Қарағанды облысынан жеті өкіл Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесінің құрамын бекіту жайлы тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Халық Кеңесіне еліміздің 126 азаматы кірді. Қарағанды облысының атынан Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени және этносаралық келісім салаларына үлес қосып жүрген бірқатар азамат енді.

Бекзат Алтынбеков – Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы. Бұған дейін мәслихат депутаты болып, білім беру, журналистика және қоғамдық-саяси салаларда қызмет атқарған.
Гауһар Акижанова – Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл. Инклюзивті спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысады.
Увайс Джанаев – «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы. Этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дамытуға және қайырымдылық жұмыстарына үлес қосып келеді.
Айгерім Исбекова – Қарағанды қаласындағы «Кәусар» оқушылар сарайының директоры. Білім беру, жастармен жұмыс, тәрбие және қоғамдық келісім бағыттарында еңбек етіп келеді.
Александр Куприенко – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер және қоғамдық кеңес мүшесі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне белсенді араласады.
Виталий Тварионас – «Lituanica» этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстандағы Литва Республикасының Құрметті консулы. Этносаралық келісімді нығайтуға, мәдени байланыстарды дамытуға және қайырымдылық жобаларына үлес қосып келеді.
Виталий Хмелевский – «Қазақстан поляктарының одағы» этномәдени бірлестіктері заңды тұлғалар бірлестігінің және Қарағанды облыстық «Polonia» поляк қоғамының төрағасы. Поляк тілі мен мәдениетін сақтауға, Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға атсалысады.
Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесі – Конституцияға сәйкес Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның негізгі міндеттері – мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарына қатысты, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру құқығы да берілген.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



