Арқаның құшағы әрдайым ашық
Бүгінде әлемнің көптеген елінде саяхат индустриясы экономиканың маңызды қозғаушы күшінің біріне айналды. Туризмнің өркендеуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беріп отыр. Саяхатшылар легі артқан сайын қызмет көрсету саласы да жанданып, өңірлердің экономикалық әлеуетін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік туды. Қазақстанда да туризмге деген көзқарас өзгеріп, жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Табиғи ландшафты мен тарихи-мәдени мұрасы, туристік бағыттарының сан алуандығы жағынан Қарағанды өңірінің әлеуеті айрықша. Бүгінде өңір туризмді экономиканың жаңа белесіне қадам басып, жандану жолына түсті.

Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Соңғы жылдары Қарағанды өңірінде туризмнің тынысы кеңейіп, даму қарқыны айқын сезіле бастады. Туристік ағынның артуы, инвестиция көлемінің еселеп өсуі, жаңа демалыс орындары мен орналастыру нысандарының бой көтеруі – соның нақты көрінісі. Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірге 191 мыңнан астам турист келген. Әсіресе, шетелдік қонақтар легінің өсуі көңіл аудартады. Жарты жыл ішінде облысқа келген шетелдік туристердің саны 16,7 пайызға артып, 9,6 мың адамға жетті.
– Қарағандыға табан тіреген шетелдік қонақтардың географиясы да кең. Олардың арасында көршілес Ресейдің азаматтарымен қатар, Қытай, Германия, Польша, Корея Республикасы, Испания және басқа да мемлекет тұрғындары бар. Нақтырақ айтсақ, Ресейден 4 099 адам келсе, Қытайдан 2 922 турист келген. Осыған қарап, өңірдің халықаралық туристік байланыстарының кеңейіп келе жатқанын аңғаруға болады, – деді облыстың туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Өңірдің туристік әлеуетін бір ғана бағытпен шектеу мүмкін емес. Өйткені, өңірдегі әр ауданның өзіндік табиғи болмысы, тарихы мен туристік келбеті қалыптасқан. Бірінде ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи орындар болса, енді бірінде табиғаттың тұмса көрінісімен баурайды.
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы орналастыру орындарының саны 5,8%-ға өсіп, 293 нысанға жетті. Туризмнің өңір экономикасына әсерін қаржылық көрсеткіштер де айқын көрсетіп отыр. Жыл басынан бері орналастыру орындары көрсеткен қызметтерден түскен кіріс 4,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға өскен. Одан бөлек, туризм саласына жыл басынан бері жеті айда 5,3 млрд теңге инвестиция құйылды. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 4,7 есеге артқан, – деді Ирина Любарская.
Жыл басынан бергі сегіз айда туризм саласында жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрайтын 30 жоба қаржыландырылып, мақұлданды. Қаржыландыру кәсіпкерлердің жаңа жобаларын жүзеге асыруына, қолданыстағы нысандардың мүмкіндігін кеңейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруына, туристерге ұсынылатын қызмет түрін көбейтуіне жол ашып отыр. Ал, басқарма басшысы өз сөзінде туризмді дамытудың мәні тек туристер санын арттырумен шектелмейтінін атап өтті.
– Туризмді дамыту дегеніміз – ауылдар мен аудандардың инфрақұрылымын жетілдіріп, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау. Жаңа жұмыс орындарын ашу, тарихи және табиғи нысандарды насихаттап, өңірдің танымалдығын арттыру деген сөз. Ең бастысы – туған өлкенің мүмкіндігін сырт көзге таныту. Өңірдің бұл бағыттағы мүмкіндігі мол. Кең дала төсіндегі тарихи орындар, Қарқаралының көркем табиғаты, Балқаштың жағалауы, Ұлытау өңірінің рухани-тарихи мұрасының бәрі бір-бірін толықтыратын туристік ресурстар. Қазір әлемдік туристің талғамы да өзгеріп келеді. Көпшілік үшін жай ғана демалып қайту жеткіліксіз. Саяхатшы барған жерінің тарихын біліп, табиғатын көргісі келеді. Жергілікті мәдениетпен танысып, ерекше әсер алғысы келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды облысының өзіндік артықшылығы бар, – деді Ирина Любарская.
Туризмнің шын мәніндегі табысы туристің бір рет келуімен емес, керісінше, қайта оралуға деген ықыласымен өлшенеді. Ал, оған апаратын жол – көркем табиғат, мазмұнды тарих, қолайлы инфрақұрылым, сапалы қызмет және қонақжайлылық. Бүгінде осы мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстырып, оны жаңа идеялармен толықтыру, турист үшін өңірдің әрбір бұрышын жаңа қырынан таныту міндеті тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


