Бас тақырыпЖаңалықтар

Қайта оралғың келетін мекен

Өзін ғасырлар бойы тонналаған көмірі мен алып өндірісінің ауқымымен өлшеп келген өлке кескін-келбетін бүгін өзгеше бағамдай бастағандай. Биылғы жаз маусымы облыс үшін осындай тың тыныстың лебін сездірген айрықша кезең болды. Аймақ демалыс пен саяхатқа қолайлы, қонаққа құшағын айқара ашқан, мүмкіндіктер тоғысқан туристік мекен ретіндегі әлеуетін де жылма-жыл айқынырақ аңғартып келеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Төрт маусымдық туризм

Өз кезегінде облыс әкімі алдағы міндеттерді де нақтылады.

– Жаңа маусымға дайындық өткен жаздың қорытындысы негізінде жалғасуы керек. Қауіпсіздік шараларын күшейту, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, жол бойындағы сервистің сапасын арттыру, байланысты тұрақтандыру, жағажайлар мен демалыс орындарын ретке келтіру, санитариялық талаптарды сақтау – негізгі басымдықтар қатарында, – деп пікір қосты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Туризм бұл өңірде тың тыныс алды. Мұнда сапар шегушілердің қатары жылдан-жылға қалыңдап келеді. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында облысқа 400 мыңнан астам турист келген. Туристердің 200 мыңнан астамы Балқаштың жағалауындағы курорттық белдеуге аялдаған. Қарқаралының таулы сілемдері, Ақтоғайдың табиғи көріністері де саяхатшылар назарынан тыс қалмаған.

Саяхат саласындағы соны серпінді инвестиция көлемі де айқын көрсетеді. Тек өткен сегіз ай ішінде облыстың туристік саласына 5,4 млрд теңге қаржы тартылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден бес есеге жуық артық. Жыл басынан бері 14 жаңа туристік нысан бой көтеріп, 1 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау 30 жобаға бағытталды. Ең бастысы, бизнес өкілдері сала болашағына сенім арта бастады.

Көк айдынға бастар жол дегенде, сайын даладағы көкше көлдің өзі тұнып тұрған бір таңғажайып экзотика. Бүгінгі Қарағанды туризмінің ең ірі тартылыс нүктесі де осы – Балқаш. Қаланың өзі мен Бертіс, Тораңғалық, Шұбартүбек кенттері – демалушылардың сүйікті мекені.

Жылдың алғашқы алты айында мұнда 103 орналастыру нысаны жұмыс істеді. Орналастыру орындары 73 мыңға жуық адамды қабылдаса, тұтас жазғы маусымда Балқашқа келген туристер саны 200 мыңға жуықтады.

Жағалаудағы тіршілік те жаңарды. 2,07 млрд теңгелік «MONACO» және «Sunny days Resort» демалыс аймақтары қолданысқа беріліп, туристер үшін тағы 84 нөмір мен 300-ден астам орын қосылды. Жыл соңына дейін «Premium Villa Balkhash», «SunDay», «SULTAN» және «Керемет» нысандары іске қосылмақ. Олардың жобаларына шамамен 2,7 млрд теңге инвестиция салынады. Көгілдір айдын жағасында төрт жұлдызды қонақүй салу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Балқашқа жету жолы да жеңілдей түскен.

– Сарыарқаның туристік әлеуетін жазғы жағажаймен ғана шектеуге болмайды. Балқаш пен Қарқаралының танымал бағыттарына Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай, Нұра, Осакаров аудандары мен Приозерск қаласының жаңа туристік нүктелері қосылуда. Өңірде бүгінде 115 туристік маршрут бекітіліп, олар облыстың цифрлық платформалары мен Visit Qaraganda ақпараттық ресурсында жарияланған. Саланы кәсібилендіру бағытында гидтер даярланып жатыр. Шетелдік туристерге Tax Free қызметі ұсынылады. Бизнес болса, туризмнің төрт маусымда да жұмыс істейтін моделіне назар аударуда. «Premium Villa Balkhash» жыл бойғы демалыс форматына бағытталса, «Winter Balkhash» жобасы қыс пен маусымаралық кезеңді қамтып, экологиялық, сауықтыру, гастрономиялық және этномәдени бағыттарды дамытуды көздейді, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Жол, байланыс, жайлылық

Жаңғыртудан өткен қалалық әуежай 1 маусымнан қайта жұмыс істеп, жаз бойы Астана мен Алматыдан субсидияланған рейстер қабылдады. Әуе қатынасын шамамен 16 мың жолаушы пайдаланған.

Теміржол бағыты да назардан тыс қалған жоқ. «Қарағанды-Балқаш» пойызына қосымша алты вагон тіркеліп, 13 мыңнан астам жолаушы тасымалданды.

Жағалау көркі де біртіндеп түрленіп келеді. Барковский, Тораңғалық пен Шұбартүбекте санитарлық модульдер, душтар, киім ауыстыратын кабиналар, қоқыс жәшіктері және навигациялық белгілер орнатылды. Үш курорттық елді мекенге ортақ дизайн-код әзірленді. Бертіс шығанағы тазартылып, «Балқаш-Тораңғалық» магистральдық су құбырының құрылысы жалғасып жатыр.

Қазір демалыс орындарының сапасы ғана емес, байланыс сапасы да туристік инфрақұрылымның бір бөлігі деп есептеледі. Осы мақсатта Шилиауз бен Шұбартүбек маңында жеке инвестиция есебінен екі антенна-діңгек құрылымы салынды. Шилиауз шағынауданында тағы бір базалық станса іске қосылмақ.

Ал, Балқаштың туристік күнтізбесін «Balkhash Tourfest» фестивалі айшықтай түсті. Екі күнге созылған шараға 75 мыңнан астам адам қатысып, ол республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесінен орын алды. Жаз бойы концерттер мен спорттық жарыстар, көрмелер мен отбасылық бағдарламалар жалғасып, 20-дан астам іс-шараға шамамен 50 мың адам жиналды.

Көл жағасындағы көне шаһардың толайым тарихы өндіріс шежіресімен қатар, сапар мен саяхаттың да өрнегін қалыптастыра бастады.

Кенет аңызға айналған асулар

Кенет аңызға айналған асуларды кешкіңіз келсе, Қарқаралының қарағайлы беліне жол тартыңыз. Мұнда тау бар, орман бар, мөлдір көл бар. Ал, әрқайсысының қойнауында ғасырлардан жеткен бір сыр бұқпантаптайды.

Бүгінде Қарқаралы ауданында қырыққа жуық демалыс орны жұмыс істеп, бір мезетте үш мыңға дейін адамды қабылдай алады. Туризмнің өріс алуы жергілікті жұртқа да жаңа кәсіп көзін ашып отыр. Осы бағытта 300-ден астам тұрғын еңбек етеді.

Жыл ішінде ауданның туристік шежіресіне жаңа атаулар қосылды. «Аймақ» демалыс аймағы, «Тау» қонақүйі, «Family House» кешені мен «Keruen Inn» есігін айқара ашты. Бұған қоса, бұрыннан жұмыс істеп тұрған демалыс орындары мен тамақтану нысандары жаңғыртылуда.

Қарқаралының келешегінен үлкен үміт күттіретін мекеннің бірі – «Бұғылы». Қазір атаулы рекреациялық аймақта су мен кәріз, электр мен байланыс желілері тартылып жатыр. Табиғаттың берген көркін өркениетті инфрақұрылыммен ұштастыру – жаңа туристік мекеннің келешегін айқындайтын басты шарттардың бірі.

Ал, Қарқаралы ұлттық табиғи паркі – өлкенің табиғи шежіресінің алтын өзегі. Ұзындығы 70 шақырымнан асатын төрт бағыт қазірдің өзінде туристерді қабылдап отыр. «Шайтанкөл көлінің аңыздары», «Үш үңгір», «Тас ертегі», Кент тауларындағы «Тарихи ескерткіштер» – атауының өзі сапарға шақыратын соқпақтар. Келешекте олардың қатары «Екі қазан» және «Тас қақпа» бағыттарымен толығады.

Стандартқа сай сервис

Әлбетте, сапар жолдан басталады. Жолаушының көңіл күйі межелі мекенге жеткенде емес, жолға шыққан сәттен қалыптасады. Сондықтан туризмнің бір өлшемі – көрікті жердің өзі болса, екіншісі – сол жерге бастар жолдың жайы болмақ.

Аймақтағы республикалық маңызы бар автожолдарда бүгінде 106 жол бойындағы сервис нысаны қызмет көрсетеді. Оның 94-і ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. Туристік бағыттардағы жағдайды жақсартуға да мән беріліп отыр.

Заманауи саяхатшы үшін жолдың тағы бір маңызды серігі – байланыс. Мұндай бағытта да жұмыс қарқынды. Шұбартүбек, Тораңғалық және Қарқаралы маңындағы «Каскад» демалыс аймағында жаңа базалық стансалар іске қосылды. «Шахтер», «Жемчужина» және «Берлога» демалыс орындарындағы байланыс стансалары жаңғыртылды.

Келер маусымға дейін Балқаш маңындағы демалыс орындарына тағы үш станса орнату жоспарланған. Шұбартүбектегі «Лагуна» аумағында да жаңа базалық станса бой көтермек. Ал, Балқаш бағытына тартылған тасжол бойында тағы алты байланыс нысаны пайда болады. Туристік маусымда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.

Алматыдан келген турист Асхат Жандосов Балқашты өз көзімен көріп қайтқысы келгенін жасырмады.

– Кейбір жерге «бардым» деу үшін ғана барасың. Әлдебір мекенге қайта оралғың келеді. Шынымды айтсам, Балқаштан бай әсер аламын деп ойламап едім әу басында. Жағалаудағы жайлы орындар мен кофе иісі көнерген көзқарасымды жаңалап тастағандай. Сонда бұрынғы таным-түсінігімнің тым жұтаң болғанын ұқтым. Әйтеуір, көпке дейін үй жаққа қайтқымыз келмеді. Келесі жылы қыста тағы келуді жоспарлап отырмын. Қар құрсауындағы даланың көкжиекпен астасқан тұсын өз көзімізбен көргіміз келеді, – деп жылы лебіз білдірді Асхат.

Дөңгеленген дүние дидарына бір сәт ой жүгіртсеңіз, шекпендей ғана әсер алатыныңыз анық. Шыр айналған уақыт ағымы кім-кімді болсын, бір ауық әсем жерге тарта жөнелетіні және бар.

Асқарларды бағынтқан көңілдерді, жүректерді бағындырып келе жатқан Арқа атырабының құшағы оттай ыстық. Байырғыдан құдіретін тауып, өзіндік бөгенайымен шартараптың назарын өзіне тартып тұр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button