Жаңалықтар

Шахтинскіде саябақтағы қоғамдық мүлікті бүлдірген екі жасөспірім анықталды

Шахтинск қаласындағы Орталық саябақта қоғамдық мүлікті бүлдірген екі жасөспірім анықталды. Полиция оларды әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған.
Сурет ЖИ арқылы жасалды

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілердің бірінен саябақтағы қоғамдық дәретхананың зақымданғаны туралы жазбаны көрген. Жарияланған кадрларда нысанның есігі бүлініп, қабырғаларына түрлі жазулар мен граффити салынғаны байқалған.

Оқиға бойынша Шахтинск қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізіп, қоғамдық мүлікке зиян келтірген екі кәмелетке толмағанды анықтады. Олар 2009 және 2011 жылы туған колледж студенттері болып шықты.

Жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сонымен қатар жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы тәртіп талаптарын түсіндіріп, ортақ мүлікке келтірілген зиянның құқықтық салдарына тоқталды.

Құқық қорғау органдары қоғамдық нысандарды бүлдіруді әзіл немесе ермек ретінде қабылдауға болмайтынын ескертеді. Саябақтар мен абаттандыру нысандары тұрғындардың ортақ пайдалануы үшін жасалған. Оларға зиян келтіру заңда белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Полиция әлеуметтік желілердегі мониторингті жалғастырып, қоғамдық тәртіпке қатысты заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылап, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау қажеттігін түсіндіру ұсынылады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button