Құтырудан сақтанудың қарапайым ережелері
Жыл сайын 28 қыркүйекте атап өтілетін Дүниежүзілік құтырумен күрес күні қарсаңында бұл аурудың әлі де аса қауіпті инфекциялардың бірі болып қала беретінін айта кеткім келеді. Алайда, осыған қарамай, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау мен медициналық көмекке дер кезінде жүгіну ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік беретінін тағы бір рет еске салған жөн.

Құтыру ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып қала береді. Оның ерекшелігі клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін аурудың іс жүзінде әрдайым өліммен аяқталуында. Сонымен қатар, жануармен қауіпті байланыс болған жағдайда уақыт жоғалтпай, дұрыс әрекет ету арқылы құтырудың алдын алуға болады.
Адамға инфекция негізінен ауру жұқтырған жануардың сілекейі арқылы беріледі. Тістеу мен тырнау, сондай-ақ сілекейдің зақымдалған теріге немесе шырышты қабаттарға түсуі қауіпті болып саналады. Инфекция көзі жабайы, қаңғыбас және үй жануарлары болуы мүмкін. Сондықтан жануар таныс болғанына, тыныш көрінгеніне немесе бұрын агрессия танытпағанына қарап, онымен болған байланысты қауіпсіз деп санауға болмайды.
Бейтаныс және қараусыз жүрген жануарлармен кездескен кезде ерекше сақтық таныту қажет. Өзін әдеттен тыс ұстайтын, агрессия көрсететін немесе керісінше қатты әлсіреген, дел-сал күйде көрінетін жануарды өз бетінше ұстауға немесе аулауға тырыспаған жөн. Жануарлардың төбелесіне араласуға, оларды қолмен ажыратуға, жануарды ұйықтап жатқанда немесе тамақтанып жатқанда мазалауға, сондай-ақ емізіп жүрген иттің немесе мысықтың күшіктері мен марғауларын алуға болмайды, өйткені мұндай әрекеттер жануардың шабуыл жасауына себеп болуы мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет, себебі бала жағдайды әрдайым дұрыс бағалап, тіпті өзіне таныс жануардың қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіне бермейді. Балаларға кішкентай кезінен бастап бейтаныс иттер мен мысықтарға жақындауға, оларды сипауға, тамағын тартып алуға немесе демалып жатқан кезде мазалауға болмайтынын түсіндіру қажет. Бұл ережелерді бір рет айтып қана қоймай, үнемі еске салып отырған маңызды.
Құтырудың алдын алуда үй жануарлары иелерінің жауапкершілікпен қарауы да маңызды рөл атқарады. Иттерді белгіленген талаптарға сәйкес серуендету, қарғыбау пайдалану, ал ережелерде көзделген жағдайларда тұмылдырық тағу қажет. Үй жануарларының қаңғыбас және жабайы жануарлармен байланысуына жол бермеу керек. Иттер мен мысықтарды құтыруға қарсы уақытылы вакцинациялау ерекше маңызды, сондықтан жануар иелері екпе жүргізу мерзімдерін қадағалауы қажет.
Егер жануар тістеп алса, тырнап алса немесе жануармен басқа да қауіпті байланыс орын алса, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдыруға болмайды. Зақымдалған жерді мүмкіндігінше тез арада сабынмен және сумен мұқият жуып, содан кейін дәрігерге қаралу қажет. Жарақат елеусіз болып көрінсе де, ал жануар үй жануары болып, сырт көзге сау болып көрінсе де, қауіп деңгейін өз бетінше анықтау мүмкін емес.
Жануар тістеп алған жағдайда зардап шеккендерге медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі, сондықтан таң атқанша, келесі жұмыс күнін немесе қандай да бір белгілердің пайда болуын күтудің қажеті жоқ. Оқиға болған күні медициналық көмекке жүгіну қажет, сонда маман жағдайды бағалап, әрі қарайғы іс әрекетті анықтайды.
Қажет болған жағдайда құтыруға қарсы вакцинация тағайындалады. Вакцина қолданылатын кең таралған сызба бойынша алғашқы жүгінген күні, одан кейін 3, 7, 14 және 28 күндері енгізіледі. Нақты вакцинациялау тәртібін медициналық қызметкер жанасудың сипатын, зардап шеккен адамның жағдайын және жануар туралы мәліметтерді ескере отырып анықтайды. Егер белгілі үй жануарына ветеринариялық бақылау белгіленіп, ол 10 күн ішінде сау болып шықса, одан арғы тактиканы дәрігер анықтайды. Тағайындалған вакцинация курсын өз бетінше тоқтатуға болмайды.
Егер жануар ауырып қалса, өлсе немесе қашып кетіп, оған бақылау жүргізу мүмкін болмаса, бұл туралы медициналық қызметкерге дереу хабарлап, тағайындалған профилактикалық емдеу курсын жалғастыру қажет. Адам өзін жақсы сезінсе және аурудың ешқандай белгілері байқалмаса да, бұл вакцинацияны өз бетінше тоқтатуға негіз болып саналмайды.
Құтыру уақыт жоғалтуға болмайтын аурулардың қатарына жатады, алайда дер кезінде басталған профилактика инфекцияның дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар, балаларға жас кезінен бастап жануарлармен қауіпсіз қарым қатынас жасау ережелерін үйретіңіз және медициналық көмекке уақытылы жүгіну ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік беретінін ұмытпаңыз.
Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері
Иристаев Санжар



