Президент Қазақстан-Қытай инвестициялық форумында сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағыттарына тоқталды.

Форум басталар алдында қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтап, Қазақстан экономикасына Қытайдан 29 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Қазір елімізде Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Президент көлік-логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект және энергетика салаларын негізгі ынтымақтастық бағыттары ретінде атады.
Көлік саласында Орта дәлізді дамытуға ерекше мән берілуде. 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар санын 3 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар теміржолдар, автомобиль магистральдары мен порттардың өткізу қабілетін арттыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Өнеркәсіп саласында жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба іске асырылуда. Олардың қатарында металлургия, мұнай-газ химиясы, автокөлік өндірісі, энергия жинақтау және ауыл шаруашылығы жобалары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты да атап өтті. Қазақстан технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі. Елордада қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарланып отыр.

Президент инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктерін жетілдірудің маңызын айтып, Қазақстан мен Қытай арасында инвестициялық қор құру туралы келісімге қол қойылғанын жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы форумды жыл сайын қыркүйек айында «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы форматында өткізуді ұсынды.

Форум аясында энергетика, өнеркәсіп, көлік, инвестиция, құрылыс және қаржы салалары бойынша бірқатар келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында жаңа өндірістік және энергетикалық жобаларды іске асыру жоспарланған.



