«Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау басталды
Қазақстанда «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарына өтінім қабылдау басталды. Биыл қос марапатқа 10 жыл толуына байланысты мерейтойлық шара Qazaqstan Media Awards аясында ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен өтетін байқауға республикалық және өңірлік телеарналар, радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады. Журналистер, тележүргізушілер, медиажоба авторлары, редакциялар мен шығармашылық ұжымдар да өз жұмыстарын ұсынуға мүмкіндік алады.
Конкурсқа 2025 жылғы 18 қыркүйек пен 2026 жылғы 18 қыркүйек аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар қабылданады. Өтінімдерді 18 қыркүйек пен 2 қазан аралығында QMA.kz ресми сайты арқылы беруге болады.
Байқау екі бағыт бойынша өтеді.
Телевизиялық журналистика:
- Үздік тележүргізуші;
- Үздік телевизиялық материал;
- Үздік телесериал;
- Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама;
- Үздік деректі жоба;
- Қоғамдық жауапкершілік саласындағы үздік жоба.
Баспа, интернет және радио журналистикасы:
- Жылдың үздік журналисті;
- Жылдың үздік материалы;
- Үздік талдамалық материал;
- Үздік медиажоба;
- Үздік радиожоба;
- Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба.
Биыл байқауға алғаш рет жасанды интеллект бағытындағы арнайы номинация енгізілді. Ол медиадағы жаңа технологияларды қолдануға бағытталған жобаларды қамтиды.
Конкурстық жұмыстарды журналистер, медиа саласының мамандары мен сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



