облыстық «Арқа ажары», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет істегенде де «Орталық Қазақстанның» жігіттерін көрcем, шұрқырай амандасып, хәл сұрасып жаттық.

Расында, бұл басылым – өзіндік дәстүрі, өрнегі, стилі қалыптасқан киелі шаңырақ, тамаша шығармашылық орта, өңір тарихының жылнамасы, Сарыарқаның сырын шертетін бірегей басылым.

«Орталық Қазақстан» – Арқа журналистикасының алтын діңгегі, ұлт руханиятының ұлағатты мектебі. Қарағандының қастерлі шежіресін жазып жүрген бұл басылымнан менің де үйренгенім көп болды. Журналистиканың классикалық форматын осы ұжымда бір ай болғанда жүрегіммен сезіндім. Жазу өнерінің құпия сырларын жан-тәніммен сезініп, санама армансыз сіңірдім.

Құрметті әріптестер, ғасырға жуық белестеріңіз құтты болсын!

Қасиетті қара шаңырақтан жұлдызды журналистер топтана тәрбиеленіп шыға берсін. Сіздер жариялаған ғажайып ақпараттар легі оқырмандарыңызды қуантып, абыройға кенеліңіздер!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар
Жоғары мектебінің профессоры,
Қазақстанның Бас редакторлар клубының
бірінші вице-президенті.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button